Accessibility links

Атырауда тағы да хиджабқа қарсы науқан басталды


Атырау мемлекеттік университетінде оқитын мұсылман қыздарды хиджаб кигендері үшін сабаққа кіргізбей қойды. 12 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Атырау мемлекеттік университетінде оқитын мұсылман қыздарды хиджаб кигендері үшін сабаққа кіргізбей қойды. 12 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Атырауда дінге қатысты дау қайта шықты. Хиджаб киген студент қыздар оқуға кіре алмай, университеттің босағасынан қайтып жүр. Ал намаз оқитын мұсылмандар полиция бақылауға алып, «намазды қаза қылып оқыңдар» деген талап қойғанын айтады.


Атырау мемлекеттік университетінде білім алып жатқан студент қыздар басына орамал таққаны үшін өздеріне қарсы оқу орны әкімшілігі тарапынан қысым тағы да күшейгенін айтады. Ал Жылыой ауданындағы мектеп-лицей оқушылары өздерінің сәждеге жығылуда шектеу көріп жүргенін айтып шағымданады.

ХИДЖАБҚА ҚАРСЫЛЫҚ

Азаттық тілшісіне телефон шалған Атыраудағы Халел Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университеттің экономика және басқару факультетінің 2-курсында оқитын студент қыздар өздерінің мұсылман үлгісіндегі киімдеріне қатысты шектеуге тап болғанын жеткізді.

Олардың айтуынша, өткен бейсенбі, жұма күндері киімдеріне бола сабаққа кіре алмаған. Ал сенбі күні университеттің кіре берісінде тұрған күзетші хиджаб киген қыздарды ғимаратқа кіргізуден бас тартқан.

– Бұл алдын-ала мемлекеттік бақылау өткізілетін күн еді. Есік алдында топырлап тұрғанымызды факультетіміздің деканы Бекет Кенжеғұлов көріп, қасымызға келді. Бірақ ол алдымен университет ректоры Алтай Қазмағамбетовке телефон шалып сөйлесті де, онан соң «болмайды екен» деп бізді қайтарып жіберді, – дейді Гүлдана Наурызбай.

Студент қыздар мұсылман үлгісіндегі киіммен келуге тыйым салынғаны туралы тиісті құжатқа ректордың қол қойып, мөрмен куәлендіріп беруін өтінбек болған екен. Бірақ ректор студенттермен сөйлесуге келмепті.

– Біз өз құқығымыз үшін құзырлы орындарға шағымданғымыз келген. Бірақ ондай құжат қолымызға тимей отыр, – дейді студент қыздар.

Олар өздеріне студенттік билеттегі суреттерді өзгерту туралы талап қойылғанын да айтады.

– «Мына суретте орамал тақпай түскенсіңдер - не солай кіріңдер, не бастарыңа орамал тағып, суретті ауыстырыңдар. Бұл - ішкі тәртіп» дейді. Басымыз қатты. Алдында «суретке орамалсыз түсіңдер» деп еді, енді
Атырау мемлекеттік университетінде оқитын мұсылман қыздар хиджаб кигендері үшін сабаққа кіре алмай кетіп барады. 12 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
«орамалдарыңды байлап қайта түсіңдер» деп жатыр. Шамасы, соңғы кезде Атыраудағы мұсылмандар төңірегіндегі жайттарға байланысты бізді нақты тізімге алып, заң орындары суретімізбен іс ашайын деп жатқан болар деп уайымдаймыз, – дейді аты-жөнін атамауды өтінген қыздардың бірі.

Азаттық тілшісі студенттердің біріне: «Университеттің ішкі тәртібі осындай болса, оны сақтағанда тұрған не бар? Аз уақыт бас киімсіз отыруға болмай ма?» деген сұрақ қойған еді.

– Үзілді-кесілді болмайды, – деп жауап берді ол. – Біз онда Аллаға және оның хадистеріне мойынсұнбаған боламыз. Олайша күнәға бата алмаймыз.

ДЕКАНМЕН ӘҢГІМЕ

Студенттердің айтуынша, ақпанның 14-і күні экономика факультетінің деканы Бекет Кенжеғұлов факультеттегі дінге бет бұрған қыздармен әңгіме өткізіпті.

– «Намазды қалай оқисыңдар? Үйлеріңде қанша адам бар? Олардың барлығы намаз оқи ма? Теріс ағымдағы ақпараттарды оқымайсыңдар ма? Ата-аналарың осылай киініп жүргендеріңнен хабардар ма? Атыраудағы молаларды қиратқандардың іс-әрекеті туралы не ойлайсыңдар?» деген сауалдар қойды. Содан соң ата-анамызды жиналысқа шақыратындарын айтып еді, бірақ артынша ондай жиынның болмайтынын хабарлады, – дейді студент қыздардың бірі Әйгерім Қуанышқалиева.

Сонымен бірге олар өз үйлеріне деканат қызметкерлерінің телефон шалып, бірқатар сауалдар қойғанын да айтып берді.

– «Сіздің қызыңыз экстремистік оппозицияға қатысайын деп жүр» деген екен деканымыз әкеме телефонмен. Содан бері ол үнемі уайымдап жүр. Бірақ мен оның не нәрсе екенін білмейтінімді түсіндірдім, – дейді Гүлдана Наурызбай.

Азаттық тілшісі хабарласқан экономика факультетінің деканы Бекет Кенжеғұлов студент қыздардың айтқанын жоққа шығарып, қысқа ғана жауап берді.

– Ол ешқандай жиналыс емес, жай өзіміз жиналып әңгімелестік. Ал қазір сізбен сөйлесе алмаймын. Түскі ас ішетін уақыт болды, – деді Бекет Кенжеғұлов.

Осы мәселелерге байланысты Атырау мемлекеттік университеті ректорының өзімен сөйлеспек болған Азаттық тілшісінің әрекеті нәтижесіз аяқталды. Ректордың жұмыс телефондары да, ұялы телефоны да жауап бермеді.

Атырау университетіндегі хиджаб киген қыздарға қарсы оқу орыны басшылығы тарапынан былтыр қараша айында да шектеу жасалғаны туралы Азаттық хабарлаған. Мұсылманша киінген қыздар «ішкі ережелерге» байланысты бірнеше күн өздерін университетке кіргізбей қойғанын айтқан еді. Бірақ кейін қыздардың оқуларын жалғастыруға рұқсат берілген.

Қазақстандағы оқу орындарында хиджаб кию төңірегіндегі дау-дамай бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Білім министрлігі «Қазақстан – зайырлы мемлекет» дегенді көлденең тартса, әділет министрлігі азаматтардың конституциялық құқықтарының шектелмеуі керек екенін еске салады. Әзірше бұл мәселеге қатысты қабылданған нақты шешім жоқ.

НАМАЗ ОҚУҒА РҰҚСАТ ЖОҚ

Атырау облысының Жылыой ауданындағы №9 кәсіптік-техникалық лицей оқушылары да өздерінің мұсылмандық міндеттерін орындауда қағажу көріп жүргендерін айтып шағымданады.

Осы лицейдің 3-курсында оқитын Бердібек Нарымбаев, Насиха Дауылбаев,
№9 кәсіптік-техникалық лицей оқушылары (солдан оңға қарай) Бердібек Нарымбаев, Насиха Дауылбаев және Әділбек Байжұманов. Жылыой ауданы, Атырау облысы, 5 ақпан 2011 жыл.
Әділбек Байжұмановтар жергілікті мешіттен келген наиб-имамның өздерін «уаххабист» деп атағандарын айтады.

– «Уаххабист» деген кім деп сұрасақ, оны түсіндіріп айта алмайды. Лицейдегі қыздарға хиджаб кигізбейді, бізге намаз оқытпайды. Қазір жергілікті полиция бақылауға алып, «намазды қаза қылып оқыңдар» деген талап қойып жатыр. Бірақ олай істеуге Алладан қорқамыз. Сырт жақта оқиық десек, оған да мүмкіндік бермейді, – деді студент жігіттер Азаттық тілшісіне.

Азаттық тілшісі оқушы балалар нұсқаған Жылыой ауданы мешіті наиб-имамы Серік Ясинге қоңырау шалып, «уаххабист» деп кімді атағаны жайлы сұраған еді.

Бірақ ол «сіз теріс бағытқа кетіп бара жатқан адамдарға жанашыр болып жүрсіз» деп, тілшінің өзін айыптады.

– Мен бала кезімнен намаз оқитын ата-әжелеріміздің жолын ұстап, қолына су құйып өстім. Сондықтан мазхабтың не екенін жақсы білетін адаммын. Қайсысы мазхаб және қайсысы мазхаб емес екенін де білемін. Қазақстан Респбликасы азаматы ретінде мен болашақты ұрпақты ойлаймын. Менің естуімше, сіз оппозициялық бағыттағы журналист екенсіз, – деген наиб-имам телефон тұтқасын қоя салды.

Ал Жылыой аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Нұрхат Оразбаев «министрліктен келген нұсқауға сәйкес, баспасөз қызметі рұқсатынсыз жауап бере алмайтындығын» көлденең тартып, түсініктеме беруден бас тартты.

БАС ИМАМНЫҢ ПІКІРІ

Хиджабқа байланысты әңгіменің қайтадан белең алғанына Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Нұрбек қажы Есмағамбет таңданыс білдірді. Оның пікірінше, бұл мәселе облыстық әкімшілік қызметкерлерінің араласуымен баяғыда шешілген.

– Біз ол факультеттің деканына тағы хабарласамыз. Кезінде олар маған енді ешқандай кедергі болмайтыны жайлы ауызша уәде берген еді. Облыс
Атырау облыстық орталық мешітінің бас имамы Нұрбек қажы Есмағамбет. Қараша, 2010 жыл.
әкіміндегілер де «Нұреке, болды – оларды қуып шығуға шынымен негіз жоқ» деген болатын, – дейді бас имам.

Нұрбек қажы Есмағамбет хиджабқа Қазақстанның дизайнерлері араласып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елдің білім министрлігіне жаңа әдемі киім үлгісін ұсынғанын айтады.

– Мәселе Құранда айтылған жерлерді жабу ғой. Бірақ оның қашан қабылданатыны белгісіз, – дейді бас имам.

«Ал Жылыой ауданындағы мектеп-лицейлерде намаз бен хиджабқа тыйым салуға ешкімнің құқы жоқ» дегенді айтты Нұрбек қажы. Ол өзіне жуырда жұмыс орындарында намаз оқуға рұқсат беру туралы сұрақтың қойылғанын еске алады.

– Мен мүфтиятқа арнайы телефон шалып, жауапты мүфти орынбасарынан алдыртқан едім. Олар намазға ешкімнің кедергі болмауы тиістігін айтып отыр. Сондықтан біз мұны тек жұмыс орындарына ғана емес, мектептерге де айтамыз, – дейді Нұрбек қажы.

Ал Жылыой ауданының наиб-имамы оқушы балаларға «уаххабист» дегенде, бәріне бірдей емес, жеке біреуіне қаратып айтқан болар деп санайды облыстың бас имамы.

– Мен осы уақытқа дейін намазхандарды, хиджабты да қорғап келемін. Соны теріс ағымдар пайдаланып кетіп жатыр. Олар көпшілікке: «біз дұрыс жолда жүрміз» дей беруі мүмкін. Бірақ оларды намаз оқуынан, тағы басқа әрекеттерінен жазбай тануға болады, – дейді Нұрбек қажы Есмағамбет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG