Accessibility links

Атырау полициясы "терроршының көзін жойғанына" сенімді


Айсұлу, қаза тапқан Сергей Лидің әйелі, ері оққа ұшқан жерде тұр. Атырау, 31 тамыз 2011 жыл

Айсұлу, қаза тапқан Сергей Лидің әйелі, ері оққа ұшқан жерде тұр. Атырау, 31 тамыз 2011 жыл

Атырауда терактілер жасамақ деген күдікпен қамауға алынғандардың бірі қолға түсіру барысында оққа ұшты. Алайда марқұмның ата-анасы оның полицияға еш қарсылық танытпағанын айтады.


Тамыздың 31-і күні ресми брифинг өткізген Атырау облысы прокуроры Сейфулла Кемалов лаңкестік бағыттағы әрекеттер асамақ болған 18 адамның қамалғанын хабарлады. Олардың алтауына терроризмге қатысы бар деген айып тағылды.

ПРОКУРОР МӘЛІМДЕМЕСІ

- Тамыздың 29-ы күні осы топтың бір белсендісін тұтқындау барысында құқық қорғау органы қызметкерлеріне қарсы оқ атқандықтан көзі жойылды. Оқиға орнын тексеру барысында қолдан жасалған жарылғыш заттар, қысқа сапты қарулар мен діни тақырыптағы әдебиеттер табылды, - деп мәлімдеді Сейфулла Кемалов

Оның айтуынша тергеу барысында олардың Атырау облысы мен Қазақстанның өзге өңірлерінде іске асырмақ болған жоспарлары анықталмақшы. Қазір бірнеше бағыттағы және соның ішінде қылмыстық кодекстің терроризм туралы 233-бабына сай қылмыстық іс қозғалып отыр.

- Жедел жүргізілген жұмыстар ұсталған топтың радикалды діни ағым өкілдері екенін көрсетті. Мерт болған жалғыз адам. Басқа зақымданған бөгде адамдар және құқық қорғау органы өкілдері болған жоқ. Атыраудағы криминалды жағдай қалыпқа келді. Алаңдайтын ештеме жоқ, - деді прокурор.

Бұдан әрі тергеудің аяқталмағанын көлденең тартқан прокурор журналистердің Атырау облысындағы терроршы топ жайлы хабардың қашан және қайдан пайда болғаны жайлы сауалдарына нақты ақпарат айтудан бас тартты.

ЕЛ ІШІНДЕГІ ДАҚПЫРТ ПЕН ҮРЕЙ

Жалпы тамыздың соңында Атырауда әлдебір экстермистік-террористік топ жайлы алып қашпа әңгіме гулеп тұрды. Жергілікті тұрғындар құқық қорғау органдары операциясын өздерінше топшылап, бір-біріне қала ішінде әр жерде болып жатқан жарылыстар жайлы дақпырттар тарата бастады. Елді үрей биледі. Конституция күніне орай өтеді деп жоспарланған мерекелік шаралардың бірқатары орындалмай қалды.

Тамыздың 30 күні Астрахан-Атырау бағытымен жолдан оралған Азаттық тілшісі жолай қойылған қатаң полиция бақылауларын көрген еді. Оның себебін өзінше түсіндірген такси жүргізушісі де «Сіз естімеген екенсіз, Атырауда атыс болып жатыр ғой. Уахаббшылар қақтығыс бастады» деп өзінше түсіндірді.

Соңғы бірнеше айда Қазақстанның батыс өңірінде бірқатар экстермистік элементтердің бой көрсеткені белгілі. Мамырда Ақтөбедегі қауіпсіздік комитеті департаменті ғимаратында жанкешті өзін жарса, маусымда осы облыстағы бірнеше полиция қызметкерлері атыста қаза тапқан еді.

«ШАБУЫЛ ЖАСАУ ҮШІН ЕМЕС, БЕРІЛУ ҮШІН ШЫҚҚАН»

Азаттық тілшісі тамыздың 29 күні лаңкестікке қатысы бар деген күдікпен қамауға алу барысында қаза болған діндардың туыстарымен жолыққан еді. Ислам дінін қабылдаған кәріс ұлтының азаматы 28 жастағы Сергей Лидің ата-анасы ұлдарының полицияға қарсылық көрсетпегенін айтады.

Марқұмның ата-анасы Борис Ли мен Елена Бурлакова ұзақ жылдар бойы ұстаз болған адамдар. Олардың отбасында үш ұлдары бар. Елена Бурлакованың айтуынша Сергей осыдан 7 жыл бұрын жеке басындағы сәтсіз оқиғадан соң ата-анасынан жасырын түрде ислам дінін қабылдаған. Ал жұбайы Айсұлудың дінге бет бұрғанына бес жылдай уақыт болыпты. Үй-ішінің қарсылығына қарамастан ол исламды ең дұрыс дін деп санайтындығын айтып, одан бас тартпаған.

- Ол намаз оқуға шамасы келсе орталық мешітке, кейде қаладағы ескі мешітке баратын. Тіпті уақыты болмай қалғанда құлшылығын үйде жасайтын еді. Сергей - өте еңбеккқор болатын. Өз қолымен үй салып, шағын шаруашылығын жүргізіп отырды. Соңғы ай бойы шағын жаздық үй құрылысымен айналысты. Мамандығы заңгер, арнайы лицензия алып, жеке күзет фирмасын ашып, бизнеспен де айналысқанымен, кейін кедергілерге тап болған соң тоқтатқан-ды. Содан соң су құбырлары кәсібімен айналыса бастады. Қала ішінде түрлі сыбыстар тарай бастағанда әйелі оның тіпті қоқыс шығаруына да тыйым салды, - дейді Елена Бурлакова.

Анасының айтуынша, Сергейді бұрын полицияға шақырған жайттар болмаған.

- Бір кездері әлде бір сұрақпен полицейдің келгені есімде. Бірақ тұтқындап, қамау жайттары болған емес. Сергей ата-анасын уайымға салғысы келмейтін. Оның үстіне «сен қабылдаған діннің салдарынан осындай жағдайға тап болдың» дегенді де естігісі келмейтін болар, бұл мәселелер жайлы бізге ашып айтқан емес. Алайда оның құқық қорғау органдарына діндар мұсылман ретінде белгілі болғаны рас. Бұл тіпті оның бизнесінің өрістеуіне де кедергі болды.

Елена Бурлакованың айтуынша тамыздың 29-ы ері екеуі әдеттегідей немерелерін алып кетуге «Атырау» шағын ауданындағы Сергейдің үйіне барған. Жолай қарсы жолыққан келіні Айсұлу балаларды оларға тапсырып, өзі үйге кеткен.

- Алайда сағат 16.30 шамасында телефон шалған ол: «Мама, сіз шыға аласыз ба? Мұнда бір адамдар сөйлескісі келеді, тек жылы киініп шығыңыз» деді. Сыртқа шыққанымда джип машинасының қасында тұрған бейтаныс адам қол бұлғап шақырды. Машинаға келіп отырған менің қасыма танымайтын бір адам отырды. Ал алдыңғы орындықта отырған кісі өзін полиция бастығы ретінде таныстырды. «Сіздің ұлыңызға қатысты террористік әрекетті ұйымдастыруға қатысы бар деген күдік бар. Балаңыздың өз еркімен берілуі үшін бізбен бірге баруыңыз керек» деді. Мен «Одан күдіктенердей қандай негіз бар? Құжаттарыңызды көрсете аласыз ба?» деп сұрағам. Ол маған тек «Барлық құжаттар бар, біз оны сізге көрсете аламыз» деді. Біз күйеуіміз екеуміз өз көлігімізбен полицейлерге ілесіп ұлымыздың үйіне келдік.

Көшені қарулы полицейлер қоршап алыпты. Операцияны ішкі істер бөлімінің бастығы басқарып жүрді. Сергейге телефон алып, сөйлесе бастадық. Ол Ақтөбедегі жайттарды мысал ете отырып, «дінге қатысы барларды көшеде себепсіз ұстап тұтқындап жатыр, мені де қамайды, мен шықпаймын» деді. Даусынан үрей араласқан әрі үмітін үзген адамның ырғағы аңғарылады. «Мама, сізді мұнда әдейі әкеліп отыр ма? Кетіңіздер бұл жерден. Менің балаларым саған аманат» деді. Мен оған «Ешқайда кетпеймін, маған сенің өлгенше түрмеде тірі отырғаның керек» дедім. Ол маған «Сен мені шығара аласың ба, ондай мүмкіндігің бар ма?» деді.

Біз онымен телефонмен жиырма минуттай сөйлестік. Содан соң бірнеше «Газель» көліктері келіп, одан бетперде киген, автомат арқалаған адамдар түсіп, оқ ататын орындарға орналаса бастады. Кейін Айсұлумен сөйлескен соң «жақсы, жаным шығамын» деп ұлым келісім берді. Ал әкесі сол жерде тұрғандардың басшысынан қару қолданбауды сұрап, «Ұлым шығады, оқ атпаңдар!» деп өтінді. Оған жауап берген полиция бастығы оқ атылмайтынына уәде берді. Аз уақытқа Сергеймен байланыс үзіліп қалды. Ол әрі қарай телефонға жауап берген жоқ. Мен болсам полициядан «Мені балама жіберіңдер! Ол менімен бірге шығады!» дегенмін. «Жоқ болмайды, ол сізді кепілдікке алып қалуы мүмкін» деді. Туған шешесін қалай кепілдікке алмақ?

Сергей шығады деп күтіп отырғанда қасымызға ақшыл түсті костюм киген әлгі операцияны басқарып отырған офицер келіп біздің көлігімізді әрі әкетуді талап етті. «Қазір мына жердің сау тамтығы қалмайды, ол үсті- басына жарылғыш заттар асып алып шығып келеді» деп айқайлады. Мен өзімнің кетпейтінімді айттым. «Кімді жармақ ол, өз әке-шешесі мен әйелін бе?» деп сұрадым.

Полиция талабы бойынша көлігімізді ары жылжыттық. Әкесі «Оқ атпаңдар, ол шығады!» деп айқайлаумен болды. Мен қақпаның кілтін шығарып өзім ашқым келген, бірақ мені ары қарай итеріп жіберді. Сол кезде атыс естілді. Бұл кезде уақыт кешкі 19 сағат 10 минут еді. Ол жақсы есімде. Шамасы осы уақыт менің баламның ажалы жеткен тұс болуы керек. Аздан соң қараңғылық түсе бастады. Әбден қараңғылық қоюланғанда қақпаға «Газель» көлігін әкелді. Әрекеттердің барлығы жарықсыз жүргізіліп жатты. Қақпаны қоршай 7-8 адам тұра қалды. Онсыз да тас қараңғыда не болып жатқанын аңғару, көру мүмкін емес еді. Баламның денесін бізге көрсетпестен алып кетті. Тек содан кейін ғана біздің үйге жақындауымызға мүмкіндік берді.

Мен «Ұлыма не болды?» деп сұрадым. Маған «Кешіріңіз, сіздің ұлыңыз қайтыс болды» деді. «Денесін қашан аламыз?» деген сауалыма «Әзір емес, алдымен сараптама жасалады» деді. Бірақ бізді үйге кіргізген жоқ. Ол жерде бізді қатыстырмай іздеу жұмыстары жүріп жатты. Денені алып кеткен соң 10 минуттай уақыт өткен кезде терезенің сынған дыбысын естідік. Үйдің артындағы терезеге оқ тиіпті. Оны не үшін атты – түсініксіз. Саперлер жарылғыш заттар іздеп жүрді. Олардың қасында куәлар деп аталған адамдар болды. Сонда біздің өмірімізді «қорғау» мақсатында баламыздың үйіне жолатпауларын түсіндік делік, ал куә болып жүрген бөгде адамдардың өмірі үшін неге сақтық шаралары жасалмады? Оларды неге кіргізді?

ЖАРЫЛЫССЫЗ АТЫС

Туғандарының айтуынша Сергейді ол үйінен шыға берген тұста табалдырықта атқан. Оның әкесі, 35 жыл бастапқы әскери дайындық сабағынан берген тәжірибелі мұғалім Борис Ли алдымен мергеннің бір рет атқан оғының дауысын естігенін айтады. Содан соң бірнеше автоматтан оқ атылған және соңында тағы мерген оғының дауысын естіген.

- Полицейлер оның қолында «Ф-1» гранатасының болғаны туралы айтқанымен ешқандай жарылысты естігенім жоқ. Ал егер «Ф-1» жарылса, ол жердегі үйлердің де күлі көкке ұшар еді, - дейді ол.

Азаттық тілшісі марқұмның үйінде болған еді. Аулада ешқандай жарылыстың да, қанның да, оқтың да ізі байқалмайды. Тек үйдің артындағы оқ тиген жалғыз терезе болмаса.

СЕРГЕЙДІ МҰСЫЛМАНША ЖЕРЛЕДІ

- Біз тек көргенімізді айтып отырмыз. Біздің қолымызға тінту хаттамасын да, алынған заттардың тізімін де берген жоқ. Үйден ноутбук, резеңке қолшоқпарлар мен Құран және сунна кітаптарын алып кетті. Олар осы орталық мешіттен сатып алынған кітаптар еді, -дейді Елена Бурлакова.

Ал Сергейдің жұбайы Айсұлу тінтуден кейін күйеуінің әмиянындағы жеке құжаттарына қоса 240 мың теңгенің де қолды болғанын айтады.

- Ұлымызды оның өзі қабылдаған ислам дінінің талабына сай ақ жуып арулап жерледік. Ол осы дінді қабылдады, сол үшін мерт болды. Енді өлген адамды тәрбиелеп қайтемін, -дейді марқұмның анасы.

Қаза болған діндардың әкесі Борис Ли көкейінде қалған сауалдарын Азаттық арқылы құқық қорғау органдарына жолдады

- Неге полиция басшысы қару қолданбау туралы айтқан уәдесін орындамады? Неге баламыздың денесін көруге рұқсат етпеді? Іздеу жұмыстарын неге бізсіз өткізді?

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG