Accessibility links

Атыраулықтар қала күнін «Қаражорға» биімен атап өтті


Қала тұрғындары "Қаражорға" билеп жатыр. Атырау, 2 қазан. 2010 жыл.

Қала тұрғындары "Қаражорға" билеп жатыр. Атырау, 2 қазан. 2010 жыл.

Атыраудың 370 жылдық тойында «Қаражорғаны» 15 228 адам биледі. «Қаражорға» биі өткен алаңға жиналған жұрттың ұзын-ырғасы 3 мыңнан аспайды деушілер де бар. Бірақ оны ұйымдастырушылар мақсат рекорд емес, оны ұлттық брендке айналдыру деп отыр.

Қазанның 2-сі күні атыраулықтар қаланың 370 жылдығын атап өтті. Ел назарын аударған мәселе - бір мезетте жиырма бес мың адам билейді деп жарнамаланған «Қаражорға» биі еді.

Би кешке қарай басталды. «Қаражорға» биленетін орын ретінде хабарланған Исатай-Махамбет алаңына апаратын жолдардың бірнеше сағат бұрын жабылғанына қарап, жиырма бас мың адам қаланың орталық Сәтбаев көшесі, көпір үстеріне дейін шығатын болар деп күткендер көп болды.

Бірақ бишілер қауымы батырлар алаңынан арыға созылмады. «Қаражорға» биі 4 мәрте биленді. Бидің тарихын зерттеп әрі оны халыққа үйретіп жүрген насихаттаушы Жамали Диханұлының сөзіне сүйенсек, бір билеп тоқтаған аздық ететін болғандықтан, елдің
мейірін қандыру үшін биді қайталауға тура келген.

БИЛЕГЕНДЕРДІҢ НАҚТЫ САНЫ БЕЛГІСІЗ

Бұған дейін «Қаражорға» биінің жаппай биленетіні жайлы құлақтандыру жасаған осы жобаның үйлестірушісі Манарбек Ермұханов жиырма бес мың адамды бір мезетте билетіп, Қытайдағы қазақтар қол жеткізген рекордтар биіктігін алатындықтарына сенімді екенін жария қылған еді.
Орталық алаңдағы көрермен. Атырау, 2 қазан 2010 жыл.

«Қаражорға» ансамбілінің жетекшісі Жамали Диханұлы алғашқы есептеулер он бес мыңның үстіндегі адамның билегенін көрсеткенін айтқанмен, билеушілер саны туралы екіұшты жауап берді.

– Айту басқа да нәтиже басқа ғой. Мен өзім 20-30 мың деп ешнәрсе айтқаным жоқ.
Егер біз Атырауға келген күнен бастап алдымызға адамдарды тізіп салып берсе, 30 мыңнан асар еді. Біз тек жарты күннен ғана үйретіп жүрдік, - дейді ол.

Жамали Диханұлының айтуынша Атырауда би штабы құрылған күннен бергі он күн ішінде аудан, қала маңы халқын қоса санағанда 10 мыңға жуық адам үйренген. Оның 8 мыңы мектеп оқушылары.

– Дегенмен, 13 288 адам билеп, былтыр күзде Гиннестің рекордтар кітабына енген Қытайдың Алтай аймағындағы Шіңгіл ауданы тұрғындарының арасында 13-14 түрлі ұлт барлығын ескерсек, мұндағы билеушілердің 99 пайыз қазақ емес пе? Сондықтан дүние жүзінде жаппай қазақтың билеуі тек Атырауда болды деуге әбден болады, - дейді Жамали Диханұлы.

Би шеберінің артынан хабарлауынша кешке сағат 9-да басталатын жастар би кешінде «Қаражорғаны» тағы бір билеп, осы көрсеткіштерін бекіте түспек болғанымен техникалық ақауларға байланысты мүмкін болмай қалған көрінеді.

Жаманали Диханұлы өзінің «Қаражорғаның» «бұқаралық» деп аталатын түрін билейтіні айтады.
Жаманли Диханұлы, "Қаражорға" биін зерттеуші. Атырау,
2 қазан 2010 жыл.
Дегенмен Исатай-Махамбет алаңындағы билегендер саны 3 мыңнан аспайды деп санайтындар да бар. Мұны алаңның шаршы аумағын есептеп те шығаруға болады деседі олар.

Ал бишілерді жағалай қоршаған полиция тізбегінен «Қаражорғаны» көре алмаған Кәмшат Үркімбаева болса «билейді деп белгілегендерді бір жерге үймей, алаңға тарқата орналастыру керек еді. Сонда олардың қасындағы көрермендер де ілесе билеп шын мәнінде 25 мың адам билеген болар еді» дейді.

Бірақ нақты билеушілер санын кімнің қалай анықтағаны белгісіз. Өйткені, билеп жатқандарды басқа ұрып санап жүрген адам көзге түспеген еді. Жобаның үйлестірушісі Манарбек Ермұханов волонтерлер есептеп шыққанын, қазіргі алдын ала анықталып отырған билеушілер саны 15 228 екенін айтып отыр. Бірақ оның айтуынша мақсат - бәсекеге түсіп, рекорд жасау емес, «Қаражорғаны» ұлттық белгіге айналдыру.

– Мұның астында ұлт саясаты жатыр. Осы тілекпен Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында тұсауын кессек, ары қарай республика бойынша жалғасып кете ме деген ойымыз болған, - дейді ол.

Өкінішке орай, «Қаражорғаны» тамашалауға үлгермей қалған атыраулықтар да кездесті. Олар барлығына облыс әкімі кінәлі деп санайды. Өйткені былтыр құлаған көпірдің ашылу салтанатын өткізу де осы күнге тірелгендіктен бағдарлама уақытын өзгертуге тура келген. Сөйтіп, «Қаражорға» көрсетілген мерзімнен бұрын басталып кеткен.

Алайда Манарбек Ермұханов би басталатын уақыттың өзгеруі ауа райына байланысты болды деген түсініктеме береді. Оның сөзіне сүйенсек, қатты жел тұрады деген төтенше ақпараттан соң бидің уақыты өзгертіліп, аудандардан келетін адамдар санын қысқартып, тізімнен 9 жасқа дейінгі балалар да алынып тасталған.

МЕРЕКЕДЕ ҒАНА КЕРЕК ҚОЛ ӨНЕР

Биден өзге Атырау қаласы күні мерекелік бағдарламасында әдеттегідей аймақтағы кәсіпорындар жетістіктері көрме түрінде жарнамаланып, әншейінде көзге ілінбейтін қазақтың дәстүрлі қол өнері түрлері қала орталығынан бой көрсетіп жатты.

Азаттық тілшісі мереке өтетін Исатай-Махамбет алаңының бір бұрышында жетімсіреп тұрған сазсырнай мен келі, ағаштан жасалған құс бейнелері қойылған орынның иесін сөзге тартқан еді. Ол Атыраудың ең шалғай ауданы Қызылқоғаның Сағыз ауылынан келген Жайлау Таласов деген шебер екен.

Жайлау саз балшықтан сәндік табақша, басқа да қазақтың көптеген қол өнері бұйымдарымен қатар түрлі музыка аспаптарын жасаумен де айналысады. Былтыр өткен республикалық сайыстардың бірінде оның сазсырнайымен ойнаған Алматыдағы Чайковский атындағы колледж студенті гран-приді жеңіп алған. Бірақ сирек кездесетін өнердің шебері қазақтың төл өнері тек осындай мерекелерде ғана еске түседі дейді.

– Қолөнерге бізде мүлде көңіл бөлінбейді. Ол Өзбекстандағыдай салықтан да босатылмаған. Мен жеке кәсіпкер ретінде осы саз балшықпен түбегейлі айналыспақшы болдым, бірақ ол қиындық тудырды. Қазір тек Алматыдағы өнер орындарынан келіп түскен тапсырыстар негізінде сазсырнайлар жасап жүрмін. Қара да тұрыңыз, мына мерекеден соң біздің ешкімге керегіміз жоқ, - деді Жайлау Таласов.

Шебер жігіт мемлекеттің өнерге бөлген қаржысының қайда кететіні белгісіз дейді.
– Ауылдарда қолы шебер балалар бар. Олар менің шеберханам болмаған соң үйіме келуге ұялады, - дейді Жайлау Таласов.
Ермек Амангелдиев, құсбегі. Атырау, 2 қазан 2010 жыл.

Алаңның тағы бір шетіндегі орындық үстінде бүркітін қонақтатып құсбегі жігіт отырды.
Қала күні құрметіне таңертеңнен әкелінген байғұс бүркіттің томағасы тамағын буындырып тұрғандай көрінді. Азаттық тілшісіне бүркітін таныстырған құсбегі Ермек Амангелдиевтің айтуынша бұл жай бүркіт емес, Қазақстанның екі дүркін чемпионы екен.

– Біз Нарын құмынан келіп отырмыз. Соның құрметіне құсымның да аты –Нарын. Қазір ол тастүлек жаста, - дейді Ермек Амангелдиев.

КӘДЕГЕ ҚОЙ БЕРІЛДІ

Бұдан бөлек түрлі бұқаралық спорт ойындары да ұйымдастырылған екен. Бұл жайлы Азаттық тілшісіне әңгімелеген Атырау қалалық спорт бөлімі бастығы Асан Раушанов былай деді:

– Ұлттық спорт ойындарын дамыту мақсатында қазақша күрес, қол күресі, асық ату, кір көтеру,арқан тарту, нысана көздеуден кешенді жарыс өткіздік. 66 кг салмақта өткен қазақша күрес пен түйе палуандар белдесуінен жеңіске жеткендерге кәде ретінде қой тарту етілді. Бас сыйлық қойдың бірін дзюдодан спорт шебері Қайрат Өтеген иеленді.

ЖӘДІГЕРГЕ АЙНАЛҒАН ЖӘНДІК

Сондай-ақ облыс жұртшылығы назарына бұрынғы «Атыраубалық» қазіргі «ЖайықБалық» мекемесінің балықтары мұражай бұйымдары ретінде көрсетілді. Балықтың түрлері қойылған сөренің төменгі тұсында салмағы 150 кг болатын бекіре балығы жатты. «Бұрында үйімізде уылдырық табақтап тұратын» деп аузының суы құри айтатын атыраулықтар енді бекірені мұражай экспонаты ретінде тамашалап жатты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG