Accessibility links

"Мақатавтокөлікбазасындағылар" алдымен жұмыс істеп, сосын аштық жарияласа ғана жалақыға жетеді


«Мақатавтокөлікбазасы» мекемесінің аштық жариялаған жұмысшылары. Атырау облысы, Мақат ауданы, 21 ақпан 2010 жыл.

«Мақатавтокөлікбазасы» мекемесінің аштық жариялаған жұмысшылары. Атырау облысы, Мақат ауданы, 21 ақпан 2010 жыл.

Атыраудағы «Мақатавтокөлікбазасы» мекемесінің оннан астам жұмысшысы мерзімі шектеусіз аштық жариялады. Мекеменің жалақы қарызы – 2 миллион теңгеден асады. Аштық акциясы басталған 21 ақпаннан бері жұмысшылардың денсаулығын дәрігер тексермеген. Мақат ауданының әкімі қарызды жабуға тырысып жатқанын айтады.

«Мақатавтокөлікбазасы» КММ жұмысшыларының мәлімдеуінше олар аштық жариялайтындары туралы ақпанның 10-ында Мақат аудандық прокуратурасы мен аудандық әкімшілікті жазбаша түрде құлағдар еткен. Алайда құзырлы орындар арыздарын қабылдап алғанымен он күн бойына ешқандай әрекет жасамаған.
Мақат ауданына кіре берістегі жазулар. Атырау облысы, 21 ақпан 2010 жыл.


Соған қарамастан жұмысшылар аштық жариялау арқылы ғана жалақыға қол жеткізетіндеріне сенімді. Олар өткен жылғы қараша, желтоқсан және осы жылғы қаңтар айлары үшін берілуге тиісті еңбек ақыларын талап етіп отыр. Бұған қоса 2009 жылдан бері қолға тимеген зиянды жұмысқа бөлінген арнайы сүт өнімінің өтелуін сұрайды.

– Біз аштық жариялағанда ғана жалақымызды береді. Жылда солай. Тіпті, түн ішінде тауып әкеледі. Былтыр Наурыз мерекесіне қарамастан ақшамызды әкеліп берген, – деп еске алады оператор Валентина Морозова.

Аштық жариялаушылардың қай-қайсысы да әр отбасының жалғыз асыраушысы. Осы мекемеде бір жарым жылдан бері күзетші болып еңбек етіп келе жатқан Исатай Үкебаевтың отбасындағы 11 адам оның 22 мың теңге жалақысымен күнелтеді екен. Ал оның елге қарызы 25 мың теңгеден асып кетіпті.
Мақатавтокөлікбазасы» мекемесінің күзетшісі Исатай Үкебаев Азаттық тілшісіне хал-жағдайын айтып отыр. Атырау облысы, Мақат ауданы, 21 ақпан 2010 жыл.


– Тамақтан басқа коммуналдық төлемдер тағы бар. Өткенде ақысы төленбеген соң газымды қиып кетті. Енді электрді өшірсе, бала-шағам аштан қататын болар, – деп уайымдайды ол.

«Мақатавтокөлік базасы» – аудандағы 15 мың тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз мекеме. Мұнда 25 адам еңбек етеді. Осы уақытқа дейін олардың тек 5-уі толық жалақысын алса, 1 адам айлығының жартысын ғана алған.

Сондықтан халық судан мүлде қағылып қалмауы үшін жұмысшылар наразылық акциясын жұмыстан қол үзбей жалғастырып жатыр. Аштық жариялағандар жұмыстан соң үйлеріне бармай, аядай суық дүңгіршекте қонуда.

–Үйімізге қайтпаймыз. Себебі, қарыны аш сәбиіміздің көзін көргіміз келмейді. «Әже, алма алып бересің бе?» деп сұрайды немерем. Мен оған ақша жоқ деп қалай айтам? – деді Антонина Карфидова.

Әзірге аштық жариялағандардың бірі Вера Канаеваға былтырғы жылдан қалған екі айдың жалақысы берілгені белгілі болды.

Мекеменің басшысы Төлеген Жангереев жалақының төленбеуіне өзінің қатысы жоқ деп санайды. Ол аштық жариялағандар айыпты әкімшілікке артып отыр деп түсіндіреді.

– Мен өзім де жалақымды солардан кейін аламын. Қолымнан не келеді? – деп шарасыздық танытады Төлеген Жангереев.

ӨМІРЛЕРІНЕ АЛАҢДАҒАН ОПЕРАТОРЛАР «ӨСИЕТНАМА» ЖАЗҒАН


Бұл «Мақатавтокөлікбазасы» мекемесі операторларының жариялап отырған алғашқы аштығы емес. Бұған дейін де олар еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны уақытылы төлеуді талап етіп бірнеше мәрте наразылық акциясын ұйымдастырған.

Өздерін жергілікті биліктің «қара тізіміне де іліктік» деп санаған олар, жеке бастарының ғана емес, жақындарының да өмірі үшін де алаңдайтынын айтады.
Мақат ауданына кіре берістегі жазу. Атырау облысы, 21 ақпан 2010 жыл.


«Жыл сайын маңдай терімізді төгіп тапқан ақшамызды талап ету мен су төңірегіндегі былықтарды білетініміз бірсыпыра адамдарға жақпайды. Тіпті, бізге келіп «сендерді автоматпен қырып тастау керек» деп қоқан-лоққы жасағандар да болды. Сол себепті қатерге душар болсақ, кімді кінәлайтынымызды көрсетіп, хат жазып, туысқандарымызға тараттық» дейді олар.

Ал аштық жариялаған Антонина Карфидова өзінің хатын Ресей мен Германиядағы туғандарына жолдапты.

ПРОКУРОР МЕН ӘКІМ АШТЫҚ ЖАРИЯЛАҒАНДАРҒА КҮДІКПЕН ҚАРАЙДЫ

Жергілікті билік өкілдерінің «Мақатавтокөлікбазасы» операторларының жанкештілік әрекеттеріне бойлары әбден үйреніп кеткендей. Сондықтан Азаттық тілшісі хабарласқан құзырлы орган өкілдерінің барлығы да келісіп алғандай «бұл 3-4 жылдан бері қайталанып келе жақан жағдай» десті.

Мақат ауданы прокуроры Халидолла Дауешовтың айтуынша, прокурорлық шара алынып, қаржы полициясына тексеру үшін ұсыныс жасалыпты.

– Бұған дейін «Мақатавтокөлікбазасы» жалақыны уақтылы бермегені үшін 2 рет әкімшілік жауапқа тартылған. Бірнеше мекеменің үстінен суға қарызы үшін қылмыстық іс қаралып жатыр, – деп мәлімдеді прокурор.
Мақат ауданының тұрғындары «Мақатавтокөлікбазасынан» келіп су алып жатыр. Атырау облысы, Мақат ауданы, 21 ақпан 2010 жыл.


Бірақ Х.Дауешов сушылардың шынымен аштық жариялап жатқанына күмәнданатынын да айтып қалды.

– Бір барғанымда олардың су ішіп, темекі тартып жүргендерін көрдім, – дейді ол.

Алайда прокурордың бұл сөзі аштық жариялаушылардың ашу-ызасын туғызып отыр.

– Бізге прокурордың сенген-сенбегені шарт емес. Өйткені, біздің тамақ алатындай бір тиынымыз да жоқ, – дейді мақаттық сушылар.

Ал, Мақат ауданының әкімі Сырым Рысқалиевтың сөзіне сүйенсек, аштық жариялағандар оның орынбасарынан да көп жалақы алады екен. Мәселен, «әкім орынбасары 65 мың теңге алса, оператор 70 мың теңге еңбекақы алады» дейді Сырым Рысқалиев.

Сондағы оператордың бітіретіні, күніне 2-3 сағатқа тетікті басу ғана. Ал мұны табысы жоқ, шығыны көп мекеменің қалтасы көтермейді.

Алайда сумен қамту мекемесінің жұмысы әкім ойлағандай оңай-оспақ емес. Оны барғанда көзіміз көрген. Ол жердегі 400 вольттан астам тетікті басқару қауіпті жұмыс! Оның үстіне жұмыс орнында жағдай да жоқ. Ол әкім орынбасарының жылы кабинетіндей жайлы да емес. Еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы да бөлек әңгіме.Сушылар қыста жылуы жоқ бөлмеде жаураса, жаздың аптабында қайда тығыларларын білмей дал болды.

Әкім оларға Атыраудың іргесіндегі Қарабатан елді мекенінде салынып жатқан зауыттан жұмыс тауып беруді де ұсынған екен. Бірақ «Мақатавтокөлікбазасында» жұмыс жасайтындардың басым көбі 30-40 жыл еңбек өтілі бар мамандар болғандықтан олар Қарабатандағы уақытша жұмысқа қызықпайды.

– Ақшасы жоқ жерден жабысып айырылмай отырған адамдарды бірінші рет көріп отырмын. Мүмкін ол жерде табыстың басқа көзі бар шығар, – деп күдіктенеді Сырым Рысқалиев.

Өзінің экономикадан хабары мол, сауатты жігіт екенін ескерткен Сырым Рысқалиевтың мәлімдеуінше, «Мақатавтокөлікбазасын» сақтап қалу үшін ол бірталай жұмыстар атқарған. Өткен жылғы қарыздарын жапқан. Осы жолы да әкім тығырықтан шығудың жолы ретінде жалақыны алты айға төмендете тұруға ақыл беріпті.

Ол су мекемесі қызметкерлерін елден пайдаланған судың ақысын дер кезінде жинап, жұмысты дұрыс ұйымдастырмай жүр деп кінәлайды.

Алайда жұмысшылардың Азаттық тілшісіне баяндағанындай, аудандағы әкімшілік қызметкерлерінің суға төлемеген қарызы да 60 мың теңгеден асады. Ал әкімшілік иелігіндегі жылу қазандығы пайдаланып жатқан су үшін тиын төлемегеніне бәлен жыл болыпты.

Сондай-ақ, жұмысшылардың айтуынша «ауданда жалпы аумағы 1700, 2000 шаршы метрден асатын кафе, ресторандар жеткілікті. Ауруханалар мен бала-бақшалар да күніне қаншама су пайдалануда.
Аштық жариялаған «Мақатавтокөлікбазасы» мекемесі жұмысшыларының Мақат ауданы әкіміне жолдаған арызы. Атырау облысы, Мақат ауданы, 21 ақпан 2010 жыл.


Не себепті екені белгісіз, өзара келісім шартта күніне 6 литр су пайдаланады деп жазылған. Бұны қайта қарап, тексеру ешкімнің ойына келмейді.

Мақат ауданы әкімі қалай болғанда ақша тауып, аштық жариялағандарға көмектесетінін де айтып отыр.

Бірақ Азаттық тілшісіне өзінің ештеңеден қорықпайтын адам екенін де бірнеше қадап айтып, ескертіп қойды.

«АТЫРАУ СУ АРНАСЫ» СУ ОРЫНЫНА НЕГЕ АУА АЙДАЙДЫ...

Су мекемесі қызметкерлері Азаттық тілшісіне өткен жылғы желтоқсанның 23-інде Мақат ауданы әкімдігінде олардың еңбек жағдайына байланысты үлкен жиналыстың болғанын айтып берді.

Оған Мақат аудандық мәслихаты депутаттары, әкімшілік қызметкерлеріне қоса, прокурор көмекшісі де қатысыпты. Сол жолы олар «Мақат автокөлікбазасы» мекемесінің облысты сумен қатамасыз етіп отырған «Атырау су арнасына» 18 миллион қарыз екенін хабарлаған.

Ал қазір 23 миллион теңге қарыз жөнінде әңгіме қозғап отыр. Сонда бар болғаны бір айдың ішінде 6 миллион теңге қарыз үстімізге қайдан жамалды деп таң қалады олар.

– «Атырау су арнасы» КММ директоры А.Ташлыков бізге 2008 жылдың наурыз, сәуір, мамыр, маусым айларының әрқайсысына 57 мың текшк метр су пайдаланғанымыз жайлы қағаз береді. Ал біздің есептегішіміздің көрсеткіші басқа. Мәселен, маусым айында есептегішіміз бойынша 17 мың текшк метр, ал тамызда 20 мың текше метр, қыркүйекте 17 мың текше метр су жұмсадық. Бұл нағыз тонау деп білеміз. Оны прокуратураға жазғанымызбен біздің цифларымыз ешкімнің көзіне түспей отыр, – деп шағымданады жұмысшылар.
Аштық жариялап отырған «Мақатавтокөлікбазасы» мекемесінің операторлары (солдан оңға қарай): В.Морозова, В.Карфидова, Қ.Хасенова арыздарын оқып беріп отыр. Атырау облысы, Мақат ауданы, 21 ақпан 2010 жыл.


Мақаттың қысы-жазы судан зардап шегетіні белгілі. Мұнда су алтыннан да қымбат. Сағаттап қана берілетін су тасушы машиналар келгендегі таласта тек әлділер ғана ауыз суға қол жеткізе алады.

Бірақ соған қарамастан «Мақатавтокөлікбазасының» су есептегіші 300-400 текше метр құр ауаны айналдырып тұр. Құбырда ауа қайдан пайда болды? Су мамандары құбырға компрессор қосылып тұр деп күдіктенеді.

Тіпті «Атырау су арнасынан» арнайы келген өкілдер де мұның себебін түсіндіре алмапты. Олар шамасы су жинайтын резервуарларыңның астында тесік бар деп уәж айтқан екен. Алайда жұмысшылар онда екі жылдан бері айналамыз көлге айналмай ма деп таң қалады.

– Сумен қамтамасыз етудің заңдылықтарын тым жақсы білеміз. Бар өміріміз осының айналасында өтіп келеді. Суық суда ауа болмайды.Оның үстіне бізге келетін судың жай ғана тамшысы және деңгейі 20-40-см аспайды, – деп ұғындырады тәжірибелі операторлар А.Карфидова мен М.Степнова.

Бұл жайды нақтылай түсу үшін бірнеше мәрте «Атырау су арнасына» телефон шалғанымызбен, жауап ала алмадық. Мекеменің хатшысы Қамажай Өтеулиеваның айтуынша, «Атырау су арнасының» бастығы А.Ташлыковтың бірде қолы тимеді, енді бірде жұмыс орынында болмады.

АШТЫҚ АКЦИЯСЫНДАҒЫЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ

Әзірге аштық жариялаушылар денсаулықтарының сыр бере қоймағанын айтады. Бірақ аудан әкімшілігі оларға әлі медициналық көмек ұсынбапты.

Қазір аштық жариялағандардың ендігі хал-жағдайымен тіркелмеген «Алға «партиясының өкілдері айналысып жатыр. Алматыдан келген «Алға» партиясының белсендісі Айсұлу Қадырбаева жұмысшылардың жағдайын көзімен көріп қайтты.

Партияның Атыраудағы филиалының төрағасы Ғазиз Сайфолла «Аштық жариялағандарды қолдау» комитетін құрғандарын мәлімдеді. Оның құрамында бірнеше қоғамдық ұйым өкілдері, заңгерлер бар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG