Accessibility links

«Деструктивті ағымдармен» күрес қайта жанданды


Кришнаит қауымының діни мейрамы. Алматы облысы Қарасай ауданы. 2007 жылдың шілдесі. (Көрнекі сурет)
Кришнаит қауымының діни мейрамы. Алматы облысы Қарасай ауданы. 2007 жылдың шілдесі. (Көрнекі сурет)
Қостанайда әртүрлі мамандық иелеріне «деструктивті ағымдармен қалай күресу керегін» үйреткен семинар өтті. Ал құқық қорғаушылар 2011 жылы қазанда дін туралы жаңа заң қабылданған соң елде діни топтармен күрес өршіп кеткенін айтады.

Семинарға Қазақстанның әр өңірінен келген 150-дей адам қатысты. Жиында "деструктивті ағымдармен" қатар Қазақстандағы "радикалдық топтар" жайында да сөз болды.

«ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒЫНА ҚАТТЫ МӘН БЕРІЛДІ»

Семинарға лектор ретінде ресейлік психолог-консультант Евгений Волков пен қазақстандық дінтанушы Нұрлан Әлниязов шақырылған. Шараға баяндамашы ретінде прокуратура, дін істері жөніндегі агенттік және қылмыстық атқару жүйесі комитетінің өкілдері де қатысты.

Семинарды ұйымдастырған Қостанайдағы деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек беретін қор төрайымы Юлия Денисенконың айтуынша, «бұған дейін мұндай ауқымда оқыту семинары болып көрмеген».

– Аудиторияның басым бөлігіне «деструктивті ағымға кірген адамдарды қандай белгілері бойынша анықтауға болады», «адамның сондай ұйымның жетегіне кіріп кеткенін қалайша уақытында білуге болады» деген сияқты мәселелер түсіндірілді. Әсіресе мәселенің психологиялық жағына қатты назар аударылды, – деді Юлия Денисенко.

Семинарға қатысқан перзентхана психологы Ольга Пестрецова «семинардың аса қызықты болғанын» айтады. Ол соңғы кездері өзіне «деструктивті ағымдардан зардап шеккен азаматтар, әсіресе студенттер көп келе бастағанын» байқапты.

– Бұл ақпараттық бағыттағы семинар болды. Онда жалпы методикалар туралы айтылды. Бірақ нақты қандай да бір ұйымға тоқталған жоқпыз, – деді Ольга Пестрецова Азаттық тілшісіне.

«579 ДІНИ ТОП ЖҰМЫСЫН ТОҚТАТАДЫ»

Маусым айының ортасында дін істері жөніндегі агенттіктің басшысы Қайрат Лама Шәріп елде 579 шағын діни топтың жұмысы тоқтатылатынын мәлімдеген.

– Жергілікті атқару органдарымен бірлесіп күш салу нәтижесінде заңға сәйкес 579
Дін істері жөніндегі агенттіктің басшысы Қайрат Лама Шәріп. Астана, 29 қыркүйек 2011 жыл.
Дін істері жөніндегі агенттіктің басшысы Қайрат Лама Шәріп. Астана, 29 қыркүйек 2011 жыл.
шағын діни топтың жұмысын тоқтату туралы жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деген еді Қайрат Лама Шәріп.

Оның айтуынша, жаңа заң қабылданғанға дейін бұл шағын діни топтар тек тіркеуде ғана болған, көбі Ақмола (17,9%), Қарағанды (19,2%), Солтүстік Қазақстан (19,5%) және Оңтүстік Қазақстан (19,7%) облыстарына шоғырланған.

– Қазір олардың басым бөлігі құжаттарын әкімшілікке тапсырып, жұмыстарын тоқтатты, – дейді Қайрат Лама Шәріп.

Бірақ дін істері агенттігі де, бас прокуратура да әлі күнге дейін бұл ұйымдардың тізімін жарияламай отыр. Азаттық радиосына ресми түрде жауап берген бас прокуратура «дін туралы жаңа заңда тек «шағын діни топ» деген ұғымның жоқ екенін» ғана айтады.

«Осыған орай діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын өкілетті мемлекеттік органмен қазіргі таңда халық арасында діни бірлестікпен заңнамамен белгіленген тәртіпте өзінің мәртебесін растау қажеттілігі жөнінде заң нормаларын түсіндіру бойынша жұмыс жүргізілуде» деп жазылған бас прокуратураның жауабында.

ЭКСТРЕМИЗММЕН КҮРЕС ЖӘНЕ КАМПАНИЯ

Құқық қорғаушы Андрей Гришиннің айтуынша, «дін туралы жаңа заң қабылданғаннан бері елде түрлі діни топтармен күрес өршіп кеткен».

Оның айтуынша, «толеранттылық», «діндерге тең көзқарас» ұғымдары тек «Қазақстанның беделін көрсету үшін» өтетін жиындарда жиі естіледі. Ал «елде дәстүрлі емес діндермен күрес методтары сол күйінше қалды».

Құқық қорғаушының айтуынша, «елде экстремизм мәселесі бар – бірақ ол қазір
Құқық қорғаушы Андрей Гришин. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл.
Құқық қорғаушы Андрей Гришин. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл.
мемлекет көрсетіп отырған түр, бағытта емес». Андрей Гришин елдегі «экстремизммен күреске» үш түрлі сипаттама береді.

– Бізде экстремизммен күрес кампанияға айналып кетті. Онда кез-келген кампанияда қолданатын құралдар пайдаланылады. Әйтеуір қандай да бір күрес жүріп жатқанын көрсету керек. Ал қандай нәтиже болғаны, қандай тәсілдер қолданылатыны маңызды емес. Бұл – бір. Екіншіден, бұл іске өте көп ақша бөлінеді. Бір ғана полицейлердің өзіне миллиардтаған теңге бөлінеді. Бұл қаржыны қайтсе де игеру керек. Үшіншіден, бізде қандай да бір жақпай қалған адамды экстремизм, терроризм бойынша «айыптау» өте оңай. Мысал ретінде «Алға» партиясын айтуға болады. Сол сияқты «Алматыда Кетебаевтың тапсырысымен ұйымдастырылуы мүмкін жарылыстарды» да айтуға болады, – деді Андрей Гришин.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG