Accessibility links

Сабақтың ерте басталуына ата-аналар наразы


Астаналық оқушылар Олимпиада күні құрметіне жарысқа жиналған кез. Астана, 6 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Астаналық оқушылар Олимпиада күні құрметіне жарысқа жиналған кез. Астана, 6 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Астаналық кей мектептерде сабақ таңғы 7:40-та басталады деген хабар тарады. Қалалық әкімшілік мұны «көше-жол желісіне түсетін жүктемені» шешу амалы ретінде түсіндіреді.

Астана қаласының тұрғыны Жанар Әлімжан «66-мектепте сабақ таңғы сағат 7:40-та басталады» деген ақпаратты естіген соң көңілі бұзылғанын айтады. Оның сөзінше, төрт оқушы баласын мектепке кешіктірмей жеткізу үшін «кешкі сағат 9-да ұйықтатып, таңғы 6-да тұрғызуы керек».

– Кешкі 9-да қай бала ұйықтай қойсын? Екі балам кешкісін бассейнге барып жүр. Олар үйге келгенше сағат 8-8:30 жарым болып кетеді. Ентіктерін басқанға, тамақ ішкенге біраз уақыт керек. Жаттығудан келе сала бірден жатып ұйықтай алмайды. Ал бассейнге ерте жазыла алмаймыз, себебі кезек көп. Сабақ уақытының өзгеретіні көп қолайсыздық тудырады, – дейді Жанар Әлімжан.

«СЕБЕП – КӨШЕ-ЖОЛ ЖЕЛІСІНЕ ТҮСЕТІН ЖҮКТЕМЕ»

Астананың 17 мектебінде сабақ кестесі өзгеріп, оқу таңғы сағат 7:40-та басталады деген хабар кеше Facebook әлеуметтік желісі арқылы тарай бастаған.

Интернет қолданушылардың бірі басына «Білім ұйымдарының басшыларына» деген тақырып, соңына «басшы Э.Суханбердиева» деген адамның есімі жазылған, ешқандай қол қойылмаған, мөр басылмаған хаттың көшірмесін жариялаған. Ол хатта «көшенің жол желісіне түсетін жүктемені азайту мәселесін шешу үшін, көпшіліктің сұранысын қанағаттандыру мақсатында негізгі жолда орналасқан жүктеулі мектептердің кестесіне өзгерістер енгізіліп, оқу жұмысын 7:40-та бастауды қарастыруды» ұсынған. Хатта «ата-аналар мен оқушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу» де тапсырылған.

Астанадағы орта мектептің бірі.

Астанадағы орта мектептің бірі.

Азаттық тілшісі бұл хатта айтылған жайттың анығын білмекке Астана қалалық білім басқармасына хабарласқан еді. Басқарма кейбір мектептердің директорларына «сабақты таңғы сағат 7:40-та бастау бойынша жұмыс режиміне өзгерістер енгізуді талқылауды тапсырғанын» ғана айтты.

Астана қалалық әкімшілігінің баспасөз қызметі де мұндай ұсыныс болғанын растады.

«Астана LRT» ЖШС мониторинг жүргізіп, маршруттар мен көліктер бойынша елорданың көше-жол желісіне түсетін жүктемені анықтады. Аталмыш маршруттар № 1, 3, 5, 6, 17, 31, 35, 38, 50, 53, 54, 56, 59, 60, 66, 70, 75 мектептер орналасқан аудандардан өтеді. Мәселені шешу үшін аталған оқу орындарында сабақты бастау уақытын өзгерту ұсынылды» дейді қалалық әкімшіліктің баспасөз қызметі.

Әкімшіліктің дерегінше, Астана қаласының мекемелерінде, кәсіпорындарында және ұйымдарында жұмыс уақытын өзгерту мүмкіндігі де қаралып жатыр.

«ЕЛДІҢ ПІКІРІМЕН САНАСАТЫН КІМ БАР ҚАЗІР?»

«Сабақ уақыты өзгереді» делінген мектептердің кейбірінің басшылары ол жаңалық жайлы жауап беруден бас тартты, бірен-сараны «бұл – әлі шешілмеген, ата-аналар жиналысынан соң белгілі болатын мәселе» екенін ғана айтты.

Сол мектептердің бірінің аты-жөнін атамауды өтінген мұғалімі де басшылықтан «бұл өзгерісті ата-аналарға түсіндіріңдер, келістіріңдер» деген бұйрық алғанын хабарлады. Ол сабақтың ерте басталғаны өзіне тиімсіз екенін айтады.

Қазақстан президентінің инаугурациясы өткен күні автобус күтіп тұрған оқушылар мен студенттер. Астана, 29 сәуір 2015 жыл.

Қазақстан президентінің инаугурациясы өткен күні автобус күтіп тұрған оқушылар мен студенттер. Астана, 29 сәуір 2015 жыл.

– Қаланың оң жағалауынан сол жағалауындағы мектепке келіп жұмыс істеймін. Жол жөнекей балабақшаға баламды тастаймын. Енді оны ерте тұрғызып, балабақшаға ерте алып барып, сағат 7:30-да жұмысқа үлгеріп келу тіптен қиындамақ, – дейді мұғалім.

Сабақ таңғы 7 сағат 40 минутта басталады делінген мектептердің бірінің – 59-мектепте оқитын оқушылардың ата-аналары Азаттық тілшісімен сөйлескенде «біздің мектепте сабақ уақыты өзгермейтін болды» деді.

– WhatsApp хат-хабар алмасу желісіндегі ата-аналар тобында «қалалық мәслихат шешімімен мектептердегі сабақ уақыты өзгермейді» деген ақпарат тарады, – дейді олар.

Бірақ қалалық мәслихаттың хатшысы мәслихат отырысында бұл мәселе мүлдем қаралмағанын хабарлады.

Ал төрт баласы бірдей 66-мектепте оқитын Жанар Әлімжан мектеп басшылығы бүгін кешке осы мәселе бойынша ата-аналарды жиналысқа шақырғанын айтады.

– Мұғаліміміз: «Қарсы болсаңдар, пікірлеріңді ашық айтыңдар. Бірақ біз айтты демеңдер» деп жатыр. Әрине, қарсымыз. Алайда елдің пікірімен санасатын кім бар қазір? – дейді Жанар Әлімжан.

Астана қаласындағы 90-ға жуық мектепте 105 мыңдай оқушы білім алып жатыр. Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, биылғы оқу жылында ел бойынша 2 миллион 600 мың бала мектепке барған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG