Accessibility links

Макс Боқаев пен Талғат Аянның айыптары өзгерді


Азаматтық белсенді Макс Боқаев сотта тұр. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев сотта тұр. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.

Қамаудағы атыраулық азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға бұған дейін таңылған бір айыптың орнына жаңадан басқа үш айып тағылды.

Осыған дейін Макс Боқаев пен Талғат Аянға «Билікті басып алу және ұстап тұруға насихаттау немесе ашық түрде шақыру» айыбы тағылған. Қазір белсенділерге оның орнына қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша («бұқаралық шарада жалған ақпарат тарату», «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру» және «жиналыс, митинг, пикет, шеру, демонстрация өткізудің тәртібін бұзу») айыптар тағылған.

Бұл жөнінде Азаттыққа Макс Боқаев пен Талғат Аянның адвокаты Төлепқали Аянов пен азаматтық белсенді Әсел Нұрғазиева хабарлады.

- Иә, бұл баптар "билікті күшпен өзгертуге шақыру" айыбындай аса қорқынышты емес. Бірақ жаңа тағылған баптар қаншалықты шындыққа сәйкес келеді? Тіпті, Макс Боқаевтың митингіде (24 сәуірде) жұртты тәртіпке, тазалыққа шақырған, жас балалардың қайтуын сұраған видеосы бар, - дейді құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева.

Құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева.

Құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева.

Боқаев пен Аянның қылмыстық ісіндегі айыптау баптарын өзгерткен тергеуші шешімінің Азаттыққа жеткен электронды нұсқасында жоғарыда аталған үш бап туралы жазылған. Белсенділер жақтастары өздерін алаңдатып отырған тағы бір мәселе бар екен.

- Шешімде Тоқтар Төлешовтың есімі аталады. Тергеудің ары қарай қалай жалғасарын білмеймін, бірақ бұл фамилияның істе көрінуі - маңызды фактор, - дейді Әсел Нұрғазиева.

Азаттықтың қолында бар құжаттарға қарағанда, Атырау облысы бойынша ҰҚКД 9-басқармасы басшысы, полковник А.У.Абугалиевтің пайымдауынша, Боқаев Аянмен араласып тұрған, ал ол Тоқтар Төлешовтің "қызығушылығын" (құжаттарда солай жазылған) туындатқан. Билікті басып алуды жоспарлаған Төлешов 2015 жылдың желтоқсанында сенімді адамдары арқылы Аянға Төлешов мүддесі үшін қарсылық акцияларын өткізуге 100 мың АҚШ долларын берген. Осы жылдың көктемінде Боқаев пен Аян "жер туралы заңға жұрттың қызығушылығы артқанын байқап", "өздерінің қоғамдық-саяси беделдерін өсіруді, одан ары "саяси дивиденд" жинауды көздеп (ал Аян "жеке бас мүддесін" ойлап) "жер мәселесі" бойынша саяси-қоғамдық акция жасауға шешім қабылдаған". Бұл "акция" сол 24 сәуірде Атырауда өткен митинг болуы керек. Ол митингке кейбір дерек көздері бірнеше мың адам қатысты десе, ресми тергеу құжаттары "700 ге дейін адам қатысқан" деп көрсетеді.

Азаматтық белсенді Талғат Аян сот залында тұр. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.

Азаматтық белсенді Талғат Аян сот залында тұр. Атырау, 3 маусым 2016 жыл.

Макс Боқаев пен Талғат Аян 24 сәуірде Атырауда жер кодексіне байланысты өткен алғашқы ірі қарсылық акциясын ұйымдастыруға қатысқан. Үкімет енгізген жер реформасы ауыл шаруашылық жерлерін ел азаматтарының меншікке алуына, ал шетелдіктердің ұзақ мерзімге жалға алуына мүмкіндік берген.

Осы шеруден кейін мамыр айында Макс Боқаев пен Талғат Аянға қатысты «Билікті басып алып ұстап тұруға, конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақыру» айыбы бойынша тергеу алды тексеруі басталған. Ол кезде Боқаев пен Аян «заңсыз митинг ұйымдастырғаны үшін» 15 күндік жаза мерзімін өтеп жатқан болатын.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін азаматтық белсенділер Макс Боқаев, Талғат Аян және Жанат Есентаевты босатуға шақырған. Ұйым 22 маусымда таратқан мәлімдемесінде Астана қамауда отырған белсенділерге таққан айыптарды алуы тиіс екенін айтқан.

Боқаев пен Аян және тағы ондаған белсенді 21 мамырдың қарсаңында ұсталған. Олардың үйлері тінтілген. Әуелгі 15 күндік қамау жазасын өтеп бітпестен оларды "билікті күшпен басып алуға, ұстап қалуға, конституциялық құрылымды күштеп өзгертуге шақыру" айыбымен тергеп, қамау мерзімдерін ұзартқан.

"Макс пен Талғатты қолдау тобында" осы қылмыстық іс бойынша айыпталған тағы төрт азаматтың айыбы 24-баптың 1-тармағынан - 272-баптың 1-тармағына ("Қылмысқа дайындалу" айыбынан "Жаппай тәртіпсіздік" айыбына) ауыстырылғаны жазылған. Азаттықта бар тергеу құжаттары да мұны дәлелдейді. Ол азаматтар - Құбайдолла Шолақ, Ерлан Башақов, Жасұлан Мұсабеков, Әлібек Мұсаұлы. (272-баптың 1-тармағы бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін). Ал тергеу құжаттары бойынша осы топта айыпталған Сағынғали Қапизов пен Ғатауғали Боқанның ісі олардың әрекетінде қылмыс болмағандықтан тоқтатылған.

Жерге қатысты митинг. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Жерге қатысты митинг. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Сәуірде жер мәселесі бойынша Қазақстанның бірнеше қаласында көпшіліктің қатысуымен наразылық акциялары өткен еді. Осы шерулерден соң, мамырдың 5-і күні Қазақстан президенті жер кодексіндегі шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту, құрамында шетелдіктер бар серіктестіктерге жер сату туралы даулы баптарға жыл соңына дейін мораторий жариялап, үкімет жанынан жер реформасын қоғаммен талқылайтын комиссия құрылған.

Атырауда басталған шеруден кейін Алматы және басқа қалаларда белсенділер мамырдың 21-і күні наразылар митингіге шығуға тырысқанымен, көшедегі адамдарды жаппай полиция ұстаған. Мамырдың 21-і қарсаңында және сол күні ұсталған белсенділердің арасынан 30-дан астам адам 15 тәулікке қамалған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG