Accessibility links

Әскерге баратындарды көбіне жетектеп әкеледі


Әскерге шақырылған Рафаэль. Алматы, 3 қазан 2012 жыл.
Әскерге шақырылған Рафаэль. Алматы, 3 қазан 2012 жыл.
Алматыда әскер қатарына күзгі шақыру жүріп жатыр. Азаттық тілшісі әскерге шақырылғандарды жинақтау орнына - жұрт «военкомат» деп атайтын жергілікті ведомстволарға барып қайтты.

Алматы қаласынан әскерге шақырылғандардың Түркісіб ауданында орналасқан пунктінің қақпасы қазанның 3-і күні жабық болды. Бақылау-өткізу пунктінде кезекшілікте тұрған сержант тілшінің пункт алдында әскерге шақырылған жігіттермен, олардың ата-аналарымен әңгімелесіп тұрғанын көріп, сыртқа шығып, тілшіден жеке куәлігін көрсетуді және журналистік қызметті доғаруды талап етті. Маңайдағы жұрт үрпиісіп тұрып қалды.

«ОРГАНДАРҒА ОРНАЛАСУ ҮШІН»

Құжат тексеретіндей полицей емес әрі өзі күзетіп тұрған аумақтан тысқары жерде мұндай талап қоюға құқы жоқ екенін сержантқа түсіндіруге тура келді. Сержанттың арыны сонда да басылмады. Ақыры Азаттық тілшісі өзінің запастағы полковник куәлігін көрсетуіне тура келді. «Полковник» сөзі сержанттың аптығын тез басып, ол жөніне кетті.
Алматы қаласының әскерге шақырылғандарды жинақтау орыны. Алматы, 13 қыркүйек 2012 жыл.
Алматы қаласының әскерге шақырылғандарды жинақтау орыны. Алматы, 13 қыркүйек 2012 жыл.

Сержанттың құлшынысы тұрғандардың мысын біраз басып тастады білем, олар кібіртіктеп, әңгімелесуден қашқақтай бастады.

Басқа ата-аналар ұялы телефонмен үзбей сөйлесумен болды. Кейбіреулері сәлден кейін ұлдарын ертіп, есіктен ішке өтіп жатты.

Ата-аналардың айтуынша, ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК), ішкі істер министрлігі (ІІМ) және прокуратура органдарына қызметке орналасу үшін қажет болатындықтан, ұлдарының әскерге барып қайтқанын жөн көреді.

АНЫҚТАМА, ТЕСТ ЖӘНЕ ДІНИ СЕНІМІ ТУРАЛЫ СҰРАҚТАР

Әскерге шақырылғандардың арасында Данияр деген жігіт сөзшең болып шықты. Әңгімеге араласқандардың әрқайсысы аты-жөнін толық атағанымен, мақалада көрсетпеуді өтінді. Даниярдың айтуынша, оның бойы 177 сантиметр, кикбоксингтен бірінші разряды бар, денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ, аэромобильді әскерге барғысы келеді.

- Есепте тұрмағанымды растау үшін психиатриялық ауруханаға, наркодиспансер мен венерологиялық диспансерге барып, анықтама алуға тура келді, - дейді Данияр.
Әскерге шақырылған Данияр атты жігіт. Алматы, 3 қазан 2012 жыл.
Әскерге шақырылған Данияр атты жігіт. Алматы, 3 қазан 2012 жыл.

Психологиялық тексеруден өткен кезде өзіне дінге қатысты сұрақ қойылғанын айтқан Данияр:

- Менен «Құдайға сенесің бе?» деп сұрады. Мен «Сенемін» дедім. «Намаз оқисың ба, оқысаң, күніне қанша рет оқисың?» деген сұрақтарына «Құдайға сенемін, бірақ намаз оқымаймын» деп жауап бердім, - дейді.

Рафаэль есімді тағы бір бозбаламен сөйлесудің сәті түсті. Нақтысы - онымен емес, аты-жөнін атамауды өтінген әкесімен әңгімелестік.

Әкесінің айтуына қарағанда, ұлының бойы 178 сантиметр екен, ол десант болғысы келеді. Кенет «Арқанкерген» шекара бекетінде мамыр айының аяғында болған қырғын туралы сөз қозғаған Рафаэльдің әкесі «Қайғылы оқиғаға әскери жарғыдан тыс қатынастар себеп болған-ау, сірә» деген ойын айтты

- Өзім де әскерде болғанмын, содан білемін, - деді.
Әскерге шақырылған Айдын атты жігіт. Алматы, 3 қазан 2012 жыл.
Әскерге шақырылған Айдын атты жігіт. Алматы, 3 қазан 2012 жыл.

Менімен қоштасып, бақылау-өткізу пунктіне жақындаған әкелі-балалы екеудің алдынан кезекші сержант қақпаны ілтипатпен ашты.

