Accessibility links

Атыраудағы кейбір балабақшадағы тәрбиешінің өзін тәрбиелеу керек дейді ата-аналар


№24 балабақшаның тәрбиешісі Райхан Әбдіғалиева балалармен бірге. Атырау, сәуір, 2009 жыл.

№24 балабақшаның тәрбиешісі Райхан Әбдіғалиева балалармен бірге. Атырау, сәуір, 2009 жыл.

Атырауда балабақша өте ауқымды проблема. Сондықтан мұнда кезінде жекешелендіру тұзағына ілініп, жекеменшікке айналған балабақшаларды кері қайтару науқаны басталды. Балабақшаның кейбірінде тәрбиешілердің бүлдіршіндермен қарым-қатынасы дөрекі деп шағымданады ата-аналар.

«Балам балабақшадан үйге бір жұмыстан оралған үлкен адамша шаршап, шалдығып келіп төсекке құлайды. Ол ұйқыдан оянғанда жастығында көз жасының ізі қалады. Балабақшаға барысы келмейді. Күніге жылатып зорға апарамын», - дейді Зинат Орынбасарова.

Оның айтуынша, Атыраудағы №24 балабақшадағы кейбір тәрбиешілер балаға дөрекі мінез-көрсетеді, сәбидің әлсіздігін пайдаланып қорлайтын сөздермен жекіп, ұрсатын көрінеді.

«Осы уақытқа дейін үндемей келдім. Балабақшада тәрбиешінің балаларға қол көтеретіні де жоқ емес. Бала оны «апай құйрығымнан соқты, бетімнен ұрды» деп кейде айтып қалатын. Бұл жайлы арнайы ескертуге қысылып та жүрдім. Бір жолы таңертең қызым Ақботаны балабақшаға алып келіп тұрып, тәрбиешінің қатты бажылдап айқайлағанын, сәбилерге «не, бірінші келіп тұрсың ба?» деп зіркілдеп жатқанын көріп, жүрегім ауырды. Менің қызымның қолындағы бананын көріп «андағы бананды жеген соң тамақты қай жеріңе жейсің» деп дүрсе қоя берді. Неге ол балаға «әкеле ғой, бананды алып қоялық, содан соң жерсің» деп жайлап айтпайды? Оның педагогтік тәлімі қайда?» - дейді күйінген ана.

Осы мәселені директорға жеткізіп, тәрбиешіге ескерту айтқан Зинат Орынбасарованың «тәртібі» сол күнгі ата-аналар жиналысында қаралыпты.

№24 балабақшаның директоры Татьяна Далоева көрсеткен осы сылдырмақтың дыбысымен бүлдіршіндер жаттығу жасайды. Атырау, 20 сәуір 2009 ж.
"Мені баяғы партия жиналысына салғандай қылды. Тәрбиеші өз кемшілігін мойындап, мәселені бірігіп шешудің орнына мені кінәлады. Ал басқа ата-аналар үндемейді, айтуға жасқанады. Олар керісінше, тәрбиешінің көңілін табуға тырысып, кәмпит, тағы бірдемелер апарып беріп жатады. Сөйтіп тәрбиешінің балаға деген қатынасын сатып алады. Олай істемесек балаларымызға тиіседі деп қорқады", - деп есептейді З.Орынбасарова.

Алайда балабақша директоры Татьяна Далуева бұны ата-ананың жеке амбициясы деп қабылдайтынын айтты. Әрі директор түсіндіргендей, баланың шешесі өтінішімен кіші топтан ортаңғы топқа өткеніне бір ай да болмапты. Яғни, директордың сөзімен айтқанда «бала әлі тәрбиешісіне де, топтағы балаларға да сіңісіп үлгермеген». Ал анасының бұрынғы тәрбиешімен де қарым-қатынасы дұрыс болмағанын білеміз дегенге саяды балабақша бастығының сөзі.

Тәрбиешінің дөрекі мінез-құлқына байланысты шағымданған ата-ананың наразылығын тудырған тағы бір нәрсе - балабақшадағы таңертеңгілік жаттығулардың арнайы музыка емес, сылдырмақ (бубен) құралымен жасалатыны. Зинат Орынбасарованың пайымдауынша, өркениет заманында сылдырмақпен жаттығу жасату тұрпайы көрінеді.

Бұл жайлы сұраған Азаттық тілшісіне балабақша директоры сылдырмақты көрсетіп, оның барлық балабақшаларда кең қолданылатын құрал екенін алға тартты. Кейде спорт залда орын болмаған уақытта тәрбиеші осы сылдырмақпен таңғы жаттығуды далада, таза ауада өткізеді екен.

Ал топ тәрбиешісі Райхан Әбдіғалиева: «Ақботаның ортаңғы топта өзін жақсы сезінбейтінін, өгейситінін айтқаным шешесіне ұнамады» дейді.

Жанат Дүйсешқызы, №24 балабақшаның психологы. Атырау, 20 сәуір 2009 ж.
Балабақша психологы Жанат Дүйсешқызынан оқиғаның бала психологиясына әсері жайлы сұрағанымызда, ол баланың мінез-құлқының қалыпты жағдайда екендігін әңімеледі.

"Бала өз жасына сай дамып келеді. Онымен жеке сөйлескенімде өзіне балабақшаның ұнайтынын, бірақ достарының жоқ екенін айтты. Бұл жаста балалар өтірік алдауды білмейді, олар тек ойын айтады», - дейді психолог маман. - Тек жаңа топқа ауысуы оған психологиялық әсер еткен, бұл- үйрену кезеңі".

"Мен баламды енді балабақшадағы кек алғыштардың қолына бергім келмейді. Өйткені, оған біреудің тіл тигізіп, қорлағанын қаламаймын. Баланың өз құқығы бар. Бұл басқа ұрпақ, ата-аналар да басқа. Оларды мойынсұнғыш, момын, көнбіс біздің әке-шешемізбен салыстырып қажеті жоқ. Мен баламды жәбірлеуге жол бере алмаймын", - деп мәлімдеді Зинат Орынбасарова.

Татьяна Далуева хабарлағандай, балабақшадағы топтарда бала саны тым көп екен. Тиісті 25 баланың орнына әр топқа 35 баладан келіп отыр. Сондықтан тәрбиешіні де түсіну керек деп отыр директор. Оның айтуынша, «Зинат Орынбасарова арызданып отырған тәрбиеші Райхан Шәмілқызы 12 жыл еңбек өтілі бар, тәжірибелі маман. Тек жаратылысынан эмоциясы аз, сондықтан сөз саптасы сырт қараған адамға дөрекі болып көрінуі мүмкін».

Қалалық білім бөлімінің мектепке дейінгілермен жұмыс тобы бөлімінің бұл оқиғадан хабары жоқ екен. Осы бөлімнің бастығы Гүлнар Тынышқызы мұны әр балабақшаның ішкі жұмыс деп санайтынын айтты.

Жалпы, Атырауда балабақша өте ауқымды проблема. Сондықтан қазір мұнда кезінде жекешелендіру тұзағына ілініп, жекеменшікке айналған балабақшаларды кері қайтару науқаны басталды.

«Атыраудағы балаларды қамту үшін 30 балабақша керек, - дейді қалалық білім беру бөлімінің балабақша тобының меңгерушісі Гүлнар Тынышқызы. - Ал кезекте 13500 бала тұр. Алдымыздағы маусымда жалпы саны 560 бала сиятын 4 балабақша, ал жыл аяғына дейін тағы да 4 балабақша салынып бітуі тиіс. Онда 700-ге жуық бала қамтылатын болады».

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG