Accessibility links

Оқушыны ойын-сауық орталығына апаруға ата-ана наразы


Мектеп оқушыларын ойынға апару
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:55 0:00

ВИДЕОСЮЖЕТ: Мектеп оқушыларын ойынға апару

Астанадағы кей мектеп оқушыларын «мәжбүрлі түрде» ақылы ойын-сауық орталықтарына апаруға ата-ана наразы. Ал директор «ондай шараларды ата-аналар өтінішімен» ұйымдастырғандарын айтады.

Сәуірдің 8-і күні Астанадағы №59 орта мектептің 1 және 2-сынып оқитын шамамен 110 оқушысы жалдамалы арнайы автобуспен және жол-патрульдік полициясы көлігі бастауымен қала шетіндегі «Аружан» сауда орталығына барды.

Оқушыларды сауда орталығына әкелген мұғалімдер Азаттық тілшісіне қандай да ақпарат беруден бас тартты. «Аружан» сауда үйіндегі «Star play» ойын-сауық орталығына Азаттық тілшісі де оқушылармен бірге кіріп, мекеме өкілдерінен пікір алмақ болды. Бірақ өздеріне «оқушылардың жиі келетінін және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жақсы демалуына жағдай жасайтынын» айтқан сауда орталығы өкілі бұдан өзге ақпарат беремейтінін айтып, өзін фотоға және видеоға түсіруге қарсы екенін мәлімдеді.

Аты-жөндерін көрсетпеуді өтінген кейбір ата-аналар №59 мектептің оқушыларды осындай ойын-сауық орталықтарына жиі апратынын, сол үшін ата-аналардан мәжбүрлі түрде 1800 теңгеден жинайтынын айтады.

«ДАЛАҒА ШЫҚПАЙТЫН БАЛАЛАРДЫ АПАРДЫҚ»

Ал №59 мектеп директоры Зәуре Жүсіпова оқушылардың түрлі орталықтарға барып тұратынын мойындайды. Бірақ «мәжбүрлі түрде оқушыны бір жаққа алып бару және ондай шараға ата-анадан ақша жинау заңға қайшы» дейді.

№59 мектеп директоры Зәуре Жүсіпова. Астана, 8 сәуір 2016 жыл. Азаттық видеосынан алынған скриншот.
№59 мектеп директоры Зәуре Жүсіпова. Астана, 8 сәуір 2016 жыл. Азаттық видеосынан алынған скриншот.

- Балалар сабақтан соң, пәтерлеріне кіреді, содан далаға шықпайды. Сондықтан, бүгінгі шараға ата-аналар өтінішімен, балалар көптен ешқайда шықпағандықтан орынбасарым рұқсат берген. Әйтпесе [мұғалімдер] өткізетін шаралар бастан асып жатыр,­ - деп мәлімдеді директор.

Бірақ Зәуре Жүсіпова балалардың далаға шықпайтынын қашан анықтағандарын да, анықтау тәсілдерін де айтқан жоқ. Оның сөзіне қарағанда, ойын-сауық орталығына бару оқушылардың сабақ кестесіне «кедергі келтірмеген». Өйткені түске дейін оқитын 1-сынып оқушылары соңғы тәрбие сағатынан босатылған. Ал түстен кейінгі ауысымда оқитын 2-сынып оқушылары сабақ 14:00-ге дейін сабаққа «келіп үлгереді».

Алайда Азаттық тілшісі сағат түскі 12-де ойын-сауық орталығына кеткен оқушылардың мектепке түстен кейін, сағат 15:03-те келгенін көріп, мектеп алдына балаларын алып кетуге келген ата-аналардан пікір сұрауға тырысты.

Осы сәтте аты-жөнін айтудан бас тартқан белгісіз кісілер мектеп ауласының сыртында ата-аналардың тілшімен тілдесуіне кедергі келтіріп, «ештеңе айтпауға нұсқау» беріп, белсенді болып жүріп алды.

Астана қалалық білім басқармасы өкілі Гульфара Сарамбетова. Астана, 8 сәуір 2016 жыл.
Астана қалалық білім басқармасы өкілі Гульфара Сарамбетова. Астана, 8 сәуір 2016 жыл.

Мұнан соң Азаттық тілшісі оқушыларды сауда орталықтарына апару және ата-аналардан ақша жинауға қатысты сауалдарға жауап алу мақсатында Астана қалалық білім басқармасына барды. Басқарма өкілі Гульфара Сарамбетова №59 мектеп оқушылары ойын-сауық орталығына «сабақ уақытында барған жоқ» деп санайтынын білдірді. Дегенмен ол «бұл жағдай қосымша тексерілетінін» айтады.

- Каникул кезінде балаларды оқушылар сарайы, театр, музейлерге тегін апару үрдісі бар. Ол ата-анаға алдын ала хабарланады. Мұғалімдер оқушыларды бастап жүреді. Арнайы көлік алынады. Қауіпсіздік үшін жол полициясы жүреді. Ал ақылы ойын-сауық орталықтарына оқушыларды алып баруға басқарманың қатысы жоқ. Ол - ата-аналар бастамасы. Ата-ана ұсынысына мектеп келіссе, бұл жерде қайшылық жоқ, - дейді ол.

«БИЗНЕСТІҢ ТҮРІ»

Азаттық тілшісі ойын-сауық орталықтарына оқушыны мұғалімдердің апаруына қатысты көшедегі қала тұрғындарының пікірін де сұраған еді. Олардың кейбірі мектептегі ақша жинауға наразы болса, енді бірі баласының ойын-сауық кешеніне барып, сергіп қайтуын теріс көрмейтінін мәлімдеді.

Оқушыларды ойын-сауық кешеніне апаруға ақша жинауға наразы Гүлмира есімді әйел. Астана, 8 сәуір 2016 жыл.
Оқушыларды ойын-сауық кешеніне апаруға ақша жинауға наразы Гүлмира есімді әйел. Астана, 8 сәуір 2016 жыл.

Гүлмира есімді Астана тұрғыны 14 жастағы баласын ойын-сауық орталығына мектептің жиі апаратынын, оған мәжбүрлі түрде 500, 1000 теңгеден жинайтынын, бермесе баласына мұғалімдердің «басқаша қарайтынын» айтады.

Ал зейнеткер Қайыргелді немересін мектеп мұғалімдері ойын-сауық орталығына апаруға қарсы емес.

- Үйде немере қарап отырмын. Әке-шешесі жұмыста. Қолдары тимейді. Немерем менімен отыра бергеннен іші пысады. Басқа балалармен бірге ойнап келгені жақсы. Тынығып қаламын, - дейді зейнеткер.

Марат есімді жігіт «сол ақшаға сауда орталықтарына емес, театрлар мен музейлерге апарса жақсы болатын ба еді» деген пікірін білдірді. Ал Эльвира есімді тұрғын оқушыларды мұғалімдердің сабақтан кешіктіре отырып, ойын-сауық орталығына алып баруын «біреудің бизнесі» деп біледі.

- Бұл біреудің бизнесі ғой. Мектеппен жасырын келісіп алып, көп ақша табу үшін балаларды осылай апарып жүр,- дейді ол.

Алайда №59 мектеп директоры Зәуре Жүсіпова ешқандай ойын-сауық орталығымен «жасырын келісімге тұрмағанын», оқушыларды сауда орталықтарындағы ойын-сауық кешендеріне «тек ата-аналар өтінішімен» және «солардың ақшасына» алып баратындарын айтады.

Астана әкімдігі сайтындағы дерек бойынша, қалада жалпы саны 88 мектеп бар. Онда 105 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр.

XS
SM
MD
LG