Accessibility links

Атыраудағы жаңа зауыттың жобасы сынға қалды


Қоғамдық тыңдауға қатысушылар. Атырау, 4 сәуір 2013 жыл.
Қоғамдық тыңдауға қатысушылар. Атырау, 4 сәуір 2013 жыл.

Атырауда салынғалы отырған алғашқы интеграцияланған газ-химиялық кешені құрылысын талқылаған қоғам өкілдері «жоба талапқа сай емес» дейді.

Kazakhstan Petrochemical Industries Ltd. (KPI) компаниясы Атырауда салғалы отырған газ-химиялық зауытының құрылысына қатысты 4 сәуірде қоғамдық тыңдау өтті. Оған қатысқан экологтар мен ғалымдар «жобаны дайындаушылар зауыттың қоршаған ортаға зияны туралы ескі мәліметтер ұсынып отыр» деп сын айтты.

ҚОҒАМДЫҚ ПІКІР

Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының академигі Мұфтах Диаров бүгінде Атырауда мұнай-газ саласында бірнеше өндіріс орындары жұмыс істейтінін, аймақ тұрғындары мен экологиясы олардан зардап шегіп отырғанын атап өтті.

– Ұрпағымыз не болады? Олардың 50 жыл ғана өмір сүріп, оның 25 жылын аурумен өткізгенін қалайсыздар ма? Жайықтың, оның сағасы Соколоктың суын
Академик Мұфтах Диаров.
Академик Мұфтах Диаров.
неге зерттемейсіздер? Бұл қалыппен енді он жылдан соң Атырауда ауыз су мұнайдан да қымбат болады, - деді ғалым.

Диаров KPI компаниясы 2006 жылғы деректерді ұсынып отыр деп санайды. Оның сөзінше, ауаның ластануы туралы, өндірістен бөлінетін зиянды зат – меркаптанға қатысты да нақты дәйектер жоқ.

– Желдің жылдамдығы 7 м/сек болғанда ауаға таралған зиянды қалдықтардың Атырауға жетуі үшін 5 минут жеткілікті. Мұндай дәлелдемелерді көптеп келтіруге болады. Сондықтан бұл жоба қабылданбауы тиіс, оны толықтырып, қайта талқылау керек. Ең бастысы, халық болып үкіметтен енді Атырауда зауыт салуға мораторий жариялауды сұрауымыз қажет, - деді академик.

«Глобус» экологиялық ұйымының жетекшісі Галина Чернова.
«Глобус» экологиялық ұйымының жетекшісі Галина Чернова.
Эколог Галина Чернованың айтуынша, қоршаған орта туралы заңға былтыр енгізілген өзгерістер өндіріс орындарының иелеріне ерік берген.

– Қоғамдық тыңдау өткізудің маңыздылығы қанша екені түсініксіз. Бәрібір жобаны бекітуді сараптау комиссиясы шешеді. Көбінесе жұртшылықтың мұндай жиындарда айтқан пікірі ескерілмейді, - деді эколог.

Тарих ғылымдарының кандидаты археолог Марат Қасенов компанияның даулы құрылысты жүргізуге рұқсаты жоқ екенін айтты.

– Кез келген құрылысты салу үшін алдымен мәдени ескерткіштерді қорғау орталығының рұқсаты болуы тиіс, бұл заңда көрсетілген. Біздің тараптан сіздерге ешқандай рұқсат берілген жоқ. Ендеше ол құрылысты қалай салмақсыздар? - деп сұрады орталық қызметкері Марат Қасенов компания өкілінен.

«МИНИСТРЛІК ҚАБЫЛДАЙДЫ»

KPI компаниясы басқармасының бастығы Сәдуақас Мералиев су мәселесіне қатысты алаңдаудың қажеті жоқ деп сендіреді.

– Біз суды Қиғаш-Маңғышылақ су құбырынан аламыз. Біз қазір суды пайдаланудың 0-дік деңгейіне көштік. Ал қоршаған ортаға зиян туралы жобаны қоғамдық тыңдау емес, экология министрлігі қабылдайды, - деді Азаттық тілшісіне Сәдуақас Мералиев.

KPI компаниясы басқармасының бастығы Сәдуақас Мералиев (сол жақта) және сарапшы Олег Картавцев. Атырау, 4 сәуір 2013 жыл.
KPI компаниясы басқармасының бастығы Сәдуақас Мералиев (сол жақта) және сарапшы Олег Картавцев. Атырау, 4 сәуір 2013 жыл.
Жобаны дайындаушылардың бірі Олег Картовцев «қоршаған ортаға келетін залалдың теориялық жағынан жан-жақты қаралғанын» айтты.

– Ол жерде адамдар тұрмайды. Ендеше адам жоқ болса, тиетін әсер де жоқ емес пе? Ал Теңіз кеніші бізден әлдеқайда қашықта, оның ауаға әсерін есептеу мүмкін емес. Қарабатан елді мекеніндегі «Болашақ» зауыты болса жұмысын әлі бастаған жоқ, - деді маман.

Атыраудағы жаңа газ-химиялық кешеннің құрылысы 2009 жылы басталған еді. Басты мердігері - қытайлық Синопек Инженеринг компаниясы. Жобаның құның 6,3 миллиард долларға бағаланған. Құрылысты екі кезеңге бөліп салу жоспарланған. Қазір құрылыс алаңын дайындау жұмыстары жүріп жатыр.

Жаңа зауыт қаладан 35 шақырым қашықтықта салынған тағы бір кәсіпорын – «Болашақ» мұнай-газ өңдеу зауытының қасында орналасқан. Оның алғашқы кезеңі іске қосылғанда жылына 500 мың тонна полипропилен өндірілетін болады. Негізгі шикізат жеткізуші ретінде «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі белгіленген.
XS
SM
MD
LG