Accessibility links

Сирия оппозициясы Астанада қандай келісімге келді?


Сирия оппозициясы өкілдерінің Түркиядағы кездесуі. 3 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Сирия оппозициясы өкілдерінің Түркиядағы кездесуі. 3 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Сирия оппозициясының Астанадағы үш күндік келіссөзіне қатысты ешқандай комментарий бермеді. Бірақ қорытынды құжатқа кейбір тараптардың қол қоймағаны хабарланды. Сарапшылар Астанаға келген саясаткерлердің «мықты ойыншы емес» екенін айтады.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі 25 мамыр күні Астанада басталған Сирия оппозициясы келіссөздері туралы үнсіз отыр. Бірнеше күннен бері ведомство баспасөз қызметінен ақпарат алуға тырысқан Азаттыққа олар «келіссөз барысынан хабарымыз жоқ немесе қолымыз тимейді» деген уәж айтумен болды. Кейде министрлік қызметкерлерінің телефоны жауап бермеді.

ТАРМАҚТАР МЕН ШАРТТАР

Ал ресейлік «РИА Новости» агенттігі Астанадағы келіссөз кезінде Сирия оппозициясы өкілдері арасында алауыздық туғанын хабарлады. Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы плюралистік қоғам қозғалысы өкілі Бассам Битардың айтуынша, кейбір саясаткерлер қорытынды құжатқа қол қоюдан бас тартқан.

Плюралистік қоғам қозғалысы басшысы Ранда Кассистің сөзінше, құжаттың шетел жалдамалылары туралы тармағына қатысты дау туған.

Сирия плюралистік қоғам қозғалысы басшысы Ранда Кассис.

Сирия плюралистік қоғам қозғалысы басшысы Ранда Кассис.

«РИА Новости» агенттігі Ранда Кассистің «Аздаған қарсылықтар болды. Біз шетел жалдамалыларының бірі қалмай елден кетуі тиіс деп санаймыз. Бұл – біздің принципіміз, олардың дереу кетуін сұрамаймыз. Бірақ саяси процесс басталу үшін олар елден түбінде кетуі тиіс. Келіссөзге қатысушылардың көбі бұл талабымызбен келісті, бірақ кейбіреулер «Хезболла» қозғалысы да кетуі тиіс деп санайды» деген сөзін келтірген.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі сайтының хабарлауынша, келіссөз жабық есік жағдайында өткен. Сондай-ақ Сирия оппозиционерлері Қазақстаннан Сириядағы дағдарысты реттеу жөніндегі келіссөздерге арағайындық жасауды өтінген соң Астананың оларға диалог жүргізетін алаң ұсынғаны, бірақ келіссөзге қатыспағаны айтылған.

Қазақстан астанасына 30-дан аса адам келген. Сайттың хабарлауынша, бұл - Сириядағы түрлі опппозициялық күштердің басшылары мен өкілдері және азаматтық қоғам өкілдері мен тәуелсіз оппозиционерлер. Бірақ келіссөзге үкіметтен делегаттар келген жоқ.

Сәуір айында мұндай келіссөздер Мәскеуде де өткен. Ол кезде Сирия ұлттық кеңесі мен ұлттық опппозициялық күштер коалициясы сияқты ірі оппозициялық топтар келіссөзге қатысудан бас тартқан болатын. Олар «әуелі ресми Дамаск бізбен президент Башар Асадты биліктен кетіру жөнінде диалог бастасын» деген шарт қойған.

Бүгін «РИА Новости» агенттігі Мәскеудегі Сирия елшісі Рияд Хаддадтың пікірін келтірді. Оның мәлімдеуінше, рсеми Дамаск Астанада өтіп жатқан кездесуді бұрын Каир мен Стамбулда өткен кездесулерге теңейді. Оның айтуынша, оппозиционерлердің көбі келіссөзге қатысудан бас тартқан.

«Новости РИА» агенттігіРияд Хаддадтың «мемлекет ретінде бұл кездесуден әлдебір нәтиже күтпейміз» деген сөзін келтіреді.

БЕДЕЛ, МӘРТЕБЕ ЖӘНЕ НӘТИЖЕ

Саясаттанушы Досым Сәтбаев Астана жанжалдасушы тараптарды бітімге келтіруге бұрын да талай тырысқанын айтады. Бұдан ертеректе Астанада мұндай кездесуді Үндістан мен Пәкістан басшылары өткізген. Қазақстан Иран ядролық бағдарламасына қатысты күрделі мәселені талқылау үшін де алаң ұсынған.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

– Қазақстан билігі жанжалдарды дипломатиялық жолмен реттеуді жақтайтын мемлекет ретінде елдің сыртқы саяси беделін мақсатты түрде қалыптастыруға тырысады әрі бұл бағытта белгілі бір көмегін ұсынуға әзір. Имидж тұрғысынан алғанда, Астана бұдан ұтпаса, ұтылмайды. Сирия оппозициясы келіссөзіне қатысты да осыны айтуға болады. Имидж тұрғысынан алғанда, Қазақстан бұл келіссөзден ұтатынын бәрі жақсы түсінеді. Кемінде белгілі бір уақытқа өзіне тағы назар аударды, – дейді Досым Сәтбаев.

Бірақ ол бұл келіссөздерден еш нәтиже шықпайтынын сарапшылардың көбі әу бастан ескерткенін айтады. Оның пікірінше, Сирия үкімет өкілдерінің келіссөз процесіне қатысудан бас тартуы келіссөздің мәртебесін де, әсерін де төмендетіп отыр.

Қазақстаннан келіссөз өткізуге бастамашы болуын сұраған Сирия оппозициясы бөлігінің елдегі ықпалы мықты емес.

– Қазақстаннан келіссөз өткізуге бастамашы болуын сұраған Сирия оппозициясы бөлігінің елдегі ықпалы мықты емес. Өйткені ол сансыз бытыраңқы топтардан тұрады. Ол жақта мыналардан да мықты ойыншылар бар. Бірақ меніңше, қазір Сирияда келіссөз жүргізуге әзір күштердің емес, «Ислам мемлекет» немесе «Әл-Каида» тобының бір тармағы «Ан-Нусра» майданы сияқты радикал құрылымдардың әмірі жүріп тұр, – дейді Досым Сәтбаев.

Оның пікірінше, Астанадағы келіссөздер Қазақстанның Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен реттеуді қолдайтынын және мұндай іс-шараларға өз территориясын алдағы уақытта да ұсынуға әзір екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Саясаттанушының пікірінше, Минск алдын орап кетіп, Украинадағы дағдарысқа қатысты келіссөз өткізу ниеті іске аспай қалған Астана Сирия оппозициясы келіссөзі тұсында сәл де болса есебін түгендеп алды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG