Accessibility links

Борышкерлер жетекшісі таңнан бері полицияға есігін ашпай отыр


Белсенді Есенбек Өктешбаев. Астана, 7 сәуір 2015 жыл.

Белсенді Есенбек Өктешбаев. Астана, 7 сәуір 2015 жыл.

​Астанада борышкерлердің наразылық акциясы әлі жалғасып жатыр. Бүгін олардың жетекшісі Есенбек Өктешбаев акцияға қосыла алмады. Оның есігінің түбінде таңнан бері полицейлер тұр.

Ипотекалық борышкерлердің «Халыққа баспанасын қалдырайық» бірлестігінің жетекшісі Есенбек Өктешбаев пен әйелі Астанада жалдаған пәтерінен таңғы сағат сегізден бері шықпай отыр. Полицейлер келіп, оның Астананың Есіл аудандық ішкі істер басқармасына баруын талап еткен. Өктешбаев «арандатудан» қауіптеніп, полицияға барудан бас тартқан.

- Оларға есік ашпай қойдық. Алматыдан келетін адвокатымызды күтіп отырмыз. Олардың мына бассыздығы туралы Facebook желісінде жаза бастап едім, үйдегі интернет пен жарықты бірден өшіріп тастады, - дейді Есенбек Өктешбаев Азаттық тілшісіне.

Өткен аптада полиция Есенбек Өктешбаевтан ешқайда кетпеу туралы қолхат алған. Ол «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе дiни алауыздықты қоздыру» бабында қарастырылған қылмысқа қатысты күдікті деп танылған. Сәуірдің 16-сі күні алматылық белсенді Қанағат Такеевадан Астана полициясына Есенбек Өктешбаевтың үстінен арыз түскен.

Құпия болғандықтан, іске қатысты деректерді айта алмаймын.

Астана қаласы ішкі істер департаменті басқармасының тергеу департаментінің бастығы Талғат Жұманов Есенбек Өктешбаевқа қатысты жайттарға комментарий беруден бас тартты.

- Құпия болғандықтан, іске қатысты деректерді айта алмаймын, - дейді Талғат Жұманов Азаттық тілшісіне.

Алматы қаласынан Өктешбаевтың адвокаты Гүлнәр Жуаспаева келген. Азаттық тілшісі хабарласқан сәтте ол тергеушімен жолығу үшін Астананың Есіл аудандық ішкі істер басқармасына бара жатқанын айтты.

- Тергеушімен сөйлесіп алмай, ештеңе айта алмаймын. Әзірше істің мән-жайы анық емес,- дейді адвокат Жуаспаева.

Есенбек Өктешбаевтың жұбайы Бақыт Өктешбаеваның айтуынша, адвокат келіп кеткен соң пәтерде интернет пен жарық қосылған.

«Халыққа баспанасын қалдырайық» қозғалысының мүшелері – кезінде ипотекаға баспана сатып алып, бірақ қаржы қиындығына байланысты несиені төлеуге шамасы келмей қалған елдің әр аймағында тұратын борышкерлер. Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу үшін Алматы қаласынан, Оңтүстік Қазақстан облысынан ондаған борышкер сәуірдің 7-сі күні Астанаға келген.

Борышкерлер екі аптадан бері күн сайын Астананың іскерлік орталығындағы Водно-зеленый бульварға келіп жүр. Полиция оларды президент резиденциясына өткізбейді. Өтелмеген несиені жою жөнінде банкпен келісімге келуге биліктен көмек сұраған 30 шақты адам Водно-зеленый бульварында әлі тұр.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG