Accessibility links

Атырауда кейбір үйлерге су жайыла бастады


Атыраудағы су жайылған көшенің бірі. 1 наурыз 2016 жыл.
Атыраудағы су жайылған көшенің бірі. 1 наурыз 2016 жыл.

Атырауда ақпанның басында күн күрт жылынып, еріген қар мен жаңбыр суы үйлерді басып жатыр. Қала билігі «мүмкіндігі барлар өздері қамдану керек» дейді. Экологтың пікірінше, Атыраудың су астында қалу қаупі бар.

Атырау қаласы Доссор көшесіндегі 43-үйде тұратын Айгүл Жанғалиева ақпанның 6-сынан бері пәтерінің ішінен су шыға бастағанын айтады.

- Әбден берекеміз кетті, үйдің қабырғалары мүжіліп, құлап жатыр. Түнде құдайға сыйынып ұйықтаймыз басымызға құлай ма деп, – дейді Айгүл Жанғалиева.

Атырауда кейбір үйлерге су жайыла бастады
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:49 0:00
Жүктеп алу

Төрт баласы бар тұрғынның мектепте оқитын балалары үйдегі сыз бен борсыған судың иісінен ауырып қалған.

«ЕНДІГІ ҮМІТІМІЗ – САЙЛАУҒА ҚАТЫСАТЫН ДЕПУТАТТАРДА»

Айгүл Жанғалиева тұратын төрт пәтерлі барак үйдің тұрғындары баспаналарын су алғаны жайлы арыздан соң қаланың тұрғын үй бөлімі бір рет техника жіберіп, суды тазартқанын айтады.

- Бірақ су азаяр емес. Қардың суы, қоқыстың суы бәрі үйдің сыртына да жиналып тұр. Үйде сол суды резеңке етікпен кешіп жүреміз, – дейді Айгүл Жанғалиева.

ВИДЕО: Тұрғындар шағымы

Атыраудағы су басқан үй иелері шағымы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:17 0:00

​Оның айтуынша, үйлері былтыр Атыраудағы мамыр айында болған қалың нөсер кезінде де суға кеткен. Кейін Атырау қаласы әкімдігі бұл үйдің тұрғындарына пәтерлерін жөндеуге 144 мың 200 мың теңге қаражат бөлген.

- Ол қаражатпен үйімізді майлап, сылап, реттегендей болдық. Бірақ, міне, көктем шыға сол жағдай тағы қайталанды, – дейді амалдың жоқтығынан осы үйде тұруға мәжбүр екендерін айтқан тұрғын.

1966 жылы салынған барак типтес үй тұрғындардың айтуынша, үй апатты деп саналған. Олар 2010 жылы электр тогы кесірінен өртенген үйдің жөндеуге келмейтінін айтады. Апатты үйдегі араларында алты балалы отбасы да бар төрт жанұя баспана алу кезегіне тұрғандарына алты-жеті жыл болғандарын айтады. Бұл үйдің тұрғындары бірігіп арыз жазып, екі апта бұрын Атырау қаласы әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясының филилалына апарып тапсырған.

- Ендігі үмітіміз – алдағы сайлауға қатысатын депутаттарда. Бәлкім, солар ескерер –дейді Айгүл Жанғалиева.

«МҮМКІНДІГІ БАРЛАР ӨЗДЕРІ ТАЗАЛАУЫ КЕРЕК»

Атырау қалалық әкімдігінің тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімі бастығының орынбасары Эдуард Оспановтың айтуынша, қалада су басып жатқан жер жалғыз Доссор көшесі емес. Қаланың Тайманов көшесін, Ескі әуежай және Лесхоз тәрізді шағын аудандарын да су алып кеткен.

- Біз мүмкіндігінше суды сордырып жатырмыз. Бірақ техниканы алдымен орталық көшелерге, содан соң жағдайы жоқ адамдарға жібереміз. Мүмкіндігі барлар суды өздері тазалауы керек, – дейді Эдуард Оспанов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Атыраудағы су жайылған үйлер

Ол Азаттық тілшісінің апатты үйлер тұрғындарына баспана мәселесі туралы сұрағына «Сіз бір сұрақ қоямын дедіңіз, енді жазбаша қойыңыз» деп, одан әрі жауап беруден бас тартты.

- Мәліметтің бәрін айта алмаймыз. Жоғарыдан сондай тапсырма келіп отыр. Әкіммен келісіп алуымыз керек, – деді Атырау қалалық әкімдігінің тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімі бастығының орынбасары.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Сағынбек Өмірзақовтың айтуынша, «қаладағы үйлерді әлекке салған – қар суы емес, көтеріліп жатқан жерасты суы».

- Қардың ерігеніне айдан астам уақыт өтті. Ол суларды сору міндетіміз болмаса да, «Атырау су арнасы» [коммуналдық мемлекеттік мекемесі] көлігі кіре алмайтын жерге барып, суды тазалап беріп отырмыз, – деді ол.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бірыңғай кезекшілік диспетчерлік басқармасының бастығы Нұрлан Жанбаевтың мәліметінше, 4-29 ақпан аралығында қаладан 75 мың текше метр су шығарылған.

- Күніне 40-45 үйді судан арылту жұмыстары жүргізілді. Қазір қоңырау түсуі азайды, –дейді Нұрлан Жанбаев.

«АТЫРАУ СУ АСТЫНДА ҚАЛУЫ МҮМКІН»

Атыраудағы «Каспий табиғаты» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Махамбет Хәкімов еріген қар суы топыраққа сіңіп, ылғалды көбейтті деп санайды.

Топырақ суға әбден бөгіп тұр. Ешкім дренажбен айналыспайды. «Жасап жатырмыз» дегендері – тек кейбір учаскелер ғана. Мына түрімен Атырау судың астында қалуы мүмкін.
Махамбет Кәкімов.

- Доссор көшесі ауданы менің бала кезімде нағыз сортаң жер еді. Содан бері қанша жыл өтті. Үйлердің өздері де ескіріп, кәріздері де шіріді. Бұған жауған қар мен жаңбыр суының сортаң жерге барып тұнғанын ескерсек, ол үйлердің астынан су шығады, – дейді Махамбет Хәкімов.

Атыраудағы былтырғы қалың нөсер де ешкімге сабақ болмағанын айтқан эколог «қалаға ешқашан дренаж жасалмағандықтан, үйлердің суға кетуі – заңды» деп біледі.

- Топырақ суға әбден бөгіп тұр. Ешкім дренажбен айналыспайды. «Жасап жатырмыз» дегендері – тек кейбір учаскелер ғана. Мына түрімен Атырау судың астында қалуы мүмкін, – дейді Махамбет Хәкімов.

Атырауда 2015 жылы мамырдың 11-12-сінде қалың нөсер жауып, мыңнан астам үй су астында қалған еді. Олардың он шақтысы мүлде құлап қалған. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов ол кезде үйлері бүлінген ешбір тұрғынға пәтер берілмейтінін хабарлап, «адамдар өз үйлерін жөндеп алуға жағдай жасалатынын» айтқан.

XS
SM
MD
LG