Accessibility links

Президент жолдауы шабыт берген «Ауыл» лидері


«Ауыл» партиясының лидері Әли Бектаев.

«Ауыл» партиясының лидері Әли Бектаев.

Парламент сайлауына түсіп жатқан «Ауыл» партиясының жетекшісі Әли Бектаев Қазақстан президентіне өлең арнаған ақындығымен ерекшеленеді.

Орталық сайлау комиссиясы ақпанның 6-сы күні «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 19 адамды кезектен тыс парламент сайлауына кандидат ретінде тіркеді. Бұдан бес ай бұрын елдегі билікті қолдайтын тағы бір саяси ұйым – «Патриоттар партиясымен» аяқ астынан біріктірілген «Ауыл» партиясы басшылығына соның алдында ғана парламент сенаты депутаты Әли Бектаев келген еді.

«ҚИЫНДЫҚТЫ ҚОЗҒАМАЙТЫН» ПАРТИЯ ЛИДЕРІ

53 жастағы Әли Бектаевтың өмірбаяны қазірде Қазақстанда билік органдарында әртүрлі деңгейде қызмет атқарып жүрген шенеуіктердікіне ұқсас. Совет Одағы кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы комсомол ұйымында, одан соң аудандық және облыстық компартия органдарында жұмыс істеген ол Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Қазығұрт ауданында, Түркістан қаласында - әкім, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің ішкі саясат, идеология саласына жауапты орынбасары қызметтерін атқарған.

Мемлекеттік шенеуніктердің басым көпшілігі тәрізді Әли Бектаев та президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясының мүшесі болған. 2014 жылы қазанда Қазақстан парламенті сенатына Оңтүстік Қазақстан облысынан депутат болып сайланған. Ол туралы кейбір ақпаратта Бектаевтың әскери шені полковник екені жазылған.

Ғани Қалиев.

Ғани Қалиев.

2015 жылы тамыздың 26-сы күні Астанада «Ауыл» партиясының кезектен тыс 10-съезінде ұйым қатарына жаңадан қосылған Әли Бектаев партия төрағасы болып сайланды. «Ауыл» партиясын құрылғаннан бері 13 жыл бойы басқарған Ғани Қалиев Азаттыққа өзінің партия төрағалығынан «жоғарғы жақтың ұсынысы» бойынша кеткенін айтқан еді.

Одан бір ай бұрын «Патриоттар партиясын» негізі қаланған 2000 жылдан бері басқарып келген Ғани Қасымов «алда тұрған міндеттерін жүзеге асыру үшін партияға жаңару қажет екенін» мәлімдеп, төрағалық қызмет пен партиядан кетіп қалған болатын. Қыркүйектің 5-і күні Астана қаласында өткен екі партияның кезектен тыс съездерінде «Патриоттар партиясы» «Ауылға» қосылып, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы деген жаңа атауға ие болған ұйым төрағалығына Әли Бектаев, оның орынбасары болып Толымбек Ғабділәшімов сайланды.

Әли Бектаев өзінің «Ауыл» партиясы төрағалығына келуін партия мүшелерінің «көптеген ұсыныстары пен өтініштеріне байланысты» деп түсіндірді. Әзірше Бектаев партия лидері ретінде белсенді іс-әрекет, я айрықша бір саяси мәлімдеме жасаған емес. Кезектен тыс мәжіліс сайлауына қатысты өткен құрылтайда ол өзі басқарып отырған ұйымды «елдегі қиындықты айтып, спекуляция жасайтын партия емес» деп таныстырды.

НАЗАРБАЕВ ТУРАЛЫ ӨЛЕҢ АВТОРЫ

Қазақстан көлемінде өзін ауыл тұрғындары мен аграрлық сала еңбеккерлерінің мүддесін қорғайтын ұйым ретінде таныстыратын «Ауыл» партиясының қазіргі басшысы саяси қайраткер ретінде көпшілікке әлі кеңінен танылмаса да, Оңтүстік Қазақстанда ұзақ жылдар өзі қызмет атқарған ортада және туыс-достарына өлең жазатын қасиетімен белгілі. Әли Бектаевтың сөзіне жазылған кейбір әндерді өнерпаздар сахналардан айтып жүр. Мәселен, белгілі әнші Рамазан Стамғазиев орындап жүрген «Қызыма» әнінің сөзін Әли Бектаев қызын ұзатқан кезде жазған.

Сонымен бірге оның шығармашылығында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев арқау болған туындылар да бар. Шымкенттік «Сәт» тобы орындайтын «Нұр аға» әніне Әли Бектаев жазған өлең «Өрге тартып, биіктерге көтердің, Тілден, көзден сақтасыншы, Нұр аға!» және «Ел үмітін арқалаған еңселім, Алаш үшін аман болшы, жан аға!» дейтін жолдардан тұрады.

Ақын Қазақстан президентінің жыл сайын халыққа жасайтын жолдауларынан да шабыт алатынын байқауға болады. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетіне 2015 жылы қаңтарда жарияланған «Қазақ елі және Елбасы» атты мақаласында Бектаевтың жазуынша, президенттің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауы жаңа өлең жолдарының өрбуіне себеп болған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Автор тәуелсіз Қазақстан бүгінгі дәрежеге президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «туған халқы үшін бар күшін сарп ете жүріп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып, бойындағы Тәңір берген бар қасиетінің, жоғары парасаттылығы мен азаматтығының, елінің алдында барды – бар, жоқты – жоқ деп айтатын шыншылдығының арқасында жетіп отырғанын» айтады. Ол «демократияны басты қағида етіп, түрлі-түсті төңкеріс жасап, президенттерін де, парламентін де, үкіметін де қайта-қайта сайлап жатқан елдердің қайсысы оңып жатыр?» деп, Украинаны мысалға келтіреді.

Қазақстан президентінің жүргізіп отырған саясатын қолдайтын «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы бұрынғы ұстанымы мен басымдықтары өзгермейтінін айтып отыр.

Бұған дейін «Ауыл» партиясы 2007 жылы өткен мәжіліс сайлауында 1,51% дауыс, 2012 жылғы мәжіліс сайлауында – 1,19% дауыс қана алып, парламентке өте алмаған. Ал елде осы кезге дейін өткен президент сайлауларында «Ауыл» партиясы Қазақстанды 1989 жылдан бері басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасына қолдау білдіріп келген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG