Accessibility links

Біреуді жұмыссыз, біреуді баспанасыз қалдырып, Сарықамыс жер бетінен жоғалып кетті


Ғалия Мұсқалиева, көпбалалы ана. Aқтөбе, наурыз 2011 жыл.

Ғалия Мұсқалиева, көпбалалы ана. Aқтөбе, наурыз 2011 жыл.

Атырау облысындағы Сарықамыс ауылы 2005 жылы экологиялық жағынан қауіпті деп таратылған еді. Ауыл тұрғындарын қала типтес кент пен қалаға қоныстандырды. Бірақ мал ұстап үйренген жұрт қаладан кәсіп таппай қалды.

Ауыл тұрғындарына Атырау облысы Жылыой ауданы Жаңа Қаратон кентіне немесе Атырау қаласына көшуге ұсыныс жасалды. Бірақ «үлесімнен қағылдым» деп есептейтін кейбір тұрғындардың жергілікті билікпен ұзаққа созылған күресін әлі күнге дейін біткен жоқ.

ҮЙ БӨЛІСІ

Ғалия Мұсқалиева «туған ауылымнан да, басымдағы баспанамнан да айырылып қалдым» дейді. Оған тұрғын үйді Жаңа Қаратон кентінен берген. Бірақ ол да, оның туыстары да «алданып қалдық, бізге бұрынғы үйімізден кішірек үй берді» дейді.

Үй бөлініп жатқан кезде Ғалия Мұсқалиева басқа жақта тұрған. Билік орындары «оның өтемақылық тұрғын үй талап етуге хақы жоқ» деп есептейді. Ал Ғалия Мұсқалиева «өзге ауылда мәжбүрліктен уақытша тұрдым, сондықтан да Сарықамыс ауылындағы әкемнің үйінде менің де үлесім бар» дейді. Ол биліктегілердің шешімімен жер бетінен жойылып кеткен ауылдағы әкесінің үйіндегі үлесіне өтемақы талап етіп отыр.

– Әкемнің мұрагерлік хаты бойынша Сарықамыстағы үй – отбасындағы тоғыз адамға тиесілі болатын. Қоныс аудару кезінде отбасындағы жеті адамға
Біз қарызға өмір сүріп жатырмыз. Айдың аяғында ұн мен судан быламық жасап жеп отырған отбасылар да бар...
ғана тұрғын үй берілді. Маған және апама берген жоқ. Алғашында екі бөлмелі пәтер ұсынған. Бірақ шағымданған соң бес бөлмелі пәтер берді. Тіпті үй көлемінің өзінен де алдады. Отбасындағы жеті адамға тиесілі 186 шаршы метрдің орнына бар болғаны 149 шаршы метр тұрғын үй берді, – дейді Ғалия Мұсқалиева Азаттық радиосының тілшісіне.

Ғалия Мұсқалиева сотқа арызданған екен. Бірақ барлық соттарда жеңіліп қалған. Оның айтуынша, бас прокуратураға, қоршаған ортаны қорғау министрлігіне, президенттік «Нұр Отан» партиясына берген шағымдары, тікелей эфир арқылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шағымдануы, Астанаға барған сапарлары – бәрі де нәтижесіз болған.

– Сарықамыс тұрған жерден мұнайдың ірі кен орнын тапқан. Енді ол жерде зауыт салмақ. Сондықтан да 1997 жылдан бастап тұрғындардан көшіру жөнінде арыздарын ала бастады. Мен тіркеуден шықпасам да, «үй кітабында жазылмағансың» деп, арызымды алмады, – дейді Ғалия Мұсқалиева.

Оның айтуынша, Сарықамыстағы әкесінің үйі тарлық еткендіктен, Құлсарыдан пәтер жалдап тұрған; кейінірек қарызға ақша алып, шағындау үй сатып алған.

– Сарықамыста тіркеуде тұрған, бірақ Ақтау, Ақтөбе қалаларында жеке пәтерлері болған адамдар көшіру кезінде не себепті отбасының әр мүшесіне қосымша тұрғын үй алды? Қазақстанның өзге облыстарында тұрып жатқан ондай адамдар Жаңа Қаратоннан берілген коттедждерін рәсімдеп болған соң жылдам сатып жіберді, – дейді Ғалия Мұсқалиева.

Ғалия Мұсқалиева 2006 жылы Құлсары қалалық сотына шағымданып, Құлсары қаласының әкімдігінен өзін қоныс аударушылардың тізіміне енгізуін, берілген тұрғын үйдің ауданын қайта қарауын талап етті. Құлсары қалалық соты да, одан соңғы Атырау облыстық соты да оның талап арызын қанағаттандырмапты.

Ғалия Мұсқалиева соңғы бес жылдан бері түрлі мекемелерге хат жазумен келеді. Ғалия Мұсқалиеваның арызын бас прокуратура Атырау облысы Жылой аудандық прокуратурасына жіберді. Атырау облысы Жылыой аудандық прокуратурасының прокуроры соңғы жазған хаттарының бірінде: «Аудандық әкімдік, БТИ қызметкерлері сіздің тұрғын жайыңыздың ауданын өлшеді және заңсыздықтар тапқан жоқ. Сіздің арызыңыз қанағаттандырылмайды, сот шешімін заңды деп есептейміз» деп жазылған.

«ҚАРЫЗҒА ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ»

Ғалия Мұсқалиеваның айтуынша, оның мүгедек бауырлары бар көрінеді. «Біреуінің көзі нашар көреді, екіншісінің жүйкесі сыр берген» дейді ол. Бірақ оларға берілген үйде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жағдай жасалмаған.

– Ас үй мен жуынатын бөлме – бірінші қабатта, ал жатын бөлмелер – екінші қабатта. Олардың жандарында үнемі адам болуы керек. Үй суық, жөндеу жұмыстарын да жүргізу қажет – барлығы құлап жатыр, – дейді Ғалия Мұсқалиева.

«Жаңа Қаратон және Құлсары қаласы тұрғындарының көпшілігі жұмыссыз, ал жұмыс істейтіндері арзымайтын ғана жалақы алады» дейді Ғалия Мұсқалиева:

– Біз қарызға өмір сүріп жатырмыз. Айдың аяғында ұн мен судан быламық жасап жеп отырған отбасылар да бар. «Балалар ішсін, дәмі кірсін» деген оймен пияз, бұрыш қосады.

Оның айтуынша, ауыз судың сапасы өте нашар. Отбасында дені сау адамдар жоқ. Бірақ дәрі-дәрмекке, емделуге ақша болмағандықтан дәрігерге қаралмайды.

– Мен бес бала тәрбиелеп отырмын. Жүргізуші болып жұмыс істейтін күйеуімнің жалақысы жетпейді. Балалардың айлық жәрдемақысы – 5 500 теңге. Жалақы алған күні ғана балаларға жеміс, ет сатып әпереміз, – деді Ғалия Мұсқалиева.

«Мен алты жылдан бері күресіп келемін. Қазір маған тұрғын үйдің қажеті жоқ, бірақ құқымды таптатпаймын» дейді Ғалия Мұсқалиева:

– Әділдікті іздей беремін. Атырауда шындық жоқ. Ақтөбеге келдім. Мүмкін, менің сөзімді мұндағылар еститін болар.

«ЖАҢА ҚАРАТОННЫҢ ЖАРТЫСЫ КӨШІП КЕТТІ»

Атыраудағы «Глобус» үкіметтік емес ұйымының (ҮЕҰ) төрайымы Галина Чернова «экологиялық жағынан қолайсыз Сарықамыс кентінен тұрғындарды қоныс аударту жұмыстары заңды өрескел түрде бұза отырып жүргізілді» дейді. Сарықамыс кенті Теңіз мұнай кен орнының қатты ықпал ететін
Галина Чернова - «Глобус» үкіметтік емес ұйымының төрайымы. Атырау, наурыз, 2011 жыл.
аймағында орналасқан. Осыдан бес жыл бұрын Атырау облысының билігі жұртшылықтың қысымымен халықты қоныс аудартқан.

– Құлсарының маңайынан екі қабатты, бір қабатты тұрғын үйлері бар Жаңа Қаратон деп аталатын кент арнайы салынды, – дейді Галина Чернова. – Қоныс аударудың өзінде өрескел заң бұзушылықтар болды. Халыққа азамат соғысы кезіндегідей қатаң талап қойылды: қоныс аудару үшін тұрғындар бір түннің ішінде керек заттарын даярлауы керек болды.

«Қоныс аударушыларға жаңа баспаналарына құқық беретін құжаттар берілген жоқ. Билікпен арада кәдімгідей шайқас жүріп жатты. Үйді иелену құқын беретін құжаттарды енді ғана бере бастады. Қоныс аудару жобасын жасаған «Шеврон» компаниясы коттедждердің жобасын жасағанда қоныс аударушылардың талабын ескерулері керек болған. Мүгедектер үшін тұрмысқа қажеттінің барлығы бірінші қабатта болуы керек» дегенді айтады Галина Чернова.

Галина Чернованың айтуынша, жоба осымен жабылған, бірақ мәселелерді жергілікті билік шешулері керек.

– Біз Сарықамыста әлеуметтік сұрау салулар жүргіздік, – дейді ол. – Коттедждерде барлық жағдайлар жасалған: ыстық, суық сулары, әжетханасы, жұмсақ жиһаздары, тіпті кілемдері мен шамдалдарына дейін бар. Жаныңа керектінің бәрі жасалған. Адамдардың не себепті наразы болып жүргенін біз алғашында түсіне алмадық. Кейін байыптап қарасақ, тұрғындарда бұл үйлерді иелену құқы жоқ болып шықты.

Галина Чернованың айтуынша, «үйлер сапасыз салынған, үй шатырларын жел ұшырып әкеткен».

– Жұмысы жоқ болғандықтан оларға коммуналдық қызмет ақысын төлеудің өзі ауыр тиген. Қоныс аударушылар – мықтағанда, тоғыз сыныптық білім алғандар. Олар өмір бойы мал бағумен айналысқан. Жаңа жерде әлдебір кәсіппен айналысуға мүмкіндіктері жоқ, – дейді эколог.

Оның айтуынша, Жаңа Қаратон кенті тұрғындарының жартысы коттедждерін сатып, көшіп кеткен.

– Бұл адамдар өмір бойы мал бағумен айналысқандықтан бұл жерде жұмыссыз қалды, – дейді Галина Чернова. – Қоныс аударушылар «ауасы лас жерде тұрып, күкіртсутекпен дем алып үйренгенбіз» дейді. Олар үшін ең бастысы – қаладағы сияқты қысылып-қымтырылмағаны, мал ұстау мүмкін болғаны.

45 МИЛЛИОН ДОЛЛАРЛЫҚ ЖОБА

Тәуелсіз шолушы Артур Шахназарян экологиялық жағынан қолайсыз ауданнан тұрғындарды көшіру жағдайына байланысты 2010 жылы мониторинг жүргізген. Оның айтуынша, әкімдік қоныс аударушылардың
Қоныс аударушылар «ауасы лас жерде тұрып, күкіртсутекпен дем алып үйренгенбіз» дейді. Олар үшін ең бастысы – мал ұстауға жағдай болса болғаны.
тізімін тіркеу бойынша жасаған.

– Сарықамыс ауылының тұрғындары мал ұстайтын. Оларды үш кезеңмен көшірді. Тұрғын үй беру барысында әкімдік адамдардың тіркеуіне назар аударды. Комсомол мұнайлы кентінен Махамбет ауданына қоныс аударған тұрғындарға үй берген кезде де адамдардың тіркеуін негізге алған. Өзге жерлерде тұратын, бірақ тұрғын үйде үлесі бар адамдар тізімге енбей қалды. Шындап келгенде, мәселенің барлығы жергілікті билікке байланысты, – дейді Артур Шахназарян.

Артур Шахназарянның айтуынша, «Шеврон» мұнай компаниясы қоныс аудару үшін 45 миллион доллар шамасында орасан қаржы бөлген.

Құлсары қаласы әкімінің орынбасары Мәжит Сағиевтің айтуынша, қоныс аудару және үй беру мәселесімен бұрынғы әкімдер айналысқан.

– Әкім мен әкімнің орынбасарлары ауысып кетті. Мен бұл мәселелермен айналысқан жоқпын. Қазір ауданда қоныс аудару жұмысы жүріп жатқан жоқ және бұл іспен ешкім айналыспайды, – деп жауап берді Мәжит Сағиев.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG