Accessibility links

Тіршілігімізде тек ұжымшыл сананың дағды мен дәстүрін ұстана береміз. Ал қазіргі заманымыз болса, тек жекетұлғалық сананың үстемдігі мен таңдауынан тұрады.

Қазіргі қазақ - 21-ғасырдың бірінші ширегінде өмір сүріп жатқан халықпыз. Ал соны өзіміз түсінеміз бе? Ай, қайдам, өйткені, біз өз тіршілігімізде тек ұжымшыл сананың дағды мен дәстүрін ұстана береміз. Ал қазіргі заманымыз болса, тек жекетұлғалық сананың үстемдігі мен таңдауынан тұрады. Өйткені бұл ой машығының басты жеңісі, сен өз таңдауыңа иесің, таңдаудың бар түрін тек өзің жасайсың - жуынатын геліңнен, жейтін тағамыңа, оқитын кітабыңа дейін. Көйлегіңнің фасонына шейін тек өзің таңдайсың. Сен үшін оны ешкім таңдамайды - абыз да, көсем де. Ал ұжымшыл сана дегеніміз не? Ол біріншіден, тұлғаны ұжым жұтқан сана, екіншіден, барлық жеке мүдделерден белгілі ұжым мүддесін үстем санайтын сана. Меніңше, біздің қазақ ұлты таза жекетұлғалық санаға әлдеде болса көше алмай жатқан ұлт. Өйткені, егер 20-ғасырдың басында бізді коммунизмнің елесі басып, өзінің ұжымшыл бөлшегіне айналдырса, 21-ғасырдың басында әсіре ұлтшылдық ұрандары біздің басымызды айналдырып, ақыры дағдарыс тұйығына кіргізіп отыр.

Мен қазір бұны француз философы Жан Бодрийярдың симулякр туралы іліміне сүйеніп, ұғындырып беруге тырысайын. Оның айтуынша, әрбір құбылыс өзінің дамуында бірнеше кезеңнен өтеді. Бірінші кезеңінде ол өз-өзіне тең болады. Бұл - оның шынайы кезеңі. Екінші кезеңінде ол өзіне емес, басқа біреуге ұқсауын бастайды. Үшінші кезеңінде ол көшірмесінің көшірмесіне айналады. Сөйтіп барлық қасиетін жоғалтып, мағынасы жоқ таңбаға айналады. Сол сияқты револяция идеясы да, ұлтшылдық идеясы да Еуропа әлемінде 18-ғасырдың аяғында Француз революциясы заманында пайда болған. Өйткені ол кезде феодалдық абсолютизм үстемдігін құлату керек болатын. Ал 20-ғасырдың басында барлық жерде ұлтшылдық өз билігін орнатып, жұрт жалпыадамзаттық сананы, тек бәрі теңдіктен тұратын заманды аңсай бастайды, тек ондай революция барлық елдерден артта қалған Ресейде жеңіске ие болады. Бұның өзі оның нағыз революция емес, симулякр революция екенінің дәлелі еді.

Ал біз отаршыл Ресейдің колониясы болғандықтан соған ере беруден басқа жол таңдай алмадық. Өзіміз сол кездің өзінде дербес ұлттық болмысын жоғалтқан, симулякрліктің үшінші кезеңіндегі, еш бірлігі мен ынтымағы жоқ ұлт едік. Сондықтан Совет Одағы құлағанда, немесе Ресейдің советтік империясы ыдырағанда, біз әрине, ұлттық тәуелсіздігімізді күшейтуге құлшына кірістік. Бірақ, қалай болғанда да, Ресейдің қойнына кіруден жалықпадық. Тіпті, рубль аймағынан ең соңғы болып шықтық. Енді біз өзімізше ұлттық болмысызымызды байыптауға көшкендей болдық, ұлы азаматтарымыздың, батыр-билердің, хан-сұлтандарымыздың есімдерін еске түсірдік. Сонда ең ғажабы, Ресей отаршылдығымен аяусыз күрескен Алаш Орда қайраткерлерінің есімдерін бір кездері еске алсақ, келесі кезеңдерде ұмыта бастадық. Олардың есімдерін шынымен қайта тірілтуге, күрес тәсілдерін үлгі тұтуға еш күш жұмсамадық. Ал Алаш кезеңі қазақтың шынымен ес жинаған, либералдық бағытқа ене бастаған, отаршылдыққа қарсы күрестің өзін тек конституциялық жолмен өткізуге тырысқан бір аяулы құбылыс емес пе еді?

Мағжан Жұмабаев ескерткіші. Петропавл, 22 наурыз 2014 жыл.

Мағжан Жұмабаев ескерткіші. Петропавл, 22 наурыз 2014 жыл.

Мен біраз жылдан бері Мағжан Жұмабаевты орыс тіліне аударумен айналысамын. Аудармаларым Алматыда, Мәскеуде, Петропавлда шыққан. Ел ішінде көп кездесу өткіздім. Сонда байқағаным - Мағжанның шығармашылығы әлі рухани айналымға енбеген, әлі күнге шейін оған бір Айдан түскен қонақ немесе елімізге қатысы шамалы бір экзотикалық тұлға ретінде қараймыз. Бұл да болса біздің күрделі жекетұлғалық құбылысқа әуестігіміз шамалы екенін көрсетеді. Ау, ол Байрон, Шекспир қатарындағы ақын емес пе? Бар жазығы біздің советтік тәрбиемізге жат, "ақын мынандай болу керек" деген баяғы ұжымшыл көзқарасымызға жат. Ал бұл Мағжанның кінәсі ме? Бұл тәуелсіздігіміздің 25 жылында еш өзгермеген өзіміздің жетілмегеніміздің куәсі емес пе? Бұрыннан айтып жүрмін, мына Германияда Гете институты бар емес пе, сол сияқты бізге де Мағжан институтын ашу керек деп. Ол бізге Мағжанды, сонымен қоса Алаш Орда дәуірінің мәдениетін зерттеп, насихаттау үшін қажет. Сол арқылы біз Мағжанды әлемдегі ұлттық брэндімізге айналдыра аламыз. Ал оның орнына, біздің әрқашан да жасырын, бірақ аузы дуалы идеологтар әсіредіншілдікке бейтарап қазаққа Ислам құндылықтары желеуімен догмалар ұсынып әлек. Бұл үрдіс он шақты жыл бұрын кері әсерін тигізе бастады, елімізде исламшыл террорист топтар пайда болып, билікке оларға қарсы заң қабылдауға тура келді. Енді осыдан неге сабақ алмаймыз? Дүниеге жаңа келіп жатқан бүлдіршіндеріміздің болашағын неге ойламаймыз? Қазақта «кері кету» деген тіркес бар. Бұрынғы нағыз қазақтар үшін бұл азып бітумен, адамдығыңды жоғалтумен бірдей болған. Ал бізді кері кетіретін - жалған (этникалық, я діни) ұлтшылдық, немесе тоталитарлы совет заманынан қалған бәріне тек биліктің нұсқауын күтетін түр-түссіз ұжымшылдық. Ау, қазақ деген қанша таудай батыр тудырған, болмыс бедері мығым, көкірегі кең, текті, дегдар халық емес пе еді? Бізге өз тарихымыздың тереңінен шыққан құндылықтарымыз да жеткілікті емес пе? Мысалы, Қазтуған жыраудың әрбір сөзі көшпенділер болмысының энциклопедиясы емес пе? Ал ендеше жырауға сөз берелік:

Бұдырайған екі шекелі,

Мұздай үлкен көбелі,

Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті,

Адырнасы шайы жібек оққа кіріс-ті,

Айдаса - қойдың көсемі,

Сөйлесе - қызыл тілдің шешені,

Ұстаса - қашағанның ұзын құрығы,

Қалайылаған қасты орданың сырығы,

Билер өтті - би соңы,

Би ұлының кенжесі,

Буыршынның бұта шайнар азуы,

Бидайықтың көл жайқаған жалғызы,

Бұлұт болған айды ашқан,

Мұнар болған күнді ашқан,

Мұсылман мен кәуірдің

Арасын өтіп бұзып дінді ашқан

Сүйінішұлы Қазтуған!!!

Ескерту: Автордың көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG