Accessibility links

Салықтан қашып двигатель күшін «азайту» басталды


Көлік тұрағындағы автомашиналар. (Көрнекі сурет)

Көлік тұрағындағы автомашиналар. (Көрнекі сурет)

Қуаты 3.0-ден асатын қозғалтқышты көлік иелері техникалық құжаттағы мәліметті заңсыз жолмен болса да, өздеріне тиімді етіп өзгерту жолын тапқандарын айтады.

Қазан айының басында Қазақстан парламентінің мәжілісі көлік, тұрғын үй, темекі және алкоголь өнімдеріне салынатын салықты арттыру жайы қарастырылған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Үкімет тарапынан ұсынылған жобадағы, әсіресе, қозғалтқыш қуаты 3 мың текше сантиметрден (3.0) асатын көліктердің салығын көбейту мәселесі қоғамда түрлі пікір туғызған болатын.

Жоғары қуатты көліктерге салынатын салық туралы бастапқы ақпараттар Қазақстанның автокөлік нарығындағы жағдайға біршама әсер еткенге ұқсайды. Кейбір сатушылар көлігінің қуатын техникалық паспорты арқылы азайтып көрсете бастаған.

ҚОЗҒАЛТҚЫШ ҚУАТЫН КЕМІТУ

Көлік сатушы қазақстандық сайттардың біріндегі жарнамаларға қарағанда қозғалтқыш көлемі 3.0 немесе одан жоғары көлігін сатушылар қозғалтқыш көлемін техникалық паспорттағы 3.0-ге жетер-жетпес санмен нақтылай түсетін болған.

Мәселен, 2002 жылғы Nissan Patrol автокөлігінің сатушысы қозғалтқыш көлемін әдеттегідей 3.0 десе де, техникалық паспортында 2.9 текше сантиметр екенін атап көрсеткен. 2002 жылғы Lexus ES 300 автокөлігінің иесі көлігінің қозғалтқыш көлемі 2.9 екенін ескертіп қойған. Яғни сол арқылы көлігінің салығы көбеймейтінін сатып алушыға аңғартуды көздеген.

"Халыққа қызмет ету орталығы" азаматтардың автокөліктерін тіркеуге отырғызу және тіркеуден шығаруды рәсімдейді. Алматы, 16 қазан 2013 жыл.

"Халыққа қызмет ету орталығы" азаматтардың автокөліктерін тіркеуге отырғызу және тіркеуден шығаруды рәсімдейді. Алматы, 16 қазан 2013 жыл.

Азаттық тілшісі қозғалтқыш көлемі 4.4 деп көрсетілген 2001 жылғы BMW 540 автокөлігінің иесімен хабарласқан еді. Оның «жедел сатамын» деген жарнамасында көліктің техникалық паспорты - 2.0, салығы - 8 мың 300 теңге деп жазылған.

Аты-жөнін айтпаған көлік иесінің сөзінше, «4.4 қозғалтқыш күші бар көліктің техникалық паспортындағы дерегімен сәйкес келмегенімен, ол мәселені шешудің жолы оңай».

– «4.4 үшін жылына 210 мың теңге салық төлеу керек. Көлік тіркейтін жол полициясы қызметкерлерінің қолына ақша ұстатсаңыз, 2.0 екенін «растап» береді. Жылына 8 мың теңге салық төлеп, көлемі 4.4 көлік мінген жақсы емес пе? – дейді ол.

Азаттық тілшісі хабарласқан тағы бір сатушы осыған ұқсас жағдайды баяндаса да, көлігінің қозғалтқыш күшін қандай жолмен төмендеткенін айтудан бас тартты.

ТЕНДЕНЦИЯҒА АЙНАЛМАСА ДА, ЖИІЛЕГЕН ҚҰБЫЛЫС

Алматы қаласындағы көлік жөндейтін орталық қызметкері Мәкен Исабековтің айтуынша, көлікті тіркету кезінде кейбір автокөліктердің қозғалқыш күшін азайтып көрсетуге болады және оны кейде жол полициясы аңғармауы да мүмкін.

Мәселен, «Мерседес» автокөлігінің 3.2 және 2.8 көлемді түрлері сырт қарағанда Автокөлік саудасына арналған қазақстандық сайттағы хабарландырулардың бірі. Қазан, 2013 жыл.

Автокөлік саудасына арналған қазақстандық сайттағы хабарландырулардың бірі. Қазан, 2013 жыл.

атты ұқсайды және нөмірлері де бірдей. Ал басқа көліктерде дәл сондай ұқсастық жоқ. Сондықтан оны жол полициясының білмеуі мүмкін емес.

– Көлік күшін техникалық паспорт арқылы азайтып көрсету – қылмыс, ол тек жол полициясындағы тамыр-таныстық арқылы жасалуы мүмкін. Бірақ ондай көліктер басқа қалаға сатылса, жалған дерек бәрібір ашылып қалады. Сондықтан қарапайым адамдар оған тәуекел ете алмайды, – дейді Мәкен Исабаев.

Көлік салығына байланысты заңға орай белсенділік танытып жүрген тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков техникалық паспорт арқылы жалған дерек көрсету жаппай тенденцияға айналған жоқ деп санайды.

– Көліктің техпаспортында қуатын азайтып көрсететіндер кездеседі, бірақ олардың барлығы да жол полициясының немесе кеден қызметкерлерінің қатысуымен жасалады, өйткені көлікті тіркейтін – солар. Жаңа заң бойынша 2014 жылдан бастап сырттан келетін қозғалтқыш көлемі 4.7 – 5.0 көліктердің салығы көбейіп, 300 мың теңгеге дейін жетеді. Олай болса, жалған дерек көрсетушілер көбеюі мүмкін, – дейді Эдуард Эдоков.

Эдуар Эдоков жаңа заңда салықты өсірудің негіздемесі нашар екенін айтады.

– Егер экологияға келтіретін зиянын ескерсе, онда көліктің ауаға шығаратын қалдығын есептеуі керек. Ал егер салықты толық жинауды көздесе онда салықты бензиннің құнына қосуы керек еді. Бірақ оны есептеп, ешкімнің бас ауыртқысы келмеді, – дейді ол.

Қозғалтқыш қуатын заңсыз түрде азайтып көрсету мәселесіне қатысты Алматы
2014 жылдан бастап сырттан келетін қозғалтқыш көлемі 4.7 - 5.0 көліктердің салығы 300 мың теңгеге дейін өседі. Олай болса, жалған дерек көрсетушілер көбеюі мүмкін
қалалық жол полициясынан комментарий алу мүмкін болмады. Ал кедендік бақылау комитетінің өкілі Азаттық тілшісінен жазбаша сауал жолдауды талап етті.

Өткен аптада Қызылорда қаласы мен Ақтау қалалық прокуратурасы қозғалтқыш көлемі азайтылып көрсетілген автокөліктердің тексеріліп жатқанын хабарлаған еді.Ақтау қалалық прокуратурасының бөлім бастығы Мәлік Оспанов Азаттыққа Ақтаудағы тексерісті растады.

Мәлік Оспанов берген ақпаратқа қарағанда осы облыста төрт жеңіл көліктің қозғалтқыш күші заңсыз азайтылған, яғни қозғалтқыш көлемі 4.0-ден жоғары төрт көлік «2.7» деген дерекпен тіркелген және «D» категориясы бойынша 48 жеңіл автомобиль салық көлемін азайту мақсатында тіркелген. Салықты аз төлеу үшін кейбір жеңіл автокөліктер (негізінен джиптер – ред.) «D» категориясына жататын болып, яғни микроавтобус ретінде тіркелген. Ақтау қалалық прокуратасының дерегіне қарағанда мұнда жалған техникалық құжат рәсімдеудің кесірінен бюджетке 19 миллион 835 мың теңге түспеген.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG