Accessibility links

Астана келіссөздері мазмұны әзірге белгісіз болып тұр


Астанадағы Сирия келіссөздері өтетін Rixos President Hotel Astana қонақүйін кездесуге әзірлеп жатқан жұмысшылар. Астана, 22 қаңтар 2017 жыл.
Астанадағы Сирия келіссөздері өтетін Rixos President Hotel Astana қонақүйін кездесуге әзірлеп жатқан жұмысшылар. Астана, 22 қаңтар 2017 жыл.

Келіссөздерді өткізіп жатқан Қазақстан Сирия соғысына қатысып жатқан тараптар Астанадағы кездесуде бір келісімге жылдам келе қояды деп аса көп үміттенбейді.

Бұл соғысқа араласып отырған Ресей, Иран, Түркия қақтығысушы тараптарды жақындастыруға тырысады. Алайда алтыншы жылға созылып отырған соғыс жөніндегі бұл келіссөздердің бұлдыр тұстары көп. Келіссөздер қаңтардың 23-і және 24-і өтеді деп жоспарланған.

Келіссөз жүргізетін Ресей өкілі Александр Лаврентьев «Сирия үкіметі және оппозиция өкілдерінің бір-бірімен тікелей немесе араағайын арқылы кездесетіні әлі белгісіз» деп мәлімдеді.

Қазақстандағы Ресей елшісінің кеңесшісі Александр Мусиенко Ресей, Иран және Түркия арасындағы алдын ала жүргізілген келіссөздердің «қиын болғанын, оларға келісімге жақындау үшін әлі де уақыт керек екенін» хабарлады. Ол «Әлбетте, ешкім де бір күн ішінде мәселені шеше алмайды» деді.

Бейбіт келіссөздер Сириядағы соғысты тоқтатуды көздейді. Бұл соғыста 2011 жылдан бері 400 мың адам қаза тапты деген ақпарат бар. Үйлері қирап, соғыстан қашқан жұрттың нөпірі Еуропада босқындар дағдарысына себеп болған.

Соғыстан қираған Алеппо қаласындағы адамдар. 19 қаңтар 2017 жыл.
Соғыстан қираған Алеппо қаласындағы адамдар. 19 қаңтар 2017 жыл.

Ресей мен Түркия бұл соғыста қақтығысушы тараптардың екі басында тұр. Мәскеу Сирия президенті Башар Асадты қолдайды, көтерілісшілерді жақтайтын Түркия Асадтың биліктен кеткенін қалайды. Ресей Асадты қолдау үшін Сирияда әуе шабуылдарын жасауға кіріскен. Ресей мен Түркия Асад билікте қалуы керек пе, кетуі керек пе деген мәселе бойынша келісе алмай келеді.

Сириядағы оппозиция жетекшілері Астанадағы келіссөздердің негізгі мақсаты соғысты тоқтату деп біледі, олар Асадтың келешегін талқылауға құлықсыз.

«Азат Сирия армиясы» (Free Syrian Army – ред.) өкілі Усаму Абу Зейд Al-Jazeera телеарнасына берген сұхбатында «Қазір келіссөздердің барлық тараптары келісіп отырған бір мақсат айқындалды. Ол – қақтығысты тоқтату. Біз де сол үшін келдік» деген.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Астанадағы кездесу қарсаңында «келіссөздердің атысты тоқтатуды көздейтінін, көтерілісшілердің 14 тобы қатысуға келісім бергенін, қалған кейбір топтардың қатыспайтынын» мәлімдеді.

Сирия бойынша БҰҰ өкілі Стаффан де Мистура. Женева, 12 қаңтар 2017 жыл.
Сирия бойынша БҰҰ өкілі Стаффан де Мистура. Женева, 12 қаңтар 2017 жыл.

Астанадағы кездесуге БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура келеді. Ал келіссөздердің келесі сатысы БҰҰ басқаруымен Женевада өтуі тиіс. Кейбір сарапшылар Астанадағы кездесу келесі келіссөздерде болуы мүмкін келіспеушіліктерді жұмсартады деп үміт етеді.

АҚШ мемлекеттік департаменті Астанаға делегация жібермейтінін хабарлады. Бірақ осы елдің атынан Қазақстандағы АҚШ елшісі Джордж Крол өкілдік етеді. Крол бұрын Өзбекстанда елші қызметін атқарып, Беларусь пен Ресейде де дипломатиялық тәжірибе жинаған.

Астана келіссөздерінің қарсаңында Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко журналистерге "келіссөздер форматы әзірге анықталмағанын" хабарлады. Мұнан бөлек, ол "Сирия үкіметі мен оппозиция өкілдері келіссөзде тікелей сөйлесе ме, араағайындар арқылы тілдесе ме - әзірге белгісіз" екенін айтты.

Сирия келіссөздері жабық есік жағдайында өтеді. Баспасөз өкілдеріне келіссөздің басында ғана сурет және хаттама видеосын түсіруге рұқсат етілген.

XS
SM
MD
LG