Accessibility links

Жанбай тұрғындары «балық аулауға қойылған шектеуге» наразы


Балықшылар мен полиция қақтығысынан соң ауылға әкелінген арнайы жасақ. Атырау облысы Исатай ауданы Жанбай ауылы, 3 сәуір 2017 жыл.
Балықшылар мен полиция қақтығысынан соң ауылға әкелінген арнайы жасақ. Атырау облысы Исатай ауданы Жанбай ауылы, 3 сәуір 2017 жыл.

Өткен апта Атырау облысы Жанбай ауылында полиция мен балықшылар қақтығысты. Тұрғындар балық аулауға қойылған шектеулерге наразы. Балықшылар сөзінше, жергілікті билік теңізде жүзуге қолайлы қайықтарды шығартпай отыр. Билік өкілдері ресми ережелерді алға тартады. Ал полицияға бағынбаған тұрғындар іздестіріліп жатыр, тергеуге барып жүрген адамдар да бар.

Ауыл әкімі Дидар Есмұхановтың Азаттық тілшісіне түсіндіруінше, сәуірдің 3-і күні полиция «ауылда балық тиеген, тіркелмеген көлікті тоқтатып, оны алып кетпек» болған. Бірақ бетперде киген бір топ ауыл тұрғындары балық тиеген көлікті полицияға бермей, алып кеткен. Сол күні түстен кейін ауыл мектебіне полицияның арнайы жасағ орналастырылған. Енді «билік өкілдеріне күш қолданды» деген күдікке ілінген тұрғындар іздестіріліп жатыр.

Атырау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлназира Мұхтарова «браконьерлік, бұзақылық жасап, билікке қарсы шықты деген күдікке ілінгендерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бір аптадан бері жалғасып жатқанын» растады. Ал Азаттық тілшісінің дерек көзі «бұл іске қатысы бар деген 13 адамның аты -жөні анықталғанын» айтады.

Жанбайдағы балықшылармен қақтығыс болған күні келген полиция. Атырау облысы Исатай ауданы, 3 сәуір 2017 жыл.
Жанбайдағы балықшылармен қақтығыс болған күні келген полиция. Атырау облысы Исатай ауданы, 3 сәуір 2017 жыл.

Ауыл тұрғындары сол оқиғадан соң қысымның күшейіп, облыс әкімдігі өткізген жиналыста ауылға арнайы жасақ әкелуге қарсы сөйлеген, «жасақ кетпесе мектепке балаларын жібермейтінін» мәлімдеген кейбір тұрғындардың Исатай аудандық полиция бөліміне тергеуге барып жүргендерін айтады. Алайда қысымнан қаймыққан тұрғындар «тергеуге барып жүрген бес-алты адамға» қандай сұрақ қойылып жатқанын да, полициямен болған қақтығыстың да егжей-тегжейін нақтылап айтпайды.

ЖИІ ҚАЙТАЛАНАТЫН ЖАҒДАЙ

Жанбай ауылында тұратын Роза Сақтағанова «сәуірдің 3-і күні кешке қарай бетперде киіп, автомат асынған арнайы жасақтың бірнеше машинамен келіп, ауыл мектебіне орналасқаны елді дүрліктіргенін» айтады.

- Немерелеріміз оқиды ол мектепте. Ауылдағы азғантай халыққа әскер төгетіндей не көрінді? Қару кезеніп жатқан ешкім жоқ, қарсы шығып жатқан жоқ. Азғантай баланың тентектігіне бола арнайы жасақ шақырған. Аз ғана халық бар мұнда. Ауыл бір безендіріліп, теңізбен көркейіп тұрған ауыл болса екен, - деп кейиді Роза Сақтағанова.

Оның айтуынша, осы жасаққа наразы болған әйелдерді полиция тергеп жатыр. Ал ауылдың бұрынғы әкімі, азаматтық белсенді Сағатбай Қапизов «балықшылардың бетперде киіп алып, ұстаған балықтарын полициядан тартып алуының» негізгі себептерін түсіндіріп:

Билік өкілдерімен кездесуге жиналған Жанбай ауылы тұрғындары. 3 сәуір 2017 жыл.
Билік өкілдерімен кездесуге жиналған Жанбай ауылы тұрғындары. 3 сәуір 2017 жыл.

- Олардың күнкөрісінің өзі балық болып отыр. Билік ұсынған жұмыстар жалақысы айға шаққанда 50 мыңнан аспайды. Ол бейнетіне тұрмайды. Одан да қорадағы бес-алты тұяғын өсіріп, балығын аулап, сорпа-суын жасап, асқанын кооперативке өткізіп, балаларына киім-кешек, оқу құралдарын алады, - дейді.

Жанбай балықшыларының полициямен қақтығысы бірінші рет болып отырған жағдай емес. 2011 жылы наурыз айында Солтүстік Каспийдегі балық аулауға қатысты кезекті тексеру рейді кезінде теңізде балық аулап отырған екі балықшыны полиция ұстап, балықтарын тәркілеген. Алайда ауыл адамдары жиналып, кіре беріс жолды жауып полиция көлігіндегі балықтарын, олар алып кеткен мотоциклдерін қайтарып алған. Бұл оқиғаның соңы екі тараптың келісімімен, бітіммен аяқталған. Ал 2008 жылы Каспий теңізінде шекарашылардың «Астана» катері төрт балықшының қайығына оқ жаудырып, екі жанбайлық қаза тапқан еді. Кейін сот оқ атуға команда берген катер командирі Руслан Шүршеновті ақтап шығарған болатын.

«ҚАЙЫҚ ЕМЕС, АСТАУ»

Жанбайлықтар «полициямен болған қақтығыстан соң ауыл адамдарымен кездесуге келген облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевтың 2013 жылы шыққан балық аулау туралы ережені сақтауды талап етіп кеткенін» айтады.

Балықшылардың Азаттық тілшісіне түсіндіруінше, ол ережеге сай теңізде жүзуге моторының қуаты 20 аттың күшінен аспайтын қайықтарға ғана рұқсат етіледі. Алайда олар салмағы тым жеңіл ол қайықтардың теңіздің асау толқындары алдында дәрменсіз екенін айтып, өмірлеріне қауіп төнетінін ескертеді. Қудалаудан жасқанып аты-жөнін айтпаған балықшылардың бірі:

- Бұл - шағын өзектерге арналған қайық. Егер теңізде сәл жел көтерілсе, аударылып, адам өледі. Әкімдіктің [ереже сақтау туралы] бұйрығынан кейін Атыраудағы Жайық өзенінде сондай қайықты пайдаланған балықшылардың бірінің суға кеткенін естіп отырып, онымен теңізге қалай шығамыз? - дейді.

ВИДЕО: Балықшылар дауы

Жанбайлықтар тергеліп жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:49 0:00

Оның сөзінше, бұған дейін моторында 40 аттың күші бар қайықтарға арнайы тыйым болмағандықтан, ауыл адамдары бір жарым миллион теңге тұратын ондай қайықтарды несиеге алған.

- Ауыл халқы осы балықпен күнелтіп отыр. Көбі жұмыссыз. Балық аулап, жан бағамыз деп қарызданып алған «қырықтық» қайықтарын енді жарамайды деп шығарып отыр. Несие төленбей, банкіден қоңырау шалып, адамдар күйзеліспен жүр, - дейді ол.

Оның сөзінше, моторында 20 аттың күші бар қайықтардың құны да аз емес – 1 миллион 200 мың теңге шамасында. Зейнеткер, байырғы балықшы Шәпен Қанатбаев Азаттық тілшісіне «жиырмалық қайықтарды» да көрсетті. Ауылдастарының сөзін қолдаған ол «бұл қайық емес, астау» дейді.

- Каспий - дүниедегі ең үлкен көл, ол теңіз емес. Толқыны бес қабатты үймен бірдей болады. Мынадай қайықпен қалай шығады? Оны айтса, халықты кінәлайды. Бұл «шықпа, балық аулама» деген сөз,- дейді ол.

Теңіздегі қайықтар. Жанбай ауылы, 10 сәуір 2017 жыл.
Теңіздегі қайықтар. Жанбай ауылы, 10 сәуір 2017 жыл.

Жанбайлықтар билік ұсынған Атырау облысы шегіндегі түрлі компаниялар мен кен орындарындағы жұмыстармен жан бағудың қиын екенін айтады.

- Анда, мұнда жібереді. Ол жұмысты істегенде 100-120 мың теңге береді. Оны екі айға бөлгенде 50-60 мыңға мына қымбатшылықта семья асырау мүмкін емес, - дейді балықшы жігіт.

«МАЛ БАР, ЖАЙЫЛАТЫН ЖЕР ЖОҚ»

Шәпен Қанатбаев ауылдың күнкөріс көзі балық аулау екенін баяндап отырып, «мал болғанымен, жайылатын өріс жоқ» деп, тағы бір проблеманың ұшын шығарды.

- Ауыл іргесінде ресейлік «Потенциал Ойл», «Жаңа талап» және «Ембімұнайгазға» тиесілі кеніштері бар. Олар Жанбайдың астындағы майды сорып отыр. Ол жерлер бұрын малдың жайылымы еді,- дейді ол.

Шәпен қарт ауылдың шетіндегі бұрандамен бекітіп кеткен, осыдан он шақты жыл бұрын мұнай атқылаған орынды да көрсетті.

Жанбай ауылы сыртындағы мұнай атқылаған орын.
Жанбай ауылы сыртындағы мұнай атқылаған орын.

- Бұл жерден газ аралас мұнай атқылады. Оған скважина орнатып кеткені болмаса, мұнай қосындылары төгілген жер жабылған да, тазаланған да жоқ. Осы кеніштердің айналасына жайылған малымызды сойғанда іш құрылысы мүлде жеуге жарамсыз. Оны ешкім тексеріп жатқан жоқ. Жел соққанда ауыл жағымсыз иіске бөгеді,- дейді ол.

Оның сөзінше, «ауылда екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер көп. Оларды маңайдағы өндіріс ошақтары жұмысқа алмайды».

«ОЛАР - БРАКОНЬЕРЛЕР»

Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Сырым Рысқалиевтың айтуынша, «төрт жыл бұрын шыққан ереженің енді ғана жүзеге асырылуының себебі балық шаруашылығы ауыл шаруашылығы министрлігіне тек биыл берілгендігінде жатыр».

- Олар - браконьерлер. Оларға ешкім несиеге қайық ал деген жоқ. Қырықтық қайықтар тіркелгенімен, олар - серуендеуге арналған «казанкалар». Балық уылдырық шашқан кезде мотор шуы аз қайықтар қолдану керек. Сол үшін «бударка» деп аталатын, күші 20 аттық қайықтарды ұсынып отырмыз, - дейді Сырым Рысқалиев.

Жанбай ауылының ау тоқып тұрған тұрғыны. Атырау облысы Исатай ауданы, 10 сәуір 2017 жыл.
Жанбай ауылының ау тоқып тұрған тұрғыны. Атырау облысы Исатай ауданы, 10 сәуір 2017 жыл.

Оның сөзінше, «бударкалар стандартпен жасалады». Арнайы бөліктері ауланған балықты жеке сақтауға мүмкіндік береді.

- Облыстағы балық саласын реттейтін уақыт келді. Осы уақытқа дейін балық жыртқыштықпен ауланып келді. Біздің аталарымыз кезінде ескекті қайықпен де балық аулаған. Күші 20 аттық қайықтар аударылмайды, аударылса да батпайды, арнайы солай жасалған,- деді ол сенімді түрде.

Атырау облыстық территориялық жануарлар әлемі мен орман шаруашылығы инспекциясы қызметкері Олег Тушканов талап қойылған соң«жанбайлық балықшылардың күші 20 аттан асатын моторы бар «13 қайықты теңізден өз еріктерімен алып кеткенін» айтты. Оның сөзіне қарағанда, «жыл сайынғы балық аулауға облысқа берілетін лимит биыл азайып кеткен». Инспектордың сөзіне қарағанда, «былтыр облыстағы 19 балық кооперативтеріне 19,5 мың тонна лимит бөлінсе, биыл бар болғаны 12 мың тонна балыққа рұқсат берілген». Ол 2013 жылы шыққан балық аулау туралы ереженің осы уақытқа дейін неге сақталмай келгеніне «жауап бере алмайтынын» айтты.

- Біз тек кемелердің суда жүзу режимін тіркейміз. Олар бізге заңды тұлға ретінде тіркеледі, - дейді ол.

Ал ауыл әкімі Дидар Есмұхановтың сөзіне қарағанда, қазір ауылда балық аулауға мотор күші 20 аттық қайықтарды шығару жұмысы жүріп жатыр. Әкімнің мәліметіне қарағанда, ауылдағы балық аулайтын «Амангелді», «Абылайхан», «Ракуша» кооперативтері биыл моторында 20 аттың күші бар 26 қайық сатып алған. Алайда ауылда балықшы ретінде тіркелген азаматтар саны 130-дан асады.

Жанбай ауылдық округы әкімдігі. Атырау облысы Исатай ауданы, 10 сәуір 2017 жыл.
Жанбай ауылдық округы әкімдігі. Атырау облысы Исатай ауданы, 10 сәуір 2017 жыл.

Дидар Есмұхановтың сөзінше, «ауылдағы жұртқа облыс билігі 935 жұмыс орынын ұсынған. Оған қанша адам алынатыны әзірге белгісіз. Ауыл әкімдігінің мәліметінше, Жанбайдағы жұмыссыз адам саны тек 118».

Әкім жанбайлықтардың «ауыл маңындағы кен орындарына жұмысқа алмайды» деген шағымына қатысты уәжін де айтты. Шенеунік сөзіне қарағанда, ауыл маңындағы кеніштерге жұмысқа орналасу жайы жұмыс орындарының босауына байланысты.

- Ол жерге алмайды емес, алады. Ауыл ішінен жұмыс істеп жатқан адамдар бар. Бірақ ол жерде тек Жанбайдың адамдары жұмыс істесін деген заң жоқ қой, - дейді әкім.

Дидар Есмұханов ауыл тұрғындарының экологиялық жағдай туралы наразылықтарын естіп, таңғалды. Оның айтуынша, «әдетте мұндай жағдайда ел Атырауға арыз жазады, ал әзірше ешкім арызданбаған».

- Жағымсыз иіс теңіздікі болар, - деп болжады ауыл әкімі.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл ашық жатқан шалшыққа мұнай қосындылары шөккен. Жанбай ауылы, 10 сәуір 2017 жыл.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл ашық жатқан шалшыққа мұнай қосындылары шөккен. Жанбай ауылы, 10 сәуір 2017 жыл.

Жанбай ауылынан облыс орталығына дейін 110 километр. Ауылдан Атырау-Астрахань күре жолы өтеді. Жанбай ауылының кейбір тұрғындары Совет Одағы тарағалы жөндеу көрмеген осы шұрқ тесік жолда такси болып, пұл табады. «Балықшылар ауылы» деген атқа ие болған Каспий жағалауындағы бұл елді мекенде 3340 адам тұрады. Олардың негізгі күнкөрісі - балық аулау. Ауылда басқа жұмыс көзі аз.

XS
SM
MD
LG