Accessibility links

Астана әкімі үлескерлердің үмітін үзді


Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов ЕҚЫҰ саммитінде. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов ЕҚЫҰ саммитінде. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.

Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов алданып қалған үлескерлерге көмек көрсете алмайтынын айтты. Аса мұқтаж адамдарға бір пәтерлерін ғана беретінін ескерткен әкім «қалған пәтерлеріңді өздерің соттасып өндіріп алыңдар» деген «ақыл» айтты ақпанның 17-сі күні жылдық есептік жиынында.


Өткен жылы Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы болған уақытта Астанада 140 күн бойы ашық жариялаған үлескерлердің талабына Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов бейсенбі күні ғана жауап берді.

«АЙТУҒА ТУРА КЕЛГЕН» ӘҢГІМЕ

«Бұл туралы айтқым келмеген еді» деген Астана әкімі үлескерлердің сауалына есеп беру жиынында жауап бергісі келмегенін жасырмады.

– Бұл туралы айтқым келмеген еді, бірақ айтуға тура келіп тұр. Мемлекет басшысы экономикалық қиын жағдайға қарамастан біздің қаладағы аяқталмай қалған құрылыстарға қыруар қаржы жұмысады. Құрылыс жұмысы аяқталмай қалған 227 нысан үшін үш жылға 130 миллиард теңге бөлді. Бұл деген миллиард долларға жуық. Осыны ойлаңыздар, – дейді Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов.

Астана әкімінің айтуынша, былтырғы аштық жариялау науқанына қатысқан үлескер азаматтардың кейбірінің Қазақстанның басқа қалаларында
Үлескерлер 140 күн бойы кезектесіп аштық жариялаған тұрғын-үй кешені. Астана, 3 желтоқсан 2010 жыл.
баспаналары бар, ал енді біреулерінің жер телімдері де жоқ емес.

Осы сөзіне біраз мысал келтірген Иманғали Тасмағамбетов бірнеше баспанасынан айырылып қалған үлескерлерге мемлекеттің көмектесе алмайтынын айтты.

– Сіздер мынадай жағдайға тап болып қалғанда мемлекет «көмектесеміз» деді. Біз сіздерге салынып, аяқталған бір-бір пәтерді береміз. Ал қалған пәтерлеріңізді сот арқылы алдап кеткен адамдардан өндіріп алыңыздар, – деді Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов.

«ӘКІМ БҰРЫН БАСҚАША СӨЙЛЕГЕН ЕДІ»

«Лайықты баспана үшін» қоғамдық бастамасының жетекшісі Зәуреш Батталова «Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов бұрын басқаша сөйлеген еді» дейді. Оның айтуынша, экономикалық соттардың шешімі бойынша үлескерлердің ісі қиын деп мойындалып, үлестері толықтай тұрғын үй-құрылыс кооперативтеріне өткен. Кейін ол үлестер осы кооперативтер мен «Жаңа құрылыс» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны арасындағы келісім бойынша «Жаңа құрылысқа» өткен.

– 2008 жылы үлескерлерге «құрылыс иелерін сотқа беріп, жеңіп шықсаңдар, бар шаруаларыңды шешеміз» деп уәде еткен. Үлескерлер солай етті. Сотқа беріп, ұтып алғандарын түгел «Жаңа құрылысқа» өткізді. Оған қоса сотқа арызданған үлескерлердің өздері емес, Астана қаласының прокуратурасы болатын. Ол құжат Қазақстанның әділет министрлігінде дайындалған, – дейді Зәуреш Батталова.

Оның ойынша, Иманғали Тасмағамбетов басқарған Астана әкімшілігі, Қазақстан үкіметі, экономикалық соттар мен прокуратура жұртты алдаған. «Үлескерлер «екінші тарап соттың шешімін орындайды» дегенге сеніп, екі
«Лайықты баспана үшін» қоғамдық бастамасының жетекшісі Зәуреш Батталова үлескерлердің қарсылық шарасында. Астана, 9 қыркүйек 2009 жыл.
жыл бойы ешқандай шара өткізбей отыра берді» дегенді айтады Зәуреш Батталова.

– Үлескерлер мен құрылыс компаниялары арасындағы шарттың бұзылғаны енді белгілі болды. Олардың ешқандай құқы жоқ, – дейді Зәуреш Батталова.

Зәуреш Батталованың ойынша, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің бүгінгі мәлімдемесі – алдын-ала дайындалған әрекет. «Дайындап қойған адамдары керекті сауалды қойды. Әкіммен кездесуге барған өкілдеріміз сұрақ қойып та үлгермеді» дейді «Лайықты баспана үшін» қоғамдық бастамасының жетекшісі Зәуреш Батталова.

ҮЛЕСКЕРЛЕР СӘУІРДІ КҮТПЕЙДІ

Естеріңізде болса, былтыр астаналық 200-ге тарта үлескер мен борышкер 140 күн бойы аштық жариялаған. Ақыры төрт жарым ай бойы талаптарына еш селт етпеген биліктен күдер үзіп өткен, жылдың желтоқсан айында аштық акцияларын тоқтатқан. Бірақ биліктің назарын аударатын жаңа әрекеттерін осы жылғы сәуірдің ортасына қарай бастайтындарын айтқан.

Қазір олар Қазақстанда өткелі жатқан кезектен тыс президент сайлауына байланысты «наразылық шараларын сәуірден бұрын бастаймыз» дейді.

– Сайлауға дайындық науқаны басталып кетті. Сол себепті бүкіл жерде қазір үгіт-насихат жүріп жатыр. «Нұрсұлтан Әбішұлына дауыс беріңдер» дегенді тіпті мектептерде жасап жатыр. Енді біз ол кісіге қалай дауыс береміз – егер өзінің азаматтарын осылай далаға тастап жатса, өз азаматтарының құқығы жерге тапталып жатса, – деді «Лайықты баспана үшін» қоғамдық бастама үйлестірушісі Ардақ Бижігітов Азаттық тілшісіне.

Сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевқа «енді қалай дауыс берерін» білмей, «саяси екіұдай күйде жүрген» үлескерлер өкілі: «Нақтылы шешім қабылданған жоқ. Жақын арада жиын өткізіп, не жасайтынымызды ақылдасамыз» деп, сөзін астарлы аяқтады.

Астаналық үлескерлер биылғы наразылық шарасының басы ретінде президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусиннің қабылдауына жазылып қойғандарын да айтады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG