Accessibility links

Атырауда бір күнде екі рет жарылыс болды


Атырау облысы әкімшілігі ғимараты. 18 ақпан 2009 жыл.

Атырау облысы әкімшілігі ғимараты. 18 ақпан 2009 жыл.

Қазанның 31-і күні таңертең Атырау қаласында бірінен соң бірі екі жарылыс – алғаш облыстық әкімдіктің маңында, одан соң Сарыарқа көшесінде болды.


– Аяқ асты қатты дүмпу естілгенде жұмыстағылар «жер сілкініп жатыр ма» десіп, дүрлігіп сыртқа жүгірісіп шыққан еді. Терез әйнектерінің күл-паршасы шықты, – деді жарылыс салдарынан үйлеріне қайтып бара жатқан әкімшілік қызметкерінің бірі.

ЖАРЫЛЫС

Оқиға болған сәтте әкімдік маңынан жаяу өтіп бара жатқан жүргіншілердің бірі ғимарат ішінен қанға бөккен әйелді жедел жәрдем көлігі әкетіп бара жатқанын көргенін айтады.

– Әйелдің өлі-тірі екендігін білмеймін, қимылсыз жатты, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Іле-шала әкімшілік маңындағы Сарыарқа көшесіндегі 30-үйдің маңында тағы бір жарылыс болды. Оқиға болған маңды полиция қызметкерлері қоршап алғандықтан жақындап баруға мүмкіндік болған жоқ. Алайда жарылыстың салдарынан үйдің үшінші қабатына дейінгі терезелер толық сынған.

Кейбір жергілікті басылым тілшілері полицейлер келіп төңіректі тазалағанға дейін айналада адам денесінің қалдықтары шашылып жатқанын айтады.

Жарылыс болған маңға қарсы №37 үйдің тұрғындарының бірінің сөзіне сүйенсек, жарылысты өзін-өзі жарған жас жігіт жасаған.

– Шашы бұйра жас жігіт екен, басы бөлек ұшып кетіпті. Оны біздің ПИК төрағасы көзімен көріпті. Жарылыстың қаттылығы соншалық біздің үйдің де терезелері сынды, – дейді аты-жөнін айтқысы келмеген адам.

«АДАМ ШЫҒЫНЫ БОЛҒАН ЖОҚ»

Кейінірек брифинг өткізген Атырау облыстық прокурорының тергеу амалдарын бақылау жөніндегі бастығы Ғалымжан Құлманов Атырауда екі жарылыс болғанын ресми түрде растады. Оның айтуынша, алдымен Атырау облыстық әкімдігінің қоқыс контейнерінде беймәлім зат жарылған. «Бірақ адам өлімі болған жоқ» дейді прокурор.

– Екінші жарылыс сағат 9.50 шамасында Сарыарқа шағын ауданындағы №30 үйдің маңында орын алды. Белгісіз ер адам өзін-өзі жарып жіберген. Өзін-өзі құрбандыққа шалған адамның тегі анықталуда. Адам шығыны болған жоқ, үйдің бірнеше терезелері сынған, қылмыстық іс қозғалды, – деп мәлімдеді Ғалымжан Құлманов.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG