Accessibility links

Қашағандағы Д аралында тағы да наразылық басталды


Agip KCO компаниясының мердігері Consolidated Contractors Company мекемесі. Атырау, 19 наурыз 2011 жыл.

Agip KCO компаниясының мердігері Consolidated Contractors Company мекемесі. Атырау, 19 наурыз 2011 жыл.

Каспий теңізіндегі аса ірі Қашаған кенішінде жұмыс істеп жатқан Consolidated Contractors Company (ССС) құрылыс компаниясының қазақ жұмысшылары «дискриминация мен жалақы мәселесін көтергеніміз үшін қудалауға түстік» деп шағымданады.


ССС компаниясының «жұмыстан заңсыз босадық» деген бірнеше жұмысшысы құқық қорғау органдарына арызданып, аштық жариялауға мәжбүр болғандарын хабарлады.

«ЗАҢСЫЗ ҚУЫЛҒАН ЖҰМЫСШЫЛАРДЫ ҚАЙТАРУДЫ ТАЛАП ЕТЕМІЗ»

Азаттық тілшісіне телефон шалған Каспий теңізіндегі жасанды Д аралында еңбек етіп жатқан Agip KCO компаниясы мердігері Consolidated Contractors Company құрылыс компаниясының бір топ жұмысшылары былтырғы жаздағы жұмыс жағдайын жақсартып, жалақыны көтеру жөніндегі талаптарынан кейін қудалауға ұшырағандарын айтты.

– Компанияда құрылған кәсіподақ ұйымы біздің құқымызды қорғамағаннан кейін «Каспий қоғамы» атты қоғамдық бірлестік құрып, әділет министрлігінде ресми тіркелген едік. Осы бірлестікті құруға ат салысқан және жұмысшылар талабын жұмыс беруші алдына өткір қойып жүрген Әнуар Исмаилов, Жалғас Мырзашевтар заңсыз жұмыстан қуылды. Біздерді компания басшылығы «сендер ұйым кәсіподағына кіріп, өздерің қалаған лидерлеріңді сайлап аласыңдар» деп кәсіподақ мүшелігіне алдап өткізді. Ал сол күннің ертеңінде біз сайламақ болған Әнуар Исмаилов пен бірлестік
Consolidated Contractors Company жұмысшылары ереуілге шықты. D аралы, Қашаған, Каспий теңізі. 3 тамыз 2010 жыл. Жұмысшылар жолдаған сурет.
қатарына енген басқа мердігер компаниялар «Шыңдар», «Арна», «Егемен құрылыс» мекемелері жұмысшылары жұмыстан босатылды. Жұмысшылар құқын қорғайтын адамды және заңсыз жұмыстан шығарылған жұмысшыларды қайтаруды талап етеміз, – деп мәлімдеді телефон арқылы ССС компаниясы құрылысшыларының бірі.

ССС компаниясының жұмысшылар Жаңаөзен қаласындағы «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалы жұмысшыларына хабарласып, өздерінің құқықтарын қорғауда демеу көрсетуді сұрағандарын да жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылы тамыз айында Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі Қашаған кенішінің жасанды Д аралында еңбек етіп жатқан жүздеген ағаш құрастырушы мен құбыр құрастырушы ереуілге шыққан еді. Олар еңбек шартында көрсетілген теңіздегі қауіпті жұмыс жағдайы үшін тиісті коэффициенттерін төлеп, жалақыны кем дегенде 80 пайызға өсіруді, еңбек жағдайын жақсартып, шетелдіктер тарапынан көрсетіліп отырған дискриминацияны жоюды талап еткен.

ЖҰМЫСШЫЛАР КӘСІПОДАҚҚА СЕНБЕЙДІ

Азаттық тілшісі ССС компаниясының бұрынғы құбыр құрастырушыларын іздеп тауып алды. Өзінің жұмыстан әділетсіз босатылғанын растаған Әнуар Исмаиловтың айтуынша, бәрі 2010 жылғы ақпанда жұмысшылардың «Каспий қоғамы» атты тәуелсіз қоғамдық бірлестігін ресми түрде тіркеткен кезде басталған.

– Былтыр жаз айында теңіздегі қазақ жұмысшыларының жағдайы өте қиын болған еді. Ауа температурасы 50-60 градусқа дейін қызғанда жұмысшыларға суық су берілмеген жағдайлар болды. Қазақ жұмысшылары кондиционері жоқ қапырық бөлмелерде жанын қоярға жер таппай жүргенде, арабтар салқын да жайлы бөлмелерде жататын. 28 күн демалып, 28 күн жұмыс
Теңіз кен орнындағы Шаңырақ вахталық қонысы. Атырау облысы, 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
істеген вахта ауысымында қолымызға 70 мың теңге алып жүрдік. Яғни бір айға шаққанда 35 мың теңгеден ғана айналады. Бұл теңсіздіктерді жоюға тиісті кәсіподақ ұйымы арамыздан жыл бойына төбе көрсетпеді, – дейді Әнуар Исмаилов.

Әнуар Исмаиловтың сөзіне сүйенсек, осыдан кейін жұмысшылар өздерінің құқын қорғайын басқа бір ұйым құруға талпынған.

Басында жұмысшылар талабын компания басшылары да құптап, жәрдемдескен. Сөйтіп «Каспий қоғамы» атты қоғамдық бірлестікті тіркеуден өткізген екен.

– Қолымызға бірлестік құжаттары тиген соң ұжымдық шартпен таныстыруды талап еттік. Бірақ оны бізге көрсетпеді. Енді керісінше компания менеджерлері біздің үстімізден «жұмысшылар арасына іріткі салушылар, экстремистер» деп, әкімшілікке арыздар жаза бастады, – дейді Әнуар Исмаилов.

Ал биылғы қаңтар, ақпан айларында жасанды аралда өткен жиналыстарға арнайы қатысқан облыстық құрылысшылар кәсіподағы ұйымының төрағасы Есет Өтеулиев, жұмысшылар наразылығына қарамастан, бұрынғы сайланған кәсіподақ ұйымы төрағасы өз орнында қала беретінін, еш өзгеріс болмайтындығын мәлімдеген. Бұл жиынға жергілікті билік және ұлттық қауіпсіздік органдары өкілдері де қатысқан.

– Ақпан айындағы жиналыстан соң мені «өндірістік қажеттіліктерге байланысты» деген бұйрықпен Атырау қаласына іссапарға жіберді. Ал вахта аяқталған күні кадр бөлімі «4 сағат себепсіз жұмыста болмаған» дегенді көлденең тартып, жұмыстан босату жөніндегі бұйрықты көрсетті. Бірақ менің жұмыстан қалған жерім жоқ, – дейді Әнуар Исмаилов.

ЭЛЕКТРИК АБДУЛЛА ЖӘНЕ АРАЛДАҒЫ ДАУ

«Жұмысшылар құқын қорғаймын деп қудалауға түстім» деген жұмысшының айтуынша, кадр бөлімі көлденең тартып отырған 4 сағатқа себепкер – ССС компаниясы менеджері Фади Мұстафа.

– Ақпан айында компаниядағы суперинтендант болып істейтін араб қызметкері еліне кетіп, оның орнына қарапайым электрик араб Абдулла
Каспий теңізі қайраңы. Қашаған кен орнындағы Д жасанды аралы. 2009 жыл.
уақытша тағайындалған еді. Қолына билік тиген ол компаниядағы қазақ қыздарына әлімжеттік көрсетіп, төсек қатынасына баруға мәжбүрлемек болған. «Сендерде ақша жоқ, мен саған көп ақша беремін» деп қыздарға қол жүгірткен. Осы мәселені естіген қазақ жұмысшылары ереуілге шығып, арабты қолдарына беруді талап еткен, – дейді Әнуар Исмаилов.

Әнуардың сөзіне сүйенсек, «бұл қазақ қызын емес, қазақ намысын таптау» деп мәлімдеген ССС компаниясы жұмысшылары қолдарына арматура, құбыр ұстап шығып, арабтың ел алдында қыздардан кешірім сұрауын, тез арада Қазақстаннан кетуін талап еткен.

– Мен осы жағдай болып жатқан уақытта өз жұмыс орнымда едім. Жұмысшылардың менің сөзімді тыңдайтынын білетін компания менджері Салах Абдуллах келіп, «мистер Әнуар, көмектес, жұмысшыларды тоқтат» деп өтініп, мені ызалы топқа алып барған. Мен жұмысшылардың ашуға ерік бермеуін сұрап, келісім жүргіздім. Кейін осы уақытты «жұмысты себепсіз 4 сағат болған жоқ» деп көрсетіп отыр, – дейді Әнуар Исмаилов.

«СЕНДЕРГЕ НЕ КЕРЕК? ЖАЛАҚЫЛАРЫҢДЫ АЛЫП ОТЫРСЫҢДАР!»

ССС компаниясының өзінің заңсыз жұмыстан қуылғанын мәлімдеген тағы бір жұмысшысы Жалғас Мырзашев бір топ адамның компаниядағы жайттар туралы облыс әкімі Бергей Рысқалиевке арызданғандарын айтады.

– Әкім бізге: «Мен бәрін прокуратура мен компанияларыңның басшылығы арқылы естіп отырмын. Сендерге не керек? Жалақыларыңды алып
Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев.
отысыңдар! Ол бірлестік туралы ұмытып, тыныш жұмыс жасаңдар» деді. Менің де сол әкімнің қабылдауына барған уақытымды «жұмыста 4 сағат болған жоқ» деп санап, жұмыстан босатты, – дейді Жалғас Мырзашев.

Оның ойынша, «компания басшылығы облыс әкіміне дұрыс ақпарат бермегендіктен Бергей Рысқалиев жаңадан құрылған «Каспий қоғамы» бірлестігінің мәнін жете түсінбей отыр; ал жалақының көтерілуі – жұмысшылардың жаздағы ереуілінің арқасы».

– Бізді Agip ККО еңбек қатынастары туралы департаментіне шақырып, «сендер намаз оқымайсыңдар ма?» деп сұрады. Біз намаз оқымайтынымызды, жұмысшылар уақытының жарты жылы теңізде өтіп жатқанын ескеріп, қоғамдық-мәдени шаралар өткізу туралы жоспарымыз бар екенін айттық. Олар біздікін дұрыс деп санап, қолдап отыр, – дейді Жалғас Мырзашев.

Жұмысшылар аралдағы кез-келген мердігер мекеменің жұмысшылары ауыз ашуға қорқатынын да жеткізді.

– Шетелдіктер өздеріне ұнамаған жұмысшыны мердігер арқылы жұмыстан шығара алады. Оған отандық менеджерлер де қосылады. Сондықтан жұмысшылардың қай-қайсысы да вахта аяқталғанда «келесі вахтаға орала аламын ба» деген уайыммен үйіне кетеді, – дейді олар.

Жұмысшылар «кәсіподақтан қайыр болмаған соң өзіміз бірігіп, компаниядағы жарымжан мүшелері бар бірнеше отбасына қаржылай көмек көрсеттік» дейді. Бірақ жұмысшылар «компанияда тәуелсіз қоғамның жұмыс жасап, жұмысшылар құқын қорғауы – компания менеджері Фади Мұстафа мен заңгер Райымбек Біләловке тиімсіз» дейді. Жұмысшылар сөзіне сүйенсек, компанияда заңгердің бір топ туысқандары жұмыс істейді.

«БІЗ ҚАЙДАН БІЛЕЙІК!»

Азаттық тілшісі Атырау қаласының сыртына орналасқан ССС компаниясының офисіне арнайы барған еді. Өкінішке қарай, компания менджері Фади Мұстафа сол күні аралға тікұшақпен ұшып кеткен екен. Тілші
Agip KCO компаниясының мердігері Consolidated Contractors Company мекемесі. Атырау, 19 наурыз 2011 жыл.
компания заңгері Райымбек Біләловпен сөйлесті.

Заңгер «менің қызметім заң бөлімі менеджері деп аталғанымен, мәртебем екі бағытта жүреді – әрі заңгермін, әрі кәсіподақ ұйымы мүшесі ретінде олардың да мүддесін қорғаймын» деп, өзінің ерекше ықпалды адам екенін ескерте кетті.

Оның айтуынша, компанияның кәсіподағы өте жақсы жұмыстар атқарып жатыр. Ұйымға 700-ден аса жұмысшы мүше. «Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту мақсатында ұжымдық шартқа көптеген оң өзгерістер енгізілген» деді Райымбек Біләлов.

«Аралдағы бір топ жұмысшылар өздері құрған «Каспий қоғамы» атты бірлесіктің жұмысына компания тарапынан кедергі болғанын айтып шағымданады. Ұжымдық шартты да көрмепті» дегенге орай:

– Ие, мен бір қоғам құрылғаны туралы естідім. Бірақ нақты білмеймін. «Қоғам құрдық, оның осынша мүшесі бар, жарғысы мынадай, талаптарымыз мынадай» деп компания басшысына айтпаған соң, олардың құзыреті қандай, қалай жұмыс істеуге ниеттеніп отырғанын біз қайдан білейік! Ал ұжымдық шарт жеке адаммен емес, ұжыммен жасалған шарт болғандықтан қолға берілмейді. Онымен кез-келген уақытта танысуларына болады, – деді Райымбек Біләлов.

Ол «Әнуар Исмаилов, Жалғас Мырзашев, Руслан Ғабдиев тәрізді бірнеше жұмысшы белсенділерінің заңсыз жұмыстан қуылғанын хабарлап отыр. Бұған қандай түсініктеме бере аласыз?» деген сауалға:

– Күніне 40-50 бұйрыққа қол қоям. Оның ішіндегі кісілердің аты-жөнін есте сақтау мүмкін емес. Егер нақты мәлімет сұрап, хат жазсаңыз, себебін айтуға болар. Олар «жұмыстан заңсыз шықтық» деп есептесе, құзыретті орындарға шағымдансын, – деп жауап берді

Алайда Райымбек Біләлов Азаттық тілшісіне компанияның байланыс телефонын немесе факс нөмірін айтудан бас тартты.

– Мен ешқандай телефон нөмірін білмеймін. Қалада корреспонденция қабылдайтын орталық бар. Ал компания қызметкерлері бір-бірімен ұялы телефон арқылы байланысады, – деді ол.

Ал жұмысшы жігіттер өздерінің жұмыстан қуылғандарына тікелей себепкер заңгер Райымбек Біләлов екенін айтып отыр.

«БІРЛЕСТІК ҚҰРЫП ЖҮРГЕНДЕР – ҚАШАҒАНҒА СОҢҒЫ КІРГЕНДЕР»

Облыстық құрылысшылар кәсіподағы төрағасы Есет Өтеулиевтің айтуынша, 2009 жылы ССС компаниясы кәсіподағы төрағасы Айтжан Байшүкеновты компания жұмысшылары өздері қалап сайлаған. Бұған қоса оның есебінде мін жоқ. Ал қаржының қайда жұмсалғаны туралы есеп бере білу – Өтеулиевтің ойынша – өте маңызды.

– Мен сол кезде Байшүкеновтың кандидатурасын тексергем. Ол бұрын кәсіподақ ұйымында жұмыс істеген екен. Әйтпесе жұмысшылар сайлағысы келгендер көбіне екі ауыз сөздің басын құрап айта алмайды. Ал ССС компаниясы кәсіподағы ұйымы төрағасының есебінде жарнадан түскен
Ал ССС компаниясы кәсіподағы ұйымы төрағасының есебінде жарнадан түскен ақшаның қайда жұмсалғаны сайрап тұр
ақшаның қайда жұмсалғаны сайрап тұр, – дейді Есет Өтеулиев.

«Онда жұмысшылар наразылығы қайдан туындап отыр?» деген сауалға:

– Жұмыс болған соң наразылық деген болып тұрады. Оның үстіне бірлестік құрып жүргендер – Қашағанға соңғы кіргендер. Мен оларға бәрін түсіндіріп айтқан едім. Егер ертең тағы келген 5-6 адам басқа бір ұйым құрғысы келсе ше? Кәсіподақ ережесінде бір ұйымда бір ғана кәсіподақтың болуы қажеттілігі айтылған. Сондықтан мен олар құрған бірлестік үшін жауап бере алмаймын, – деп жауап берді облыстық құрылысшылар кәсіподағы төрағасы Есет Өтеулиев.

Азаттық тілшісі ССС компаниясы кәсіподағы ұйымы төрағасы Айтжан Байшүкеновпен еш хабарласа алмады.

«САЙЛАУҒА БАРМАЙМЫЗ»

«Каспий қоғамы» тәуелсіз қоғамдық бірлестігі белсенділері өздерінің құқықтарын қорғау үшін заң орындарына жүгінетіндіктерін айтады.

– Біз жазықсыз жұмыстан қуылғанымызды айтып Атырау қалалық сотына шағым түсірмекшіміз. Бұған қоса алдымыздағы президент сайлауына бармайтынымызды ескерткіміз келеді. Өйткені кезінде референдум жайлы үгіт-насихат басталғанда біз «елбасын қолдаймыз» деп қол қойған едік. Бірақ президент саясаты біздің құқымыздың қорғалуына мүмкіндік бере алмайтынан көзіміз жетті. Сондықтан біз сайлауға бармаймыз, – дейді наразы жұмысшылар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG