Accessibility links

«Теңізшевройл» мердігеріндегі еңбек дауы әлі біткен жоқ


Атырау облысындағы Теңіз кенішін игеріп жатқан «Теңізшевройл» компаниясының бас мердігерінің бірі «Сенімді құрылыс» мекемесі жұмысшылары жалақыны көбейту, жұмыс жағдайын жақсарту туралы талаптары орындалмағанын айтады.


Қаңтардың 30-ы күні түстен кейін «Сенімді құрылыс» компаниясының 30-дай дәнекерлеушісі жұмыстан кетуге мәжбүр болғандарын хабарлады. Олар жексенбі күні кешке Лондоннан арнайы ұшып келген «Энка Иншат» компаниясының бас менеджерлерінің бірі Синан Борамен кездескен екен.

«АЗ ЖАЛАҚЫҒА КЕЛІСПЕДІК»

Жұмыстан шығып кеткен жігіттердің бірі Нұрлан Өміров (өз өтініші бойынша аты-жөнін өзгертіп жаздық) төмен жалақыға бұдан әрі жұмыс істеуге келіспегенін айтты.

- Біздің жұмысымыз өте ауыр. «Теңізшевройл» зауыты аумағының ішіндегі шикі мұнай жиналатын алып қазандардың беткі қақпағын кесіп. ауыстырамыз. Төрт айда жөнделіп бітетін қазанды екі айда жасап тапсырдық. Соның өзінде сағатымызға 460 теңгеден төлейді. Ал жалақыны көтереміз дегенде 553 теңгеге ғана шығып тұр. Біз сағатына 800 теңгеден төлеуді сұрадық. Одан Синан Бора мырза бас тартты, -деді ол.

Нұрлан Өміровтің айтуынша, компания жұмысшылар жалақысын наразылықтан кейін 25 пайызға көтеруге келіскен.
Алатынымыз 140 мыңның төңірегі болып шықты. Оны вахта ауысымының екі айына шаққанда - 70 мың теңге.

- Оның ішінде «Теңізшевройл» тарапынан төленетін, зиянды жұмыс үшін қосымша 12 пайыз қосылып отыр. Сонда компания жалақыны тек 13 пайызға көтерді. Ереуілден соң ғана зияндылық үшін төленетін ақша мәселесі қозғалды. Содан соң жұмысқа дейін барып кетуге жолға кететін бір сағат уақыт жұмыс сағатына қосылды. Соның барлығын есептей келгеннің өзінде алатынымыз 140 мыңның төңірегі болып шықты. Оны вахта ауысымының екі айына шаққанда - 70 мың теңге. Бұндай дискриминацияға келісе алмадық, - деді жұмысшы.

Оның айтуынша, «Сенімді құрылыс» компаниясы басшысы жалақыны 25 пайыздан артық көтермеу себебін «Теңізшевройлмен» жасалған арзан шартпен түсіндірген. «Біз төмен бағамен келіскендіктен, сендерге көп төлей алмаймыз, ұнамаса шығып кетіңдер деді» дейді жұмысшылар.

- Расына келгенде жұмыс ауыр. Мәселен, желді күндері зауыт аумағында жүргенде күкірт ұшып жатады. Күкірттен екі көзіміз ашылмай, сағат жарым отырамыз. Сол қиналысымызға жарай ма бұл жалақы! - дейді ол.

«Сенімді құрылыс» серіктестігінің 200-ден астам жұмысшысы өткен аптада жалақыны көтеруді талап етіп жұмысты тоқтатқан болатын. Олармен кездескен компанияның өкілдері үш күнге мұрсат беруді өтініп кеткен.

«ЗОРЛАП ҚОЛ ҚОЙДЫРДЫ»

«Сенімді құрылыс» серіктестігінің өзге жұмысшылары өздеріне жалақыға қосылған үстемеге көңілі толатындары жөніндегі қағазға «қорқытып қол қойдырғандарын» айтады.
Әрі «ереуілді бастаушы ретінде жазалаймыз» деген соң да амалымыз қалмады.

- Жалақының көтерілгені туралы қосымша келісім жасап, оған қол қоюды сұрады. Жаңа жалақы біз сұраған 150-200 мың теңгеден аз болғандықтан қойғымыз келмеген. Бірақ сенбі күнгі түнгі боранға қарамастан, вахталық поселкедегі жатақхананы босатуды талап еткен соң амалсыз қойдық. Әрі «ереуілді бастаушы ретінде жазалаймыз» деген соң да амалымыз қалмады, - деді олар Азаттық тілшісіне.

Олардың айтуынша компаниядағы қарапайым жұмысшылар 70-80 мың теңге алады. Оны вахтамен ауысымдағы айға бөлгенде бір айға 35-40 мың теңгеден айналатынын айтады.

«ЖҰМЫС КИІМІН БЕРМЕЙДІ»

Жұмысшылар «компаниядағы жұмыс жағдайы нашар» деп шағымданған еді. Олардың сөзіне сүйенсек, «Теңізшевройл» компаниясының Атыраудан 400 шақырымдай жердегі вахталық поселкесінде жұмысшы жатақханаларындағы бір бөлмеде 7-8 адамнан жатады.
Бір етікті екі ауысымның адамы кезек киеміз. Қыстық курткамыз да жоқ.

- Жаздың аптабында ыстық - кондиционер жоқ. Ал қыстыгүні суық киіммен ұйықтап жүрміз. Жұмыс киімі, етік берілмейді. Бір етікті екі ауысымның адамы кезек киеміз. Қыстық курткамыз да жоқ, - деді олар.

Жұмысшылар «Сенімді құрылыс» компаниясының субмердігерлеріндегі жұмысшылардың жағдайы тіпті нашар екендігін айтады.

- Қыстық куртка, басқа да тиісті жұмыс киімдеріміз жоқтығынан бөлек, беретін тамақтарының сапасы нашар, құнарлылығы төмен. 60 адамға - бір ғана жуынатын орын. Жұмысқа дейін баратын автобустардың іші қыстыгүні аяздан мұз болып қатып тұрады, - дейді «Сапастройсервис» мекемесінің жұмысшысы.

«СЕНІМДІ ҚҰРЫЛЫСТА» БӘРІ ЖАҚСЫ»

Азаттық тілшісі жұмысшылар наразылығы жайлы компанияның бас директоры Иф Шамамен телефон арқылы тілдескен еді. Ол «телефонмен ештеме айтпаймын» деді, іле-шала жауабын электронды поштамен жолдады.

– Сіздің нақты жағдайдан хабарсыз екеніңізге сенімім мол, – деп жазылыпты хатта. – Қазір жағдай толық реттелген. «Сенімді құрылыстың» да, оның субмердігерлерінің де жұмысшылары қанағаттанған.

Ал Азаттық тілшісімен сөйлескен «Теңізшевройл» компаниясының қоғамдық байланыстар жөніндегі бас менеджерінің орынбасары Ленси Крэйн «Теңізшевройл» мердігерлердің ішкі жұмысына араласпайды» деп мәлімдеді.
Кімге қанша және қалай жалақы төленетін мердігерлер өзі шешеді.

– Кімге қанша және қалай жалақы төленетін мердігерлер өзі шешеді. Бірақ 30 қаңтарда «Сенімді құрылыс» өкілдерімен әңгімеде олар жағдайдың бақылауда екенін айтты. Мен тек «Теңізшевройл» компаниясы үшін ғана жауап бере аламын. Бізде жұмысшылар жалақысы жыл сайын сәуір айында көтеріліп отырады, –- деді Ленси Крэйн.

«Теңізшевройл» компаниясының бас мердігерлерінің бірі «Сенімді құрылыс» ЖШС зауыттағы күрделі жөндеу, құрылыс-монтаждау жұмыстарымен айналысады. Оның құрылтайшысы - Bechtel Enka Joint Venture бірлескен кәсіпорыны.

«Сенімді құрылыс» компаниясының «Ақбілек», «Сағыз», «Мәди», «ДКС», «КПСК», «Сапастройсервис», «Сана» тәрізді бірнеше субмердігерлері бар. Олардың барлығы - қазақстандық мекемелер, бәрін қосқанда 1000-нан астам адам еңбек етеді.

Бұл «Теңізшевройл» мердігерлері арасындағы алғашқы еңбек дауы емес. Олардың ең ірісі 2006 жылы дәл осы «Сенімді құрылыс» компаниясындағы қазақ және түрік жұмысшылары арасында туындап, оның ақыры жаппай төбелеске айналған еді. Соңында жарақаттанған түрік жұмысшыларын полиция қарауылымен елдеріне ұзатып салған. Бұл жайт «басбұзарлық» деп бағаланғанмен, жұмысшылар «тағы да жалақы дауы, қазақ жұмысшыларының әлеуметтік төмен еңбек жағдайы негіз болғанын» айтады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG