Accessibility links

Жас спортшылар әлем чемпионатында бес медаль алды


Ортада - алтын медаль алған Альберт Линдер. Ташкент, 11 сәуір 2013 жыл. (Сурет халықаралық ауыр атлетика федерациясының ресми сайтынан алынды)

Ортада - алтын медаль алған Альберт Линдер. Ташкент, 11 сәуір 2013 жыл. (Сурет халықаралық ауыр атлетика федерациясының ресми сайтынан алынды)

Өзбекстанда 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты аяқталды. Бұл жарыстан Қазақстан құрамасы екі алтын, бір күміс, екі қола жүлде иеленді.

Сәуірдің 8-15-і аралығында Ташкентте өткен әлем чемпионатына 45-ке жуық елдің спортшылары қатысты. Бұл жарыста 2014 жылы Қытайдың Нанкин қаласында өтетін жасөспірімдердің екінші жазғы олимпиадасына жолдама берілді.

ЕКІ АЛТЫН, БІР КҮМІС, ЕКІ ҚОЛА

Қазақстан құрамасына бес медальдің алғашқысын - алтынды 16 жастағы Альберт Линдер әперді. 69 килограмм салмақта сынға түскен ол жұлқа және серпе көтеру бойынша 295 килограмды көтерді. Альберт Линдер 2012 жылы Словенияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлде алған еді.

Тағы бір қазақстандық Надежда Ногай 69 килограмнан жоғары салмақта әлем чемпионы атанды. Ол екі жаттығу бойынша 241 килограмдық штанганы көтерді. Ногай 2011 және 2012 жылы өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде де чемпион атанған.

77 килограмм малмақ дәрежесінде жарысқа қатысқан Аят Әмірбеков күміс жүлдеге ие болды. Оның көрсеткіші – 297 килограмм.
Аят Әмірбеков жарыс кезінде. Ташкент, 12 сәуір 2013 жыл. (Сурет халықаралық ауыр атлетика федерациясының ресми сайтынан алынды)

Аят Әмірбеков жарыс кезінде. Ташкент, 12 сәуір 2013 жыл. (Сурет халықаралық ауыр атлетика федерациясының ресми сайтынан алынды)


16 жастағы Михаил Макеев (62 килограмм) әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 250 килограмды көтерді.

Ұлдар арасында 94 килограмнан жоғары салмақта жарысқа қатысқан Селімхан Абубакаров та үшінші орын алды. Оның нәтижесі – 351 килограмм.

«ҚАЗАҚСТАН ҮЗДІК БЕСТІККЕ ЕНДІ»

Ташкенттегі әлем чемпионатына жасөспірімдер құрамасын бастап апарған Қазақстан ауыр атлетика федерациясының аға жаттықтырушысы Меңдіхан Тәпсірұлының айтуынша, «атлеттер әлемдік жарыстан бес медаль алуды жоспарлаған».

– Жалпы командалық есепте үздік бестікке ендік. Жоспар толық орындалды. Ташкентте жүлде алады-ау деп үміттенген спортшыларымыздың барлығы үмітті ақтады. Келер жылы Қытайдың Нанкин қаласында өтетін жасөспірімдердің жазғы олимпиадасына төрт спортшы апару құқығын жеңіп алдық. Жасөспірімдер олимпиадасына екі қыз, екі ұл спортшы апарамыз. Бұл – макcималды жолдама. Нанкинге кімдер баратынын бапкерлермен ақылдасып шешеміз, – деді федерация өкілі Азаттыққа берген сұхбатында.
Альберт Линдер жарыс кезінде. Ташкент, 11 сәуір 2013 жыл. (Сурет халықаралық ауыр атлетика федерациясының ресми сайтынан алынды)

Альберт Линдер жарыс кезінде. Ташкент, 11 сәуір 2013 жыл. (Сурет халықаралық ауыр атлетика федерациясының ресми сайтынан алынды)


Ал ауыр атлетика федерациясының баспасөз хатшысы Ғалым Сүлейменнің айтуынша, «Ташкенттегі жарыс Қазақстан ауыр атлетикасының жақсы дамып келе жатқандығын көрсетті».

– Сондай-ақ Қытай, Солтүстік Корея, Египет, Иранның да даму қарқыны жақсы. Биылғы әлем чемпионатында Мьянма, Эквадор, Венеуэла, Шри Ланка сияқты елдер де жүлде алды. Біз Қытайда өтетін жасөспірімдер олимпиадасында кем дегенде екі жүлде алармыз. Басты үмітіміз Надежда Ногай мен Альберт Линдер болады, – деді ол.

Қазақстан ауыр атлеттері енді мамырда Перуде өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатына барады. Ересектер құрамасы маусымда Астанада өтетін Азия чемпионатына қатысады. Ал ересектер арасындағы әлем чемпионаты қазан айында Варшавада (Польша) өтеді.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG