Accessibility links

Сот Боқаев пен Аянды қамауда қалдырды


Азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның жақтастары ол екеуі қамауда отырған тергеу абақтысы қақпасының алдында тұр. Атырау, 29 шілде 2016 жыл.
Азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның жақтастары ол екеуі қамауда отырған тергеу абақтысы қақпасының алдында тұр. Атырау, 29 шілде 2016 жыл.

Атырауда сот екі айдан астам уақыттан бері түрмеде отырған азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды тағы бір ай қамауда қалдыруға шешім шығарды. Екеуінің ісін көшпелі сот бүгін тергеу абақтысында қараған.

КӨПІРДЕГІ КЕДЕРГІ

Атырауда көшпелі сот шешімімен азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды қамауда ұстау мерзімі тағы бір айға созылды. Бұл туралы бүгін Азаттыққа адвокат Төлепқали Аянов хабарлады. Белсенділерді тергеу кезінде бостандықта қалдыруды сұраған адвокаттардың өтінішін сот «олар бой тасалауы мүмкін» деген уәжбен қанағаттандырмай қойған.

Екі айдан астам уақыттан бері тұтқында отырған Боқаев пен Аянды тамыздың 31-іне дейін – «тергеу ісі материалдарымен танысу кезеңінде» қамауда қалдыру туралы шешімді көшпелі сот бүгін Атыраудағы тергеу абақтысында шығарған.

Талғат Аянның туысы Қайрат Оразбековтің Азаттыққа айтуынша, әдетте өздері ылғи абақтыға барып жүрген жолдағы көпірге 29 шілде күні таңертең полиция көліктері қойылып, қозғалыс шектелген. Сол себепті, қамаудағы белсенділердің адвокаттары мен туыс-тілектестері көлікті тастап, бірнеше шақырым жерге жаяу баруға мәжбүр болған.

Арасында Макс Боқаевтың қарт анасы да бар топ шілденің шіліңгір ыстығында жаяу-жалпылап тергеу абақтысына жеткенімен, ішке қарай тек адвокаттардың кіруіне ғана рұқсат берген. Қалғандары қақпаның сыртында күн астында күтуге мәжбүр болған.

Талғат Аянның туысы әрі қоғамдық қорғаушысы Қайрат Оразбеков тергеу абақтысының маңында ішінде полиция арнайы жасағы бар екі автокөлік тұрғанын байқағанын айтады. Оның сөзінше, тергеу абақтысы қызметкерлері, судья, прокурорлар мінген көліктер түрмеге автомобиль қозғалысына «шектеу қойылған» көпір арқылы өтіп келген.

Белсенділердің жақтастары ыстық күн астында бірнеше сағат бойы сусыз тұрғаннан кейін, ғимараттан сыртқа шыққан Талғат Аянның әкесі әрі адвокаты Төлепқали Аянов судьяның түскі үзіліске кеткенін хабарлаған. Бұдан соң бағанадан бері сыртта тұрғандар қалаға оралған.

БЕЛСЕНДІЛЕРГЕ ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТАР

Боқаев пен Аянға бұлтартпау шарасын тағайындауға қатысты сот отырыстары екі бөлек өткізілген. Бірақ екеуіне бірдей шешім шығарылған: көшпелі сот Макс Боқаев пен Талғат Аянды қамауда ұстауды тағы бір айға ұзартқан.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев сотта тұр. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев сотта тұр. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.

Макс Боқаев пен Талғат Аянның қамауда отырғанына екі айдан асты. Екеуі «жер мәселесі» бойынша ел көлемінде өтеді деп алдын ала жоспарланған, бірақ кейін билік болдырмай тастаған «бүкілқазақстандық наразылық акциясына» дейін, мамырдың 17-і күні қамауға алынған. Мамырдың орта шенінен бастап Қазақстан бойынша ондаған белсенді әкімшілік жазаға тартылған, билік олардың басым көпшілігін «заңсыз митингіге шығуға шақырған» деген айып бойынша 10-15 тәулікке абақтыға қамаған.

Атырауда Макс Боқаев пен Талғат Аян да әуелгіде «шеруге шығуға шақырғаны үшін» 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Бірақ кейін оларға қылмыстық айыптар тағылды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері Боқаев пен Аянның тұрғылықты мекен-жайларына тінту жүргізіп, жеке заттарын тәркілеген.

Азаматтық белсенді Талғат Аянның сот залында тұрған сәті. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Талғат Аянның сот залында тұрған сәті. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.

Бастапқыда белсенділерге «Билікті басып алу және ұстап тұруға насихаттау немесе ашық түрде шақыру» айыбы тағылып отырғаны хабарланған. Бірақ өткен аптада оның орнына екеуіне қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша («бұқаралық шарада жалған ақпарат тарату», «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру» және «жиналыс, митинг, пикет, шеру, демонстрация өткізудің тәртібін бұзу») айыптар тағылғаны мәлім болды.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев «жер мәселесі» жөніндегі қарсылық жиынында сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев «жер мәселесі» жөніндегі қарсылық жиынында сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Макс Боқаев пен Талғат Аян биыл сәуірдің 24-і күні Атырауда «жер мәселесіне» байланысты көпшілік қатысқан жиында белсенділігімен көзге түсті. Ол акцияға қатысушылар ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзарту мүмкіндігі қарастырылған үкімет жоспарына қарсылық білдірген еді. Атыраудағы жиыннан кейін «жер мәселесі» бойынша рұқсат етілмеген наразылық акциялары Қазақстанның өзге де қалаларында өтті. Мамыр айының басында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіндегі резонанс тудырған заң баптарына мораторий жариялап, үкімет жанынан жер реформасын халықпен талқылау үшін арнайы комиссия құрылды. Осы комиссияның құрамына шақырылған Макс Боқаев оның жұмысына қатысудан бас тартатынын мәлімдеген.

Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі бойынша Атырауда тағы төрт белсендіге – Құбайдолла Шолақ, Ерлан Башақов, Жасұлан Мұсабеков және Әлібек Мұсаұлына «қылмыс жасауға оқталған» және «жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырмақ болған» деген айыптар тағылып отыр.

XS
SM
MD
LG