Accessibility links

Тұрғындардың жергілікті билікке айтқан екі өтінішінің дауы


Нарын ауылы тұрғындары шағымдарын айтып тұр. Атырау облысы Исатай ауданы, 10 cәуір 2017 жыл.

Атырау облысы Исатай ауданы Нарын ауылы тұрғындары кәріз суын ішкен малдарының еті пен сүтін пайдалану «қауіпті» деп есептейді, сондықтан кәріз тоғанын биіктетуді сұрайды. Одан бөлек, жұрт фельдшерлік пунктті теміржол бойына салуға қарсы. Жергілікті билік екі мәселеге екі түрлі қарайды.

Нарын құмындағы Нарын ауылында 250 отбасы тұрады. 1975 жылдары Атырау облысындағы Исатай және Аққыстау темір жол бекеттерінің ортасын жалғаған шағын Нарын разъезіне салынған екі үйдің қатары көбейіп, кейін балабақшасы, бастауыш мектебі мен жылу станциасы бар жеке ауылдық округке айналған.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бірнеше жыл бойы айтылып келе жатқанымен, шешілмей тұрған екі мәселе - ауыл мен аймақтағы өндіріс ошақтарынан шыққан кәріз суы жиналатын орынның ашық жатуы мен ауылдық округ үшін аса қажет фельдшерлік пункттің салынатын жерін анықтау.

«ТЕМІРЖОЛ БОЙЫНАН САЛЫНБАСЫН»

63 жастағы азаматтық белсенді Сағатбай Қапизовтың Азаттыққа айтуынша, Нарын ауылына қажетті әлеуметтік нысан - фельдшерлік пунктті салу үшін «халықпен ешкім ақылдаспаған, қоғамдық тыңдау өткізілмеген». Белсенді жаңа дәрігерлік мекемені теміржол бойынан салу «қауіпті» деп санайды.

- Теміржолдан небір радиацияға толы жүк вагондары өтеді. Теміржолдан бар болғаны 200 метр жердегі қос қабатты үйлерде тұрамыз. Пойыз өткенде төсегіміз солқылдап, жатқызбайды. Нарын – 5-класты станция. Одан пойыздар сағатына 80-100 километр жылдамдықпен өтеді. Сонда ауру адамның жағдайы не болады? - дейді ол.

Нарын ауылының ескі фельдшерлік пункті орналасқан тұрғын үй. Атырау облысы Нарын ауылы, 10 cәуір 2017 жыл.

Нарын ауылының ескі фельдшерлік пункті орналасқан тұрғын үй. Атырау облысы Нарын ауылы, 10 cәуір 2017 жыл.

Сағатбай Қапизов медициналық пункт салынатын орынның теміржолдың бағыттама бұрмасы тұсына сай келуі «қауіпті күшейтеді» деп санайды.

- Егер жаман айтпай жақсы жоқ, апат болса, медпункттің өзіндегілерді құтқаруға тура келеді. Ол халықтың ақшасына салынатын нысан болғандықтан мен үндемей қала алмаймын,- дейді ол.

«МАЛ КӘРІЗ СУЫН ІШПЕУІ КЕРЕК»

Нарын тұрғындарының жергілікті билікке айтатын екінші мәселесі - ауыл шетіндегі кәріз суы жиналатын тоған жайы. Нарынның байырғы тұрғындарының бірі Шапағат Қайрошовтың сөзіне қарағанда, «бұл - халықтың берекесін қашырып отырған проблема». Ол «ашық жатқан кәріз тоғанына тек ауылдың ғана емес, маңайдағы өндіріс ошақтарынан шыққан қауіпті қалдықтар да жиналатынын» айтады. Ауыл маңында Сазанқұрақ, Мыңтеке мұнай кеніштері бар. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, ауыл іргесіндегі Мыңтеке кенішінің тұрмыстық қалдық сулары да осы канализацияға келіп құяды.

- Былтыр жазда осы суды ішкен сиырларымыз ауырып, мал дәрігерінің көмегімен әзер алып қалдық. Дәрігер малдың уланғанын айтты. Малдың еті мен сүтін тек Нарын емес, базарға апарып сатады, бүкіл өңір халқы тұтынып отыр, - дейді Шапағат Қайрошов.

Кәріз суын ішіп жатқан ауылдың малы. Атырау облысы Нарын ауылы, 10 cәуір 2017 жыл.

Кәріз суын ішіп жатқан ауылдың малы. Атырау облысы Нарын ауылы, 10 cәуір 2017 жыл.

Кәріз суын ішкен малдың өнімдерінен адам ұшынған оқиға бола қоймаған. Бірақ, Нарын тұрғындары мал амандығына алаңдаудан бөлек, өндіріс қалдықтары қосылған кәріз суын ішкен сиырдың еті мен сүті де денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін деп есептейді.

Шапағат Қайрошовтың кәріз туралы сөзін қоштаған тағы бір тұрғын Айболат Қоңқақов «тығырықтан шығудың бір жолы - күн сайын қанша текше метр кәріз суы жиналатынын есептеп, биік тоған жасау» екенін айтады.

- Мал бұл суды ішпеуі керек біз үшін. Мына жердегі су шығынын есептеп, соған лайықтап орлап берсе болды. Ескі қоршаудан пайда жоқ, мал кіріп, лас суды ішіп жатыр, - дейді ол.

Нарын тұрғындары жағдайды баяндап болғанша бірнеше сиыр келіп кәріз суын ішіп кетті.

«ЗЕРТХАНАЛЫҚ ДӘЛЕЛ ЖОҚ»

Нарын селолық округінің әкімі Рухолла Такенов фельдшерлік пунктті теміржол маңынан салу «экономикалық тиімділікті ескеріп жоспарланғанын» айтады.

- Болатжол көшесі бойында Мәдениет үйі тәрізді барлық басқа да маңызды әлеуметтік нысандар орналасқан. Бұл жер суға, кәрізге, газ жүйесіне қосуға экономикалық жағынан тиімді. Аяқ асты ауырған жолаушыларға дәрігерлік көмек көрсетуге де ыңғайлы,- дейді әкім.

Ауылдық округ әкімдігінің ғимараты. Атырау облысы Нарын ауылы, 10 cәуір 2017 жыл.

Ауылдық округ әкімдігінің ғимараты. Атырау облысы Нарын ауылы, 10 cәуір 2017 жыл.

Рухолла Такеновтің сөзінше, «теміржолдан келер қауіптің бәрі - бос әңгіме».

- Пойыздар елді мекендерден өткенде жылдамдығын азайтады. Оның үстіне ол емхана емес, тек фельдшерлік пункт, ешкім ол жерде қонып жатпайды, - дейді ол.

Мамандығы ветеринар ауыл әкімі тұрғындардың «кәріз суын ішкен малымыз уланды» деген мәліметін жоққа шығарды.

- Ондай сол суды ішіп мал ауырғаны туралы зертханалық анықтама яки дәлел жоқ. Соны ішіп серейіп қалған малды көргенім жоқ. Оны кім айтып жүр? - деді әкім.

Рухолла Такенов Мыңтеке мұнай кенішінің тұрмыстық қалдық сулары кәрізге құятынын растады. Әкім «кәріз суы жиналатын лас аймақты қоршаудың жоспардағы күнделікті мәселе» екенін ескертіп:

- Қоршаймыз және оны өз күшімізбен жасаймыз, жоспарда бар, - деді.

Ауылдағы ескі техника. Атырау облысы Нарын ауылы, 10 cәуір 2017 жыл.

Ауылдағы ескі техника. Атырау облысы Нарын ауылы, 10 cәуір 2017 жыл.

Нарын ауылында екі мыңға жуық адам тұрады. Атыраудан ауылға дейінгі ара қашықтық - 130 километр.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG