Accessibility links

Бұл жалпы әйелдік, нәзіктік сипатындағы дүние емес, ұлттық ерекшеліктері, азаматтық сипаты басым қазақ қызының поэзиясы.

Менің Асылзат поэзиясымен танысуым қызық басталды. Оны маған ешкім насихаттаған да жоқ, тіпті бұл дүниеде ондай ақынның бар екенін де білмеппін. 2013 жылдың бір күні болу керек әдетімше Facebook-ты кезіп жүрсем, «Кешір мені, Украина!» деген өлеңі көзіме оттай басылды. Қарасам, өлең сол кезде Украинада болып жатқан көтеріліске арналған екен. Қазақ қызының атынан украиналықтарға құлдық қамытын ысырып тастап, ашық ереуілге шыққаны үшін алғыс айтыпты:

Менің болашағымды айқын көрсеткенің үшін,
Империяның игі ертектеріне қарсы
күрескенің үшін,
Қан жоса болып жатсаң да қайыспағаның үшін,
Намысыңды иіп жатса да майыспағаның үшін,
Бәрімізден беделің қарыштағаны үшін,
Рахмет саған, Украина!

Осының өзі ғажап азаматтықтың үлгісі емес пе? Бірақ ол аздай ақын қарындасымыз ереуілшілдердің қатарында өзі, немесе өз елінен ешкім болмағаны үшін кешірім сұрайды.

Енді сіздердің назарларыңызды өлеңнің ырғағына аударғым келеді. Иә, ойлап қарасаңыз, бұл кәдімгі Фариза Оңғарсынованың «Өлең, мен сені аялап өтем» деп аяқталатын жырының ырғағы! Бірақ егер Фариза апамыз үшін ең аяулы нәрсе өлең болса, Асылзат үшін намысшылдық туын қолдан бермеген ерлік, тектілік, қайсарлық! Белгілі бір нәрсеге арналған нақышпен мүлде өзге нәрсені жырлау бұл күрделі постмодерншіл мәтіннің белгісі. Кейін Асылзат Арыстанбектің «Бесінші маусым» деген кітабын оқып көрсем, ол да осындай белгілерге толы екен. Атауының өзі мен мұндалап тұрған жоқ па? Ең қызығы бұл тіркесті қарындасымыз ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовтен алыпты. Тынекең бұл атауға қандай мағына бергенін білмеймін, бірақ Асылзаттың берген мағынасы өте терең екен.

Төрт маусым жол тартады кезеңдерге,

Тағдырдың талқысына төзер мен бе?

...Беу, ақын, бұл жақта емес, бақи жақта,

Бесінші маусым барын сезем мен де.

Асылзат Арыстанбектің "Бесінші маусым" жыр жинағының артқы мұқаба беті.

Асылзат Арыстанбектің "Бесінші маусым" жыр жинағының артқы мұқаба беті.

Байқасаңыз, ақынның өзі тірі кезінде дұрыс бағаланарына көзі жетпей тұр. Бұл не деген сенімсіздік, шығыну, дүниеден безіну? Жас ұрпақты мұндай жантүршігерлік халге қалай жеткізгенбіз, ағайын-ау?! Кезінде өзіміздің де көргеніміз ағалардың алақаны емес, тас керең, тоңмойын, өзінен басқа ешкімді адамға санамайтын менсінбеушілігі ғана болды. Сонда бұл қазақ үшін өмірі өзгермейтін ситуация ма? Ау, онда жастарымыздың бәрі жан жаққа қашып, бытырап, елімізден не қалады? Түбі бәрімізді жалғап, мұрамызды болашаққа жеткізетін осы жастар емес пе? Мен осында талдап, зерделеп жүрген жас ақындардың өзі қазір отыздан асып, қырыққа кеп қалды. Демек, біздің әдебиетімізде жөнді бағасын ала алмай отырған үшінші ұрпақ өсіп келеді, кезінде философ Мераб Мамардашвили осыны атаған шығар "антропологиялық апат" деп?!

Егер Асылзат Арыстанбектің поэзиясы жөніндегі әңгімемізді жалғастыратын болсақ, ол жалпы әйелдік, нәзіктік сипатындағы дүние емес, ұлттық ерекшеліктері, азаматтық сипаты басым қазақ қызының поэзиясы. Мұндағы ең басты қасиет - намысқойлық. «Әйелден ақын шықпайды, биші не күйші болмаса...» деген ақынға, ол былай деп жауап береді:

Өлең - дерт деп айтпап па еді мына ел,

Демек - сор!

Ақын болып туу керек, ең болмаса бір әйел.

Мен болуым керек сол!

Ұлттық құндылықтарды қастерлеу жағынан ол өзін Кенесарының ұрпағымын деп сезінеді. Және тапқан теңеулері сондай нақты һәм үйлесімді:

Тарих тапса бүгіннен жарасымын,

Қазақ, шіркін, қастерлер бар асылын.

Сен менің жетпісінші бабам болсаң,

Мен сенің тұяғыңның тағасымын.

Ақын өткір сатираға да жоқ емес:

Бас дегеніңді билік деп ұқсақ әуелгі,

Біреудің басы ұлтына қарап ұлып жүр,

Біреудің басы бұтына ғана тәуелді.

Әйтсе де жинақтың сексен пайызы терең сезімді, кейде ойнақы лирикаға толы.

Самал жел өпті бетімнен,

Ернімнен және көзімнен.

Алыста жүрген секілді ең,

Аумайды қалай өзіңнен!?

Бір қарағанда қалай болса солай айтыла салатын лепірме суырып салма өлеңге ұқсайды, ал бірақ ыждаһатпен зерделеген адамға мұнда Мағжанның «Жел» деген өлеңімен сабақтастық бар екені сезіледі, тіпті, онда жел бозбала атынан сөйлесе, бұл өлең соған берген қыздың жауабы сияқты. Мағжанның өлеңінде жел бүкіл даланы, тау тасты кезіп, көл мен орманды дуылдатып, «қарақат көзге» жетпейтін бе еді:

Дем ала алмай асығып,

Күрсініп ауыр, бас ұрып,

«Саған, сұлу сәулеге,

Келдім ұшып, ғашықпын,

Бір сүюге асықпын,

Мойның бұр мендей әуреге!»

Дейді де сүйіп көзінен,

Шашы, алма жүзінен...

Уа, дариға, жасаған,

Жел емеспін мен неге!?

Мұнда неткен экспрессия, неткен жойқын сезім бар! Ақын кейіпкеріне соншама сүйсініп жазғаны көзге ұрып тұр емес пе? Бірақ одан қазақ Сафосы Асылзат та қалыспайды:

Аспанның түсіп тағынан,

Мұңдарың көшсін ағылып.

Жарылып ертең ағынан

Жетеді желім сағынып.

Өкпенің қуып өңезін,

Бақытқа сонда кенелем.

Жел емес, желге мен өзім,

Жүгіре басып жөнелем.

Міне, осы екі ақынның бір тақырыпта кездескені ғажап емес пе? Бұл Асылзат Арыстанбектің биік мәдениетінің, қазақ жыр дәстүрінің көкжиегін қамти алатын көрегендігінің дәлелі емес пе?

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG