Accessibility links

"Шілдехана жасағаным үшін қамауға алды"


Мейрамбай Тағашев, Атырау облысының тұрғыны

Мейрамбай Тағашев, Атырау облысының тұрғыны

Өзін заңсыз қуғынға ұшыратты деп санайтын Атырау облысының тұрғыны Мейрамбай Тағашев Қазақстанның жоғары соты, бас прокуроры, қаржы полициясы мен «Нұр Отан» партиясына шағымданды. Ол Жылыой аудандық заң орындарынан 3 миллион теңге көлемінде моральдық шығынын өндіріп беруді талап етіп отыр.


Атырау облысындағы Жылыой ауданына қарасты Тұрғызба селосының тұрғыны Мейрамбай Тағашев ақпан айында дүниеге келген қызының шілдеханасына өзімен бірге намаз оқитын бір топ адамдарды шақырамын деп басының бәлеге қалғанын айтады.

Жазықсыз жапа шеккеніне күйінген ол өзін заңсыз әуреге салған аудандық заң қызметкерлерін жауапқа тартуды сұрап Қазақстан бас прокуроры Қайрат Мәмиге, қаржы полициясының бастығы Қайрат Қожамжаровқа, ішкі істер министрі Серік Баймағамбетовке, жоғары сот төрағасы Мұсабек Әлімбековке және «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллинге арызданып отыр.

Атырау облыстық соты төрағасы Жақсылық Алановтың атына да шағымданып, Жылыой аудандық сотынан, ішкі істер бөлімі мен аудандық прокуратурасының әрқайысынан 1 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндіріп беруді талап етті.

– Мен наурыздың 30-нан шілденің 28-іне дейін 135 күн бойы үй-ішіммен үлкен күйзеліске түстім. Ауылдастарымның алдында жергілікті газет пен теледидар арқылы маған жала жабылған хабарлар таратылып, абыройымнан айырылдым. Артынан сот шешімі бұзылғанымен кінәлі заң орындары қызметкерлері менен кешірім сұрамады. Аудандық прокурор орынбасарына барып «тым құрымаса газетке жарияланған материалға түзету беріп, ел алдында мені ақтасаңдаршы» деп өтінген едім «мен білмеймін, өзіңді-өзің ақтап ал!» деді. Жылыойдағы заң орындарындағы лауазымды тұлғалардың барлығы заңды белшесінен басып отыр,- дейді ол.

Конституциялық құқықтарының аяққа тапталып, жеке өміріне қол сұқты деп санайтындығын айтқан Мейрамбай Тағашев қазір де арызданғаны үшін қысым жасалып отырғанына қарамастан заң орындары қызметкерлерінің жауапқа тартылуына мүдделі.

– Менің арыздарымнан кейін жергілікті құқық қорғау орындары маған қарсы әрекеттерін күшейте түсті. Олар ауылдастарымнан қол жинап, мені жер аударып жіберуге тырысуда. Бірақ заң орындары қызметкерлерінің тиісті жазасын алуына қол жеткізбесем бейкүнә мұсылмандарды жазалау тоқтамайды,- дейді ол.

29 жастағы Мейрамбай Тағашев Атыраудағы мұнай компаниялары мердігерлерінің бірінде қарапайым жұмысшы болып еңбек етеді. Ол өзінің дін жолына былтырғы жылдан бастап бет бұрып, намаз оқи бастағанын айтады. Әулетінде екі бала өсіп келеді.

ҚОНАҚҚА КЕЛІП ҚАМАУҒА ТҮСУ

Мейрамбай Тағашевтың айтуынша оқиға биылғы наурыздың 30-ы күні болған. Сол күні ол кішкентай сәбиінің құрметіне шариғат жолымен құрбандық шалып «ақиқа» жасап, ауылдастары мен әріптестерін үйіне қонаққа шақырған екен. Олардың арасында Құлсары қаласының наиб-имамы, Нұр-Мүбәрак университетінің түлегі Асылбек Бисенов те болған.

– Түнгі сағат 10 шамасында кенеттен үйге сау етіп бастарына каска, үстеріне оқ өткізбейтін күртеше киіп, автомат асынған бірнеше полиция қызметкері кіріп келді. Олар ешнәрсе түсіндірместен «барлығың сыртқа шығыңдар» деп бұйырып, автобусқа мінгізіп алып кетті. Бізді тізіп, қару кезеп үйден шығарып жатқандарын бейнетаспаға түсіріп алды. Аудандық ішкі істер бөліміне әкеліп, қолымызға қара бояу жағып, саусақ іздерін тексерді, жанымыздан суретке түсірді, - деп шағымданады Мейрамбай Тағашев.

Сонымен қатар ол полицияның өзінің арына тиетін сөздер айтқанына тоқталды. «Тіпті кейбір бауырларымыздың шаштарын қайшымен кесті. «Біз қандай заң бұздық?» деген сұрағымызға ешкім жауап қатпады», - дейді ол.

Ол өзінің полиция қызметкерінің біріне «үйден түсініктеме алып кетуге болмай ма, бұл адамдар менің қонақтарым еді» деп өтінгенін еске алады. Бірақ оған «жоқ, біз ішкі істер бөліміне жеткізуіміз керек» деп жауап беріпті.

Мейрамбай Тағашевтың айтуынша, Жылыой аудандық ішкі істер бөлімінде полиция жауап алғаннан кейін қамауға алынған бір топ адам ауданнан 10 шақырым қашықтағы ауылдарына түнгі 1-де жаяулап әзер жеткен.

– Кейіннен аудандық газетке «Сақ болыңыз! Қауіпті ағымдар» деп материал жариялап, «Тұрғызба ауылында теріс ағымда үгіт-насихат жүргізіп отырған қауіпті топтың құрықталғанын хабарлады және болған жағдай түсірілген бейнетаспаны облыстық телеарнадан көрсетті. Мен «бізді қаралап отырғандарыңыз не, қайдағы теріс ағым?» деп аудандық прокуратураға барып едім «біз ешнәрсе білмейміз» деп шығарып салды, - дейді Мейрамбай Тағашев.

БІТПЕГЕН ІС

Өзін жазықсыз жәбірлендім деп санап отырған діндар азаматтың сөзіне сүйенсек, оларды айыптау хаттамасы 25 күннен соң барып қана толтырылып, әкімшілік кодекстің 375 - бабының 3 - тармағына сай «рұқсат етілмеген миссионерлік қызметпен айналысты» деген айып тағылып, іс Жылыой аудандық сотына берілген.

Алайда мамырдың 10-ы күні істі қараған Жылыой аудандық сотының судьясы Мұратқали Ысқақов «хаттама дұрыс толтырылмаған» деп істі аудандық ішкі істер бөліміне қайтарған.

– Бірақ бізге аудандық прокурор көмекшісі Еркін Шаншаров «діни уағыз жүргізгені анықталды» деп, енді «діни бірлестік басшысы» ретінде ісімді қарауға ұсынды. Істі маусымның 10-ы күні қайта қараған судья Мұратқали Ысқақов «бұрын әкімшілік жазаға тартылмағандықтан 375 - бабтың 1 - тармағымен, яғни «діни бірлестік басшысы» ретінде әкімшілік жауапқа тартып, ескерту беру жөнінде қаулы шығарды, - дейді Мейрамбай Тағашев.

Ол заң орындары қызметкерінің Тұрғызба ауылының сол кездегі имамын қорқытып өзіне қарсы түсініктеме жаздыртқанын да айтып берді. Мейрамбай Тағашев Азаттық тілшісіне Тұрғызба селосының бұрынғы имамы Айболат Жекеевтің Жылыой аудандық қаржы полициясы басқармасына жазған түсініктемесін көрсетті.

Онда Айболат Жекеев былай деп жазыпты: «Прокурор Шаншаров мені шақырып, ұсталған жамағат турасында сұрады. Фатиха сүресінен кейін айтылатын «әмин» сөзін іштей айтамыз, бірақ келген жамағат дауыстап айтатыны туралы жаздым. Арызда көрсетілген уаххабизм теріс ағым туралы прокурордың Шаншаровтың айтуымен жаздым. Менің жамағатқа ешқандай қарсылығым жоқ. Мейрамбай мені үйіне қонаққа шақырды, бірақ мен шаруам болып бара алмадым, артынан келсем милиция алып кетіпті. Түсініктеме өз қолыммен жазылды» делінген екен онда.

Айболат Жекеевтің өзі Азаттық тілшісімен болған тілдесуде «Мен тек олардың Әбу Ханифа мазһабын мойындағанмен, дұрыс ұстамайтындығын айттым», - деді. Түсініктемеде прокурор көмекшісінің аты келтірілгені үшін одан кешірім сұрағанын айтты.

Мейрамбай Тағашевтың Атырау облыстық сотына шағымдануы нәтижесінде істі шілденің 28-інде қараған аудандық соттың тағы бір судьясы Жайсаңбек Дияров «оның іс-әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмағанықтан істі қысқарту» жөнінде қаулы шығарған.

ЗАҢ ОРЫНДАРЫ ТҮСІНІКТЕМЕ БЕРМЕДІ

Қызының шілдеханасын жасап жатқан адамды аса қауіпті діни бірлестік басшысы ретінде жауапқа тартқан Жылыой аудандық прокурорының көмекшісі Еркін Шаншаровқа Азаттық тілшісі оқиғаның мән-жайын білмек болып телефон шалған еді. Алайда ол өзінің түсініктеме беруге құқығы жоқ екенін көлденең тартып телефон тұтқасын қоя салды.

Ал Атырау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз жетекшісі Гүлназира Мұхтарова да жағдайды сұрай бастаған Азаттық тілшісінің сауалын тыңдамастан қол телефонын сөндіріп тастады. Одан кейін бірнеше мәрте хабарласқанымызбен қайтып телефонын көтермеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG