Accessibility links

Алматылықтар Астанаға «театрлық шок» әкелді


«АРТиШОК» театрының қойылымы. Астана, 5 мамыр 2016 жыл.

«АРТиШОК» театрының қойылымы. Астана, 5 мамыр 2016 жыл.

15 жылдан бері сахнада жүрген алматылық «АРТиШОК» театры труппасы алғаш Астанаға келді. Гастрольдің үш күнінде көрермендер екі спектакль көрді, ол бүгін аяқталады. Артық билет қалған жоқ.

Алматыдан келген тәуелсіз театрдың қойылымын Қазақстанның жаңа астанасының көрермендері аншлагпен қарсы алды. Гастрольді ұйымдастырушылар бастапқыда билеттердің аз сатылуына байланысты Астанадағы спектакльдері өтпей қалуы мүмкін екенін айтқан еді. Билет құны – 5-8 мың теңге, мемлекеттік театрларға кіретін билет бағасынан бірнеше есе қымбат.

Астанада екі күн бойы «Прямопотолеби» спектаклін көрсетті, зал толып отырды. Екі сағаттық қойылымда Алматы қаласының бірнеше тұрғынының тарихы баяндалады, олар әртүрлі жағдайға тап болады. Сол адамдардың жеке тағдыры арқылы қаланың тарихы, кейде тіпті қазіргі Қазақстанның жағдайы сипатталады.

Елдегі ең үлкен қала Алматыда жер сілкінісі кез келген сәтте болуы мүмкін, бірақ тұрғындар ол ешқашан болмайды деп үміттенеді. Бұл қалада көлік жүретін жерге қолыңды сермеп, 200 теңгеге де, 2 мың теңгеге де такси ұстауға болады, оның бәрі адамның байырғы тұрғын ба, әлде басқа ма – қайдан келгеніне байланысты.

Алматыда қазақ киносының негізін қалаушылардың бірі Шәкен Айманов фильм түсірді, қазіргі 80 жастағы танымал ақын Олжас Сүлейменов өлең жазды. Олардың бейнесі де спектакльде өзінше ашылған.

«АРТиШОК» театрының қойылымына келген жұрт. Астана, 5 мамыр 2016 жыл.

«АРТиШОК» театрының қойылымына келген жұрт. Астана, 5 мамыр 2016 жыл.

Спектакль авторлары қазіргі кездегі танымал қазақ әншісі Қайрат Нұртасты да көрініске қосыпты. Онда 2013 жылдың тамызында болған оқиғаға аллегория жасалады. Сол кезде Қайрат Нұртастың өнерін құрметтеушілер концертті аяқтамағаны үшін шу шығарған еді. Бұл оқиға сахнада қолына смартфон ұстаған бір кейіпкердің сөзіне ауысады, онда «Қазақ елінің баласы, менің көзіме қара» деп жазылған.

Шын мәнінде 2014 жылдың ақпанында Алматыда өткен наразылық акциясы кезінде азаматтық белсенді Жанар Секербаеваның қолында осындай сөздер жазылған қағаз болды. Ол басқа шерушілермен бірге Абай ескерткішіне өтпек болды, бірақ полиция қызметкерлері ол жерге темір қоршау орнатты. Жұрт ол жерге теңгенің құлдырауына қарсы митинг өткізбек болған. Бұл алғашқы наразылық еді. Полиция күш қолданып, Алматыдағы митингке жиналғандарды қуып шықты.

Спектакль басталар алдында «Прямопотолеби» қойылымының режиссері Галина Пьянова көрермендерге өз актерлерімен бірге Астанаға бұрын ел астанасы болған сүйікті әрі ыстық қаланың бір бөлшегін әкелгенін айтты. Оларға бірдей қарау керек екенін, қайсысы жақсы және басты деп бөлмеу керектігін ескертті.

«АРТиШОК» театрының актерлері. Астана, 5 мамыр 2016 жыл.

«АРТиШОК» театрының актерлері. Астана, 5 мамыр 2016 жыл.

Спектакльде қазақ пен орыс халқының бейнесі берілген. Олардың мәдениеті, тілі және мінез-құлқы араласып кеткен. Алматыда қазақы үйлену той ұлттық дәстүр және әнмен басталып, ресейлік әнші Олег Газмановтың әнімен және төбелеспен аяқталады.

Зорлық-зомбылық және қорлау спектакльде шынайы өмірдегідей көрсетілген. Жиі кездесетін балағат сөздер, жұмыстағы әріптесті мазақтау, қазақ тілін білмегені үшін бейтаныс адамды төмендету немесе Алматыға ауылдан келген адамды кекету – бәрі бар.

«Прямопотолеби» көрінісінде көшеде бекерге біреуді ұрып-соғу да, жас қызды жалған зиялының зорлауы да бар. Тұтқынның қалтасынан соңғы ақшасын сыпырып алатын, содан кейін тағы да пайда табуға дәмеленетін қазақстандық полицияның бейнесі де сипатталған.

Бұл спектакль тек алматылықтар жайлы емес – осындай кейіпкерлер Қазақстанның әр қаласында толып жатыр.

Мақаланы орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG