Accessibility links

Олимпиада алдында өзге елге кеткен спортшылар


Балуан Марат Гариповтың (жоғары тұғырда тұрған) Бразилиядағы жарыстардың бірінде жеңіске жеткен сәті. (Сурет спортшының жеке мұрағатынан алынды)

Балуан Марат Гариповтың (жоғары тұғырда тұрған) Бразилиядағы жарыстардың бірінде жеңіске жеткен сәті. (Сурет спортшының жеке мұрағатынан алынды)

Қазақстан құрамасына енбей қалған спортшылар басқа елдердің азаматы атанып, Рио-де-Жанейро олимпиадасына жолдама алуға қамданып жүр.

Екі жыл бұрын Бразилияға кеткен қазақстандық балуан Марат Гарипов мұндай шешім қабылдауын «Қазақстан күресінде бәсекелестік артып кетті» деп түсіндіреді.

– Қазақстанда менің салмағымда бес-алты спортшы бар. Солармен бәсекелес болдым. Құраманың бапкерлері маған мүмкіндік беріп, Азия чемпионатына апарды. Бірақ өзімді көрсете алмадым. Ешкімге өкпем жоқ, Бразилияға өз еркіммен кеттім, – дейді ол.

Марат Гарипов 2012 жылғы олимпиадаға бара алмаған соң кез келген елдің азаматтығын алуға дайын болғанын айтады.

– Мәскеудегі жарыстардың бірінде Бразилия күрес федерациясының президентімен сөйлесіп, сол елдің азаматтығын алғым келетінін айттым. Олар 2013 жылы өздеріне шақырып, бірнеше жарысқа апарып көрді. Бәрінен медаль әкелдім, – деді ол Азаттыққа.

Марат Гарипов жуықта Бразилия құрамасымен бірге Сан-Паулу, Рио-де-Жанейрода өтетін бірнеше жаттығу жиындарына, одан кейін ел ішіндегі іріктеуге қатысады. Сол іріктеуден өтсе, 2016 жылы өтетін Рио-де-Жанейро олимпиадасына жолдама алмақ.

Жуықта Бразилия күрес федерациясы Марат Гариповтың оcы елдің төлқұжатын алғанын растады.

ШЕТТЕГІ БАЛУАНДАР МЕН БОКСШЫЛАР

Қазақстан құрамасына ене алмаған соң шетке кеткен спортшылардың бірі – шымкенттік балуан Ермұрат Тасмұратов. Ол – қазір грек-рим күресінен Өзбекстан құрамасының көшбасшысы. 23 жастағы балуан Азаттыққа берген сұхбатында 2008 жылы Дәулет Тұрлыханов атындағы турнирде жеңіліп, олимпиадаға қатысу мүмкіндігінен айырылғанын, кейін әлемдік жарыстарға бару үшін Өзбекстан азаматтығын алғанын айтқан.

Өзбекстан құрамасына кеткен қазақ балуаны Елмұрат Тасмұратов. (Сурет бүкіләлемдік күрес қауымдастығының сайтынан алынды).

Өзбекстан құрамасына кеткен қазақ балуаны Елмұрат Тасмұратов. (Сурет бүкіләлемдік күрес қауымдастығының сайтынан алынды).

​Ол 2013 жылы Будапеште өткен әлем чемпионатына Өзбекстан атынан қатысып, Қазақстан ұлттық құрамасының балуаны Алмат Кебіспаевты жеңіп қола медаль алды. Ермұрат Тасмұратов 2014 жылы Астанада Азия чемпионы болды. Ол биыл Ташкентте өткен әлем біріншілігінде қола медаль ұтты.

Қостанайлық боксшы, 27 жастағы Аслан Мұқанов та әлемдік деңгейлердегі жарысқа қатысу үшін өзге ел азаматы болған. Ол – 2010 жылғы 57 килограмм салмақта Қазақстан чемпионы атанып, АҚШ-та өткен әскерилер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған спортшы. 2012 жылы Катар азаматтығын алған Аслан Мұқанов «әлем біріншілігі мен Азия чемпионаттарына қатысқысы келгенін, бірақ Қазақстанда ондай мүмкіндік болмағанын» мәлімдеген.

Ақтөбелік балуан Ербол Қалабаевтың (27 жаста) елден кету себебі де жоғарыдағы спортшылардыкіне ұқсас. Ол 60 килограмм салмақта екі рет (2007, 2008) жастар арасында Қазақстан чемпионы атанған, 2009 жылы грек-рим күресінен Қазақстан чемпионатының күміс жүлдесін алған.

Беларусь құрамасындағы қазақ балуаны Ербол Қалабаев. (Cурет спортшының жеке мұрағатынан алынды).

Беларусь құрамасындағы қазақ балуаны Ербол Қалабаев. (Cурет спортшының жеке мұрағатынан алынды).

Ербол Қалабаев 2010 жылы грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасына ілініп, Бакудегі Гран-при жарысына қатысқанымен, жүлделі орынға ілінбеген. Қазақстанда грек-рим күресінде 60 килограмм салмақ категориясы бойынша ішкі бәсеке күшейген кезде Ербол Қалабаев ұлттық құрамадан шығып қалды. Кейін ол Беларусь құрамасына қосылған.

Бокстан Ақтөбе құрамасының мүшесі болған Камран Шахсуварлы (75 килограмм) да 2013 жылы Әзербайжан азаматы атанған. Ол сол елдің чемпионатында алтын, ал 2014 жылы Юграда (Ресей) өткен мұнайлы елдер арасындағы әлем кубогында екінші орын иеленген. Шахсуварлы Бакуде өткен «Ұлы Жібек жолы» жарысында Қазақстан құрамасының мүшесі Сапарбай Айдаровты жеңіп, чемпион атанды. Қазір Шахсуварлы Әзербайжан құрамасының сапында жаттығып жүр.

АУЫР АТЛЕТТЕР

2013 жылы Қазақстан құрамасы сапында жастар арасындағы әлем чемпионы атанған ауыр атлет Анастасия Швабауэр (қазіргі тегі – Ибрагимли) – енді Әзербайжан спортшысы. 21 жастағы атлет 2015 жылы Әзербайжан чемпионатында алтын алып, сол елдің құрамасына енген. Ол биыл Грузияда өткен Европа чемпионатында 69 килограмм салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды. Анастасия Швабауэр – 2010 жылы Қазақстан жасөспірімдер құрамасы сапында Азия чемпионы атанған, 2014 жылы Қазақстан ұлттық құрамасына кіріп, Астанада өткен Азия біріншілігінде бестікке енген.

Шетелге кеткен қазақстандық спортгшылардың бірі – 69 килограмдық салмақта Қазақстан чемпионатын ұтқан ауыр атлет Яна Мыслейко (қазіргі фамилиясы – Кондрашева). Ол биыл Грузияда өткен Еуропа чемпионатына Ресейдің атынан қатысып, күміс медаль иеленген.

«СПОРТШЫНЫҢ АРМАНЫ – ОЛИМПИАДАҒА ҚАТЫСУ»

Спорт журналисі Асқар Ағатаевтың пікірінше, жанкүйерлер қазақстандық спортшылардың басқа елдерге кетуін дұрыс қабылдауы керек.

Олар өз елінің құрамасына енбей қалса, олимпиадаға қатысудың басқа жолын іздейтіні анық.

– Бұл Қазақстан спортшыларының шетелге кетуінің басы ғана сияқты. Себебі ауыр атлетика, бокстан әр ел олимпиадаға тек 10 спортшы апара алады. Ал Қазақстанда олимпиадаға қатысуға лайықты спортшылар көп. Кез келген спортшының арманы – олимпиадаға қатысу. Олар өз елінің құрамасына енбей қалса, олимпиадаға қатысудың басқа жолын іздейтіні анық, – дейді журналист.

2016 жылғы жазғы олимпиада 5-21 тамызда Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтеді. Ал олимпиадаға іріктеу жарыстары басталып кетті.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG