Accessibility links

Жер митингісіне белсене қатысқан Оқиза апа


Зейнеткер, бұрынғы геолог Оқиза Махамбетова. Атырау қаласы, 8 маусым 2016 жыл.

Зейнеткер, бұрынғы геолог Оқиза Махамбетова. Атырау қаласы, 8 маусым 2016 жыл.

75 жастағы Оқиза Махамбетова Атырауда өткен үкіметтің жер реформасына қарсы жаппай наразылықта көзге түсті. Зейнеткер, бұрынғы геолог биліктің «өзін ұстауға батпағанын» айтады.

Оқиза Махамбетова сәуірдің 24-і күні Атырауда үкіметтің жер кодексіне түзету енгізу арқылы ауылшаруашылық жерлерін жалға беру мен сату тәртібін өзгерту жоспарына қарсы өткен елдегі ең ірі рұқсат етілмеген митинг кезінде ең егде белсенді ретінде назарға ілінді.

Сол күні Оқиза апаның сөйлеген сөзі біраз адамның смартфоны мен видеокамерасына жазылып, әлеуметтік желілерді шарлап кетті. 75 жастағы ақ жаулықты әже Азаттық тілшісі түсірген видеода: «Біздің ата заңымызда «жер халықтікі» деп жазылған. Ал енді қазір [үкімет] конституцияны тоқсан айналдырып, «аренда» деді, «сатамыз» деді. Депутаттар жоғарыдан бұйрық келсе, жат десе жатады, тұр десе тұрады. Олардан қайыр жоқ. Біз өзіміз кінәліміз. Осылай бір жұдырық болып жиналуымыз керек. Жерді сатқызбаймыз! Ататын болса атсын, міне!» деп қазақи камзолының сыртынан киген ақ плащының өңірін айқара ашады. Бұл сөздердің авторы ояна бастаған қазақстандық азаматтық қоғамның бейнесіне айналғандай көрінген.​

ВИДЕО: Оқиза Махамбетова өз азаматтық ұстанымы туралы:

Оқиза Махамбетовның балалық шағы екінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі қиын кезеңдерге тұспа-тұс келген. Оның отбасы мыңдаған қазақстандық сияқты сол кездегі аштық пен жоқшылықты көп көрген. Тете ағасы мен інісі әскери борышын өтеуге кеткен соң жас қыз Атыраудағы жер кепелердің бірінде жалғыз тұрып орта мектепті бітірген. Шешесі ерте қайтыс болып, мұнайшы әкесі Прорва кенішінде еңбек еткен.

1961 жылы Атырауға студенттерді іріктеуге келген сынақтан сүрінбей өткен ол Алматыдағы Қазақ тау-кен институтының (қазіргі Ұлттық техникалық университет – ред.) студенті атанады. 1966 жылы оқуын бітірген соң Мәскеудегі Губкин мұнай-газ институтын тәмамдаған жолдасы Киікбай Махамбетовпен отбасын құрып, туған жерге оралады.

Киікбай Махамбетов Сарықамыс мұнайгаз өндіру басқармасы, Балықшы мұнайгаз өндіру басқармасы мекемелерінде шеберден бастап басқарма бастығына дейін көтерілген. Күйеуі қайтыс болған соң төрт баланы тәрбиелей жүріп геолог мамандығынан қол үзбеген Оқиза Махамбетова зейнетке шықса да, өзң маңызды санайтын қоғамдық мәселелер бойынша азаматтық позициясын ашық танытып тұрады.

«ТҮРМЕДЕН ҚОРЫҚҚАМ ЖОҚ»

Оқиза Махамбетова сәуірдің 24-і күні Атыраудағы митингіде белсене сөйлегенімен өзін ешкімнің жауаптамағанын айтады. Жиынға қатысушы бір топ жергілікті белсендіні кейін полиция әкімшілік және қылмыстық айыппен қамауға алған еді.

- Мені ешқайда шақырмады. Ұялса керек. Мен сол жолы соңғы сөзімді айтқан едім. Түрмеден де, ештеңеден де қорыққаным жоқ, -дейді Оқиза апа.

Ол митинг болатыны туралы баласынан естіген соң үйде отыра алмағанын айтады. Өзінің Жер кодексіне байланысты өзгерістерге наразылығын айту үшін алаңды таңертең бір шолып қайтып, жиынның түстен кейін болатынын естіп, екінші рет қайта арнайы келген. Сол күнгі мыңдаған адам жиналған митинг билік үшін күтпеген қарсылыққа айналып, Қазақстанның басқа да қалаларындағы белсенділерге дем берген. Кейін билік даулы заң өзгерістеріне мораторий жариялап, жер мәселесін қоғаммен талқылау үшін арнайы комиссия құруға мәжбүр болды.

Ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсылық жиыны. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсылық жиыны. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

- Мен геолог болып істеген жылдары мұнай кәсіпшілігі қиын кезеңдерді бастан кешірді. Қыстың ызғары мен жаздың елу градустен түспейтін ыстығында бұрғышылар, операторлар иен далада қалай еңбек еткенін естігенімен көрген, арасында жүргендер болмаса, терең түсінбейді. Олар сол жерде еңбек етіп, ұрпағы, балалары үшін қиындыққа төзген, - дейді Оқиза апа.

Оқиза Махамбетова – жер дауынан бұрын мұнай саласы бойынша түрлі стратегиялық және экологиялық мәселелер көтеріп те көзге түскен адам. Ол 1990 жылдардан бастап Қазақстандағы Теңіз кеніші, кейінгі Қашаған кеніші тәрізді ірі мұнай кен орындарының келісім шарттарына қатысты түрлі қоғамдық тыңдауларда наразылық пікірін айтып келеді. Бұрынғы геолог Теңіз кенішінің контрактісінің ашықтығын, оның қайта қаралуын талап етушілердің бірі.

- «Қашағанды болашақ ұрпаққа қалдыру керек» деген академик Мұфтах Дияровтың ұсынысын да қолдадым, қолдаймын да. Атыраудың іргесінен салынған «Болашақ» газ зауытын да Қара тонға көшіруді талап еткендердің арасында болдым. Халық тілегі ешқашан ескерілген емес, - дейді Оқиза Махамбетова.

«НЕ ЖАСАДЫҢ?» ДЕП СҰРАП ТҰРУ КЕРЕК ЕДІ»

Зейнеткердің ойынша, Қазақстан тәуелсіздігін алған соң биліктің халық алдындағы жауапкершілігін сезінуі әлсіреп кеткен.

- Біздер көп затты қолдан шығарып алдық. Үкіметтен де, депутаттардан да «Сен не жасадың?» деп сұрап тұруымыз керек еді. Тіпті бұл сауалды президенттен сұрап отыруымыз керек болатын. Енді қара халықты билік адамға санамайды, - деп қынжылады ол.

ВИДЕО: Жерге қатысты жиын, Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Оқиза апаның ойынша, Атырауды «мұнайлы астана» деп әспеттеткенімен оның тұрғындарының әлеуметтік ахуалы ол атауға «сай емес».

- Шынымды айтсам келіспейтін затым көп. Мен үкіметтің жердің байлығын халықтың рұқсатынсыз сатқанымен келіспеймін. Мен үкіметтің ауылға қатысты саясатымен келіспеймін. Мен үкіметтің кадр саясатымен де келіспеймін. Мен азғантай топтың ел қазынасымен байығанымен келіспеймін, - деп ойын түйіндеді ол.

Оқиза Махамбетова Атыраудағы соңғы митингіден соң «билікті құлатпақ болды» деп айыпталып, жауапталып жатқан белсенділерді жаланың құрбаны деп санайды.

- Мұның бәрі халыққа жала жабу. Бұл биліктің өз халқына келгенде көрсеткен әлсіздігі. Сөйлеуге міндеттіміз, себебі біз адам баласымыз. Макс Боқаевтың (қамаудағы белсенділердің бірі – ред.) [президент Нұрсұлтан] Назарбаевтың жүйесін құлататындай қандай ресурсы бар? - деп кейиді зейнеткер.

Оқиза апа жер дауына қатысты толқу кезінде ұсталған азаматтық белсенділерді қолдау үшін құқық қорғаушылар мен тәуелсіз журналистер құрған «Араша» ұйымынан хабардар болып шықты.

- Менің телефонымды берші, хабарлассын, олар барған жерге мен де барамын, - деді әже Азаттық тілшісімен қоштасып тұрып.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG