Accessibility links

Атырауда «терроршы» ретінде 16 адам сотталды


Гүлмира Ыхыласова, сотталған Ыбырай Әдірдің зайыбы. Атырау, 29 сәуір 2013 жыл

Гүлмира Ыхыласова, сотталған Ыбырай Әдірдің зайыбы. Атырау, 29 сәуір 2013 жыл

Сот айыпталғандарға 12 мен 18 жыл арасында жаза кесті. Сотталғандардың туыстары мен адвокаттары бұл шешімге наразылық білдірмек.

Сәуірдің 29-ы күні Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық 2-соты «террорлық акт жасамақ болды» деген күдікпен 2012 жылы қамауға алынғандарға қатысты үкім шығарды. Наурыздың 27-сінде басталған сотқа судья Гүлмира Дәулетова төрағалық етті. Сот отырысы созылған бір ай бойы Атырау қалалық сотының ғимараты ерекше қоршауға алынды. Облыстық ішкі істер департаменті күзет қойып, арнайы бақылау камерасын орнатты.

«ТЕРРОРШЫЛАР» ТУРАЛЫ

Жабық режимде өткен сот талқылауларына 8 адвокат пен 100-ге тарта куәгер қатысқан. Ал 16 сотталушының жастары 20 мен 47 аралығында. Олар негізінен Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облысының тұрғындары. Сотталушылардың туыстарының бір де бірін сот ғимаратына жолатқан жоқ. Олар таңертеңгі сағат 10-да басталған соттың үкімін адвокаттары арқылы тек сағат 3-ке қарай естіді. Адвокаттардың бірінің хабарлауынша, айып тағылған Серік Сүлеғалиев – 18 жылға, Ыбырай Әдір мен Қайрат Меңдіғазиев – 17 жылға, Аманжол Аманбаев, Санжар Ізбасар, Алпамыс Ізбасаров, Жанболат Орынбеков, Жоламан және Бақыт Отарбаевтар, Қайрат Нұржанов, Әділбек Бекқұлов, Алдияр Сапаров, Серік Байзуллин – 15 жылға, Махамбет Исағалиев – 13 жылға, Руслан Мұхтаров пен Мейірбек Жанқуатов – 12 жылға бас бостандығынан айырылған.
Сотталғандардың бірі Мейірбек Жанқуатов. Фотокөшірме.

Сотталғандардың бірі Мейірбек Жанқуатов. Фотокөшірме.


Оларға «терроризмді насихаттады, терроризм актісін жасауға жария түрде шақырды, террористік топ құрды, оған басшылық етті, қызметіне қатысты, қаржыландырды» деген айыптар тағылған. Сотқа қатысқан адвокаттардың сөзіне сүйенсек, сотталушылар Қазақстанның батыс аймағында орналасқан әлдебір үлкен террористік топтың мүшелері мен басшылары ретінде көрсетілген. Сотталушылардың «Атырау, Маңғыстау мен Батыс Қазақстан облыстары арасында арнайы террористік топтар құрып, Сирия, Ауғанстан мен Пәкістан аймағындағы халықаралық террористік ұйымдармен байланыс құруға ниеттенгені» айтылған. Азаттық тілшісі ұзақ жаза кесілген Ыбырай Әдір мен Серік Сүлеғалиевке сот барысында «аса қауіпті идеологтар», «шахидке дайындаушылар», «топқа жаңа мүшелер тартып, террористік топты қаржыландыруды ұйымдастырушылар» деген айыптар тағылғанын білді. Қалалық сот пен облыстық прокуратура өкілдерінен бұл іске қатысты комментарий алу мүмкін болмады.

Былтыр Атырауда «терроризмді насихаттады, террористік топ құрды және олардың қызметіне қатысты» деген күдікпен бірсыпыра адам қамауға алынған еді. Көпшілікке кешігіп жететін бұл мәлімдемелер облыс прокурорының көмекшісі Ғалымжан Құлманов арқылы таратылып келді.
Атырау облыстық сотының алдындағы тексеру. 29 сәуір 2013 жыл

Атырау облыстық сотының алдындағы тексеру. 29 сәуір 2013 жыл


Көп жағдайда қамауға алынғандардың аты-жөндері де ашық хабарланбай жатты. Ресми органдар тек кейбір күдіктілердің ғана тегін жариялап отырды. Олардың арасында Азаттық тілшісіне басынан белгілі болғандары - «құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет қызметкерлеріне қарсы Атырау аумағында террористік акт жасамақ болды» деген айып тағылған Қызылқоға ауданы Миялы ауылының тұрғындары Мейірбек Жанқуатов, Махамбет Исағалиев пен Ыбырай Әдір.

«БОЛЖАМ НЕГІЗІНДЕ СОТТАУ»

Сотталғандардың бірі Мейірбек Жанқуатовтың анасы Баян Шүкірғалиева қазақстандық ақпарат құралдары бетінде «баласының жазықсыз қамауға алынғаны» жайлы бірнеше мәрте үндеу жариялаған болатын. Бұған қоса ол істі әділ тергеуді өтініп Қазақстан президентіне, бас прокурорына, жоғары сотқа оннан астам хат жолдағанын айтады.

- Менің балам бар болғаны 20-да, бұл деген кінәсіз баланың тағдырына балта шабу ғой. Балама қатысты куәлік ететін адам да табылмаған, - дейді Баян Шүкірғалиева.
Мейрбек Жанқуатовтың анасы Баян Шүкірғалиева. Атырау, 26 қараша 2012 жыл.

Мейрбек Жанқуатовтың анасы Баян Шүкірғалиева. Атырау, 26 қараша 2012 жыл.


Терроризм бабымен сотталып жатқандарды қорғап жатқан адвокаттың бірі Айбар Қосынбаев өзінің істі қолына кешірек алғанын айтады. Ол Мейірбек Жанқуатов, Ыбырай Әдір, Махамбет Исағалиев және Руслан Мұхтаровты (тағы бір айыпталушы – ред.) қорғаған.

- Мен басқаларға қатысты ештеңе дей алмаймын. Білетінім қорғауымдағылардың барлығы да «анау айтты, мынау айтты» деген болжамдар негізінде сотталып отыр. Заң бәрімізге ортақ, дәлелсіз адам соттау деген нағыз заңсыздық, - деді Айбар Қосынбаев Азаттық тілшісіне.

Адвокат айтып отырған Руслан Мұхтаров – былтырғы қыркүйекте жарылыс болған Атыраудағы жер үйлердің бірін жалдап тұрған жігіт.

- Руслан Мұхтаровтың жарылысқа тікелей қатыстылығын дәлелдейтін де айғақ жоқ. Егер ол сол үйде жарылғыш заттар дайындаумен айналысқан болса, жарылыстан соң ол заттар табылуы керек еді, - дейді адвокат.

Адвокат соңғы инстанцияға дейін шағымдана беретінін айтады.

ВИДЕО: Махамбет Исағалиевтің анасының пікірі:

«ӨТЕ ҚИЫН БАП»

Сотталғандардың ішінегі ең үлкені – жасы елуді алқымдаған Ыбырай Әдір. Ол – жеті баланың әкесі. Әйелі Гүлмираның айтуынша, Ыбырай Әдір балаларын қолындағы жеке меншік көлігін жалға беріп асырап жүрген адам. Оның әйелі Гүлмира Азаттық тілшісімен кездесуде күйеуіне жабылған жаланың нақақ екенін айтады.

- Ыбырайға «мал ұрлап, ұлттық қауіпсіздік органдарына шабуыл жасауға дайындалған, үйінен мылтық, 50 патрон табылған» деген жалған айып тағылды. Оны «террористердің бастығы, насихаттаушысы» дейді. Ол өзінен көмек сұрағандарға жәрдем етуден бас тартпайтын адам. Қолындағы бар қаражатымен де бөліседі. Соны қаржыландырды деп отыр,- дейді әйелі Гүлмира Ыхыласова.
Сотталған Мейірбек Жанқуатовтың әкесі Берік Жанқуатов (сол жақта) және Ыбырай Әдірдің әйелі Гүлмира сот ғимаратының алдында тұр. Атырау, 29 сәуір 2013 жыл

Сотталған Мейірбек Жанқуатовтың әкесі Берік Жанқуатов (сол жақта) және Ыбырай Әдірдің әйелі Гүлмира сот ғимаратының алдында тұр. Атырау, 29 сәуір 2013 жыл


Гүлмираның айтуынша, Ыбырай Әдір мен Махамбет Исағалиевті қыркүйектің соңында Атыраудағы Доссор поселкесінде жалданып жұмыста жүрген жерінен алып кеткен.

- Сол күні бет перде киген он бес шақты адам Қызылқоғадағы Миялы ауылындағы үйімізге бас көктеп кіріп, баларымыздың жылағанына қарамай үйімізге тінту жүргізді. Пештің үстіндегі тамаққа қосатын крахмалды және Қазақстан баспаларынан шыққан кітаптарды алып кетті, - дейді Гүлмира.

Оның сөзінше, енді отбасында табыс тауып, жұмыс істейтін адам жоқ.

- Ыбырайдың кәрі анасы да маған қарап қалды. Бірақ мен не істей аламын? Күйеу баламды (Махамбет Исағалиев – ред.) тұтқынға алған соң тұрмыстағы қызым да омыраудағы сәбиімен қалды. Маған 300 шақырымнан ауру баламен Атырауға жетудің өзі бір мұң, - дейді Гүлмира.

Оның айтуынша 233-бапты (террористік акт туралы – ред.) естіген адвокаттардың көбі қорғаудан бас тартқан.

- «Бұл - өте қиын бап, ол мемлекетке қарсы тұрумен бірдей» деп бас тартты, әзер таптық қорғаушыны, - деді ол Азаттық тілшісіне.

ВИДЕО: Ыбырай Әдірдің зайыбы Гүлмираның пікірі

2012 жылғы сәуірде дәл осындай террорлық әрекет жасады деген айып бойынша Атырауда 47 адам сотталған еді. Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жаппай соттау процесінде оларға 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілген болатын.
Атырау облысы қылмыстың заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры Ғалымжан Құлманов. Атырау, 18 сәуір 2012 жыл

Атырау облысы қылмыстың заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры Ғалымжан Құлманов. Атырау, 18 сәуір 2012 жыл


Кейін Атырау облысы прокурорының көмекшісі Ғалымжан Құлманов олардың арасындағы 42 адамның «Ауғанстан мен Пәкістан аумағында болған әскери ұрыстарға қатысы барлығы анықталғанын» мәлімдеген болатын.

2012 жылғы қыркүйектің 5-інде Атырау қаласындағы Әлия Молдағұлова көшесіндегі жер үйлердің бірінде жарылыс болып, 21 жастағы Нұрлыбек Сақауов қаза тапқан еді. Кейін қыркүйектің 12-і күні Атырау облысы Құлсары қаласының 1-шағын ауданындағы көп пәтерлі тұрғын үйлердің бірінде «террористік топтың қызметіне қатысы бар бірнеше тұлғаны ұстау және залалсыздандыру мақсатында терроризмге қарсы операция» өткізілді. Операция кезінде 5 адамның қаза болғаны хабарланған. Ал тірі қалған Алдияр Сапаров ауруханадан шыққан соң, қамауға алынған болатын.

Ал биылғы ақпанда Атырау облыстық ұлттық қауіпсіздік департменті «бір топ Құрманғазы ауданы тұрғындарынан құралған террористік топтың ұсталғаны» туралы хабарлаған еді. Оларды тінту кезінде «қолдан жасалған жарылғыш заттар мен аңшы мылтығы табылды» деген ақпарат берілген. «Террористік топтың басшысы» ретінде 30 жастағы Рамиз Кимнің есімі аталған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG