Accessibility links

Украинадағы қақтығыстың ШЫҰ-ға да әсері сөз болды


ШЫҰ елдері үкіметі басшылары кеңесінің жиыны. Астана, 15 желтоқсан 2014 жыл.
ШЫҰ елдері үкіметі басшылары кеңесінің жиыны. Астана, 15 желтоқсан 2014 жыл.

Бүгін Астанада ШЫҰ елдері үкіметі басшылары кеңесінің жиыны өтті. Сарапшылар Ресейдің бұл ұйымдағы белсенділігі артқанын айтады.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдер өкілдерін қабылдаған Қазақстан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінше, бұл ұйым «саяси салмақ пен экономикалық қуатқа ие болып келе жатыр»

«Ұйым әуелі тұрақтылық үшін, өзара территориялық даулар болмауы үшін, қазіргі замандағы үш зұлымдыққа – сепаратизм, экстремизм мен терроризмге қарсы бірге күресу үшін жұмыс істейді» деді Қазақстан президенті.

Ақпарат агенттіктері дерегінше, ШЫҰ елдері үкімет басшылары кеңесінің жиынына қатысқан Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов ұйымға мүше елдер өзара есеп айырысуда ұлттық валюталарына жүгінуі мүмкін екенін айтқан.

Азаттыққа пікір білдірген сарапшылар Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мүше бұл ұйымның белсенділігі артқанын, оның бірнеше себебі барын айтады. Олардың кейбірі ШЫҰ-ның «үш зұлымдықпен» күресі күшейеріне сенеді, енді бірі Қазақстанға бұл ұйымның пайдасы тиіп жатқанына күмән келтіреді.

Асқар Нұрша, саясаттанушы

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ елдері үкіметтері басшыларын қабылдап отыр. Астана, 15 желтоқсан 2014 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ елдері үкіметтері басшыларын қабылдап отыр. Астана, 15 желтоқсан 2014 жыл.

– Украинадағы жағдай, одан кейінгі Батыспен арадағы қарым-қатынастың сууы Ресейді Қытаймен қарым-қатынасын күшейтуге итермеледі. Ресейге қатысты санкцияға байланысты Кремльдің сыртқы саясатында ШЫҰ-ның мәні артты. Мәселен, биыл қыркүйекте Ресей ШЫҰ істеріне қатысты арнайы өкілдерін ауыстырды. Осы арқылы Ресей ШЫҰ-дағы белсенділігін жандандырмақ. Бұған дейінгі жылдарда ШЫҰ-дағы жобалар ресми түрдегі мәлімдемелермен шектеліп келген. Ал енді Украинадағы жағдайдан кейін ұйымға мүше елдер арасындағы қауіпсіздік мәселесі жанданатыны анық. Украинадағы қақтығыстың ШЫҰ-ға әсері біршама үлкен болмақ. Бұл ШЫҰ әскери реңк алады деген сөз емес, ұйымға мүше елдер арасындағы өзара келісімділік пен үйлестіру мәселесі бірінші кезекке шығады. Яғни сепаратизм, экстремизм және терроризммен күрес күшеймек.

Петр Своик, саясаттанушы

Бірақ бейреми кездесуде маңызды тақырыптың бірі Украина болатыны сөзсіз.

– ШЫҰ елдері басшылары Астанадағы кездесуінің ресми күн тәртібінде Украинадағы қақтығыс жайлы сөз жоқ. Бірақ бейреми кездесуде Украина тақырыбы маңызды тақырыптың бірі болатыны сөзсіз. Олар мүлдем басқа тақырыпты талқылап жатқандай сыңай танытады, алайда ұйымға мүше елдердің осылайша бірігуі – олардың позициясын айқындамақ ниетте екенінің көрсеткіші.

Жасарал Қуанышәлин, оппозициялық саясаткер

ШЫҰ ең алдымен Қытай мүддесіне қызмет етеді.

– Бұл ұйымның құрамына кіретін мемлекеттердің өзара қарым-қатынасында бірталай түйткіл бар. ШЫҰ-дағы негізгі күш – Қытай, сондықтан бұл ұйым ең алдымен Қытайдың мүддесіне қызмет етеді. Бұл ұйымдағы Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасына келсек, Астананың ұтқанынан ұтылғаны әлдеқайда көп. Мәселен, Қазақстанның мұнайы саласында ең сүбелі үлес – Қытайдыкі. Мұндай жағдайда Қазақстан ШЫҰ-дан пайда тауып жатыр деп айтуға аузым бармайды, зиян шегіп жатыр деуге негіз бар.

XS
SM
MD
LG