Accessibility links

Екі зейнеткер көлік тұрағын салдыру үшін күресіп жүр


Мейірман Жазылбеков (оң жақта) пен Антон Фабрый. Астана, 27 қыркүйек 2013 жыл.

Мейірман Жазылбеков (оң жақта) пен Антон Фабрый. Астана, 27 қыркүйек 2013 жыл.

Астаналық екі зейнеткер қала билігін көлік тұрақтарын тәртіпке келтіруге шақырып жүр. Олардың бірі Қазақстан президентінің тапсырмасын орындамағандарды сотқа берді.

Жаңа тұрғын үйді пайдалануға берер кезде паркингі болмаса да қабылдай салған шенеуніктерді сот арқылы жауапқа тартуға тырысқан астаналық зейнеткер Мейірман Жазылбековтің әрекетінен ештеңе шықпады. Оның бастамасына тағы бір зейнеткер Антон Фабрый қосылды. Ол Қазақстан президентінің тапсырмасын орындамағандарды жазалауды талап етеді.

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл сәуір айында Астананы дамыту жөнінде өткен мәжілісте «қалада тұрғын үй кешендері автокөлік қоятын орындар ескерілмей салынады» деген ескерту айтты. Назарбаевтың мәліметінше, «соңғы үш жылда пайдалануға берілген 41 мың пәтерге арнап 3 мың 500 көлік тұрағы салынған, бұл – сегіз пайыз ғана». Президент «үйлерді қандай шенеунік паркингсіз қабылдағанын тексеруді» бас прокуратураға тапсырған.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сөздерін Астана тұрғыны Мейірман Жазылбеков есінде сақтап қалған.

Астана тұрғыны Мейірман Жазылбеков. Астана, 26 қыркүйек 2013 жыл.

Астана тұрғыны Мейірман Жазылбеков. Астана, 26 қыркүйек 2013 жыл.

Өз құқығын белсенді түрде қорғап жүрген зейнеткер жеке меншік үйін бұздырмай аман алып қалды. Құрылыс компаниясына зейнеткердің мүддесімен санасуға тура келіп, тұрғын үй кешені зейнеткер үйінің жанынан салынды.

Енді Мейірман Жазылбеков жаңа үйдің жобада қарастырылған автопаркингсіз пайдалануға берілгеніне наразы. Паркинг болмағандықтан, жұрт көліктерді кез келген жерге қояды. Жазылбековтің пікірінше, олар қаланың көркін бұзып, жедел қызмет көліктерінің өтуіне кедергі жасайды.

- Президенттің авторпаркинг салу туралы тапсырмасы менің үйімнің қасында ғана емес, бүкіл қала бойынша орындалмайды. Тәртіп неге жоқ? Аула біткеннің бәрі көлікке толып кетті, - дейді Мейірман Жазылбеков.

ТАЛАП-АРЫЗ ҚАНАҒАТТАНДЫРЫЛМАДЫ

Зейнеткер көлік тұрағына қатысты проблеманы шешу үшін мамыр айында сотқа арызданды. Бірақ оның алғашқы талап-арызын сот қабылдамаған. Кейін қайта берген арызы бойынша сот отырысы қыркүйектің 25-іне белгіленді. Бірақ Астананың Сарыарқа аудандық соты «Жазылбековтің талабы қанағаттандырылмасын» деген шешім шығарған.

Заңгер Антон Фабрый. Астана, 26 қыркүйек 2013 жыл.

Заңгер Антон Фабрый. Астана, 26 қыркүйек 2013 жыл.

Зейнеткердің жақтасы, заңгер Антон Фабрыйдың айтуынша, сот талапкердің дәлел келтіруіне мұрсат бермей, отырысты тез бітіре салған.

- Мұндай соттарға әдетте бір ай уақыт беріледі. Сотты тез өткізе салу үшін судья оны соңғы күнге белгіледі. Өтініш беруге де, куәгерлер шақыруға да мүмкіндік бермей, «талап-арыз қанағаттандырылмайды» деген шешім шығара салды, - дейді Антон Фабрый.

Оның айтуынша, «сотқа дейін түрлі ведомстволарға жолдаған хаттарына сырғытпа жауап алған».

Антон Фабрый Қазақстан президентінің көлік тұрақтарына қатысты тапсырма бергеніне күмәнданады. Сотта ол тапсырма жайында ештеңе айтылмаған.

Мейірман Жазылбековтің үйінің қасындағы көліктер. Астана, 26 қыркүйек 2013 жыл.

Мейірман Жазылбековтің үйінің қасындағы көліктер. Астана, 26 қыркүйек 2013 жыл.

- Теледидар көрсеткенімен, ондай нақты тапсырма болмаған шығар. Президенттің өзі «Менің тапсырмаларым орындалмайды» дейді ғой. Әлде жалаң жарнама жасап, ал нақты тапсырманың өзін бермеген бе деп ойлаймыз, - дейді Антон Фабрый.

Бірақ істің мұнымен аяқталар түрі көрінбейді. Енді Антон Фабрый «президенттің тапсырмасын орындауы тиіс лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігіне» шағымданып, арыз бермек. Ол премьер-министр мен Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің атына да үндеу жолдамақ.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG