Accessibility links

80,74% лайықтымыз


"Нұр Отан" партиясының мүшелері парламент сайлауындағы жеңістеріне қуанып тұр. Астана, 16 қаңтар 2012 жыл.
"Нұр Отан" партиясының мүшелері парламент сайлауындағы жеңістеріне қуанып тұр. Астана, 16 қаңтар 2012 жыл.

Назарбаев режиміндегі кезектен тыс сайлауда «Нұр Отанның» маңдайы жарқырап, тағы да алдына қара салмады. Әсілі, біздің саясат теледидардан күнде көрсететін сериал тәрізді ғой. Бәрін алдын-ала біліп отырасың көріпкел болмай-ақ.

Ұлт лидеріндей көшбасшысы бар, барлық билік тұтқасы қолында тұрған «Нұр Отанның» көп дауысқа ие болатыны белгілі еді. «Ақ жол» басына Азат Перуашевтың келуінен-ақ мәжілістегі екінші партияның есімі де елге мәлім болды. Алайда, қазақ басына зор нәубет әкелген кешегі қызылдардың жалғасы – компартияның парламентке өтетінін өз басым күткенім жоқ. Бұл – биліктің тағы да қазаққа деген мазағы. Бұл – менің өз сөзім!

Серкесі оққа байланды. Арасынан жік шығарды, бөлді. Бар алаш десек, артық айтқан болармыз, қарашаның бір бөлігі үміт артқан «Ақ жол» ақыры Ақ орданың ақ батасымен (мүмкін, нұрлы батасымен) парламентке өтті. Оппозиция өзін қорланғандай сезіне ме? Бұл жағы маған беймәлім. Ал мен қорланғандаймын. Бұл – менің өз сөзім!

Сөз басында елдегі саясатты сериалға теңедік. Енді соған оралсақ. Оппозиция әдеттегіндей сайлау қорытындысымен келіспейтінін айты. Өз қарсылықтарын шеру арқылы білдірмек. Шеру дегенде Сарыарқа кинотеатрының артындағы алаңқай еске түседі. Соңғы кездері қоғам белсенділері «қазақ мұңын Ленинның тас мүсіні тыңдайды» деп кейіп жүруші еді. Мүмкін, енді қазақтың шерін күн көсем де тыңдамас. Косырев Ильичтің ескерткішін көзге көрінер жерге апарып қояр.

Өткен сайлаудан кейін Жармахан Тұяқбай: «Біз – екінші партиямыз» деген еді. Қазір де солай. Бірақ ұрланған дауыстарын қалай қайтармақ? ЖСДП-ның ендігі қадамы басты назарда.

Диктаторлық режимде оппозицияға қай кезде де күресу оңай емес. Парламентті уақытынан бұрын тарату, президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу Конституцияға енгізілмегені болмаса, әлдеқашан қалыптасқан норма. Оппозиция өкілдеріне үйренетіндей де уақыт болды емес пе?

Ақын Қасым Аманжоловтың «Сүй еліңді үйіңдей» дейтін жыр жолдары бар еді. Қазақты өз отбасындай аялап сүйетін, сүйіп қана қоймай оның болашағының жарқын болуына қарекет ететін, қайратын аямайтын жанды осындайда іздейсің. Таппайсың. Ақыры өзіңді жұбатпақ болып, Шахановтан өзің ойлағандай ұлы күрескер жасайсың. Өзіңнен жауапкершілікті алып тастау үшін барлығын соның арқасына арта саласың. Мағауиннен билікке кектеніп Еуропаға ауып кеткен диссидент жасап аласың. «Қан төгілді» деп қатты айтыпты» деп жазушыны мақтайсың. Жаңаөзендегі бауырларымызды Мағауин жоқтады – жетеді.

Шаңырақтағы қара табан қазақтың күркесі күреліп, Алтынбек пен Заманбек атылғанда, ВИЧ инфекциясынан жүзден аса сәби шетінеп, айдың аманында қазақтың бір қараша ауылы суға кеткенде, Жаңаөзенде қару қолданылғанда билікте отырған «Нұр Отан» қайтадан өз тағына жайғасты. Сексен пайыздан аса дауысқа ие болды. «Сайлау әділ өтпеді» дегеннен ары аспадық. Осы жолы да тұл ашуға булығып, тағы да қайрат көрсетпеспіз.

80,74 пайыз – біздің таңдауымыз болмас. Бірақ біз осыған лайықтымыз. Бұл – менің өз сөзім.
XS
SM
MD
LG