Шымыр денелі Айдын футболдан жаттықтырушы болып істепті. Бойы 175 сантиметр ол сержанттарды даярлайтын Отарға барғысы келеді. Шығыс Қазақстан облысында туған бозбала шақыртуды Алматы қаласының Бостандық аудандық әскери комиссариатынан алыпты.

ЕСІК ЖӘНЕ ҚАҚПА

Бақылау-тексеру пунктінің есігі кез келген келушінің алдынан бұлай айқара ашыла бермейді. Жедел жәрдем көлігімен келген екі дәрігер ішке кіру үшін есікті біраз қақты. Дәрігерлердің бірі әуелі есіктің қоңырауын басып көрмек болып қолын созды да, бірден тартып алды. Сөйтсе түймешенің орнында қос сымның жалаңаш ұштары шығып тұр екен. Кейін белгілі болғандай, жедел көмек көлігі мұнда шақыртумен емес, медициналық комиссияның жұмысына қатысу үшін келген дәрігерлерді әкеліпті.

Жинақтау пунктінің есігінің жанында қос жармалы кең қақпа бар екен. Осы қақпадан жеңіл көліктер ары-бері өтіп жатты. Кезекші ширақтық танытып, кірген-шыққан автомобильдердің артынан қақпаны ашып-жабумен болды.
Алматы қалалық әскерге шақырылғандарды жинақтау орнына келген дәрігерлер. Алматы, 3 қазан 2012 жыл.
Алматы қалалық әскерге шақырылғандарды жинақтау орнына келген дәрігерлер. Алматы, 3 қазан 2012 жыл.

Қақпадан әскери форма, азаматтық киім киген адамдар да жеңіл көлікпен кіріп-шығып жатты. Азаттық тілшісі қақпадан шыққандардың бірін - шомбал денелі, шашын тықырлап алдырып, келісті көлік мінген адамды «подполковник» деп ойлап қалды. Өйткені формасының погонына орнатылған ірілеу екі жұлдызды байқаған еді. Тілшінің оны бірер ауыз сөзге тартпақ болған әрекетінен ештеңе шықпады. «Мына подполковник кім?» деген сауалға кезекшінің «Ол подполковник емес, лейтенант» деген жауабына тілші аңтарылып қалды.


«АРМИЯҒА БАРҒЫСЫ КЕЛЕТІНДЕРДІ АЛМАЙДЫ»

Биылғы әскерге шақыру науқанының ерекшеліктері жайлы түсінік беруден бірнеше әскери комиссариаттың басшылары бас тартты. Бәрі дерлік бір-біріне сілтегенімен, біраз жайтты анықтаудың сәті түсті. Ауған соғысы ардагерлерінің «Ардагер» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, демалыстағы полковник Серікбай Баймолдиновтың кабинетінде қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысының салтанатты әскери формасын киген Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті ілініп тұр. Баймолдинов Назарбаевтың портретінің аясында суретке түсуге қуана-қуана келісті. Бірлестіктің сыртқа шығатын есігі бөлек, екі бөлмелі кеңсесі Алматы қалалық әскери комиссариаты ғимаратының бірінші қабатында орналасқан.

Серікбай Баймолдиновтың айтуынша, «армиядағы атышулы төтенше жағдайлар әскери комиссариаттардың әскерге шақырылғандарды іріктеу ісіне салғырт қарауынан болады».
Запастағы полковник, ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің "Ардагер" бірлестігінің төрағасы Серікбай Баймолдинов. Алматы, 13 қыркүйек 2012 жыл.
Запастағы полковник, ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің "Ардагер" бірлестігінің төрағасы Серікбай Баймолдинов. Алматы, 13 қыркүйек 2012 жыл.

- Науқан басталғанда бізді шақырады. Негізі, біздер - менің жігіттерім жұмысты дұрыс атқаруға барынша тырысамыз... Қазір неше түрлі жайттар көп: мысалы, біреу әскерге барғысы келмейді, ал оны, керісінше шақырады. Кейін ол армиядан ақша беріп құтылады. Ал армияға баруға ынталы жігіттерді алмайды. Бар мәселе - ақшада, оның құдыретімен көп нәрсе шешіледі. Сондықтан ақшаның көмегімен ауру болса да армияға өтіп кететіндер бар, - дейді Серікбай Баймолдинов.

Ауған соғысының ардагері бірде ІІМ-нің Алматыдағы бөлімдерінің бірінен әскери қызметке жарамайтын сарбазды кездестіргенін айтты.

- Оның диагнозы бойынша жүгіруіне де, тіпті автомат ұстауына да болмайды. Осындай да жағдай болған, - дейді Серікбай Баймолдинов.

14 МЫҢ АДАМ ШАҚЫРЫЛАДЫ

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі қыркүйектің аяғында таратқан баспасөз хабарламасында қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің «Қарулы күштер қатарына жастарды сапалы іріктеу мен армияны толықтыру Қазақстан армиясының әскери дайындығының деңгейін қамтамасыз етеді. Әскерге шақырылғандарды әскерден қайтарудың айтарлықтай азаюы - әскери комиссиялардың, оның ішінде медициналық комиссиялардың жұмысының жақсарғанының айқын көрсеткіші» деген сөзін келтіріпті.

Қорғаныс министрлігі штаб бастықтары комитетінің төрағасы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов «Казахстанская правда» газетінде жарияланған мақаласында «Биыл күзде әскерге 14 мыңға жуық адамды шақыру жоспарланған» деп жазды.
Қазақстан сарбаздары. Алматы облысы, "Іле" полигоны, 8 тамыз 2011 жыл.
Қазақстан сарбаздары. Алматы облысы, "Іле" полигоны, 8 тамыз 2011 жыл.

Мақалада «Олардың алты мыңға жуығы - қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерінде, қалғаны республикалық гвардия, ІІМ-нің ішкі әскерлерінде, ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінде және төтенше жағдайлар министрлігінде әскери қызметтен өтеді» деп көрсетілген.

Оның дерегі бойынша, қазір әскер қатарына шақырылушыларды міндетті түрде гепатит, туберкулезге тексеру талаптар күшейген. Генерал-полковниктің жазуынша, әскерге шақырылатындардың орташа есеппен үш пайыздан жеті пайызға дейінгі бөлігі шұғыл әскери қызмет атқаруға шақырылмақ.

«Қазіргі кезде шұғыл әскери қызметтегі сарбаздардың саны - жалпы сарбаздар мен сержанттардың 30-35 пайызы. Бүгінгі күні біздің сапалы іріктеуді жүргізуге мүмкіндігіміз бар. Қазақстан армиясының қатарына денсаулығы мықты, психологиялық тұрғыдан дайын, білімі және тиісті мамандығы бар жас жігіттер алынады» деп жазады Сәкен Жасұзақов.

Генерал Жасұзақов әскерге шақырылушылар жеткілікті болғандықтан, олардың бой шамасына қойылатын талаптың - құрлықтағы әскерлер үшін 155 сантиметрден 165 сантиметрге дейін, аэромобильді әскерлер үшін 165 сантиметрден 170 сантиметрге дейін өскенін жазады.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің суреттері. Алматы, 13 қыркүйек 2012 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің суреттері. Алматы, 13 қыркүйек 2012 жыл.

«Оның үстіне, егер бұрын медициналық көрсеткіштер шұғыл әскери қызметке жеңіл-желпі талаптар қойса, қазір талап біреу - дені сау болуы тиіс» дейді әскери басшы.

Штаб бастықтары комитетінің төрағасы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов жазғандай, «әскерге шақырылғандарды сапалы тексеру үшін ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері, облыстардың ішкі істер, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау органдарымен жұмыс жүргізіледі»

«АЛАДЫ. ТАНКИСТ БОЛАДЫ!»

Алматы қаласынан әскерге шақырылғандарды жинақтау орнының бақылау-өткізу пунктінің есігінен үш жігіт шықты. Журналистің жанынан тез өте шыққан олармен сөйлесудің сәті түспеді. Олардың бірінің бойы 165 сантиметрден аласалау көрінді.

Азаттық тілшісі сатып әкелген хот-догын жеп, кока-коласын ішіп тұрған Айдыннан:

- Бойы кішкентай ғой. Армияға қалай алады? Штаб бастықтары комитетінің төрағасы «биыл армияға бойы 165 сантиметрден төмен жігіттерді алмайды» деп еді ғой? - деп сұрады.

Кенет арт жақтан аса маңызды құпияны білетін адамның маңғаз үнімен «Алады. Танкист болады!» деген кезекші сержанттың дауысы шықты.
Қолына рентген суретін ұстаған жігіт. Алматы, 3 қазан 2012 жыл.
Қолына рентген суретін ұстаған жігіт. Алматы, 3 қазан 2012 жыл.

Осы тұста қолында рентген суреті бар бір жігіт ентігіп жүгіріп келді. Ол жинақтау орнына асығып, сөйлесуге бұрылмады.

Іштен шыққан екі жігіт те әңгімелесуден бас тартып, BMW көлігіне отырып кетіп қалды. Есіктен екпіндей шыққан Рафаэль мен әкесі де «Лексус» джипіне отырып кетіп қалды.

Біздің тілшіміз Қазис Тоғызбаевтың бұл мақаласын Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парағында да талқылауға болады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG