Accessibility links

Аустрия парламентінде қазақ арнайы қызметінің әрекеттері туралы тыңдаулар басталды


Венадағы Аустрия парламентінің ғимараты.

Венадағы Аустрия парламентінің ғимараты.

Венада қазақ құпия қызметінің австриялық саясаткерлермен, депутаттармен, журналистермен ынтымақтастығы туралы айыптауларды зерттеу бойынша құрылған парламенттік комиссия жұмыс істей бастады. Басты назарда – Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев.


ҚЫЗУ ДА ҚАРБАЛАС КҮЗ 26 ТАМЫЗДА БАСТАЛЫП КЕТТІ

Аустриялық баспасөз парламенттік фракциялар арасында Қазақстанға қатысты мәселеден туындаған теке-тірестер бұл тыңдауларға дейін-ақ басталғандығына меңзейді. Тыңдаулар 26 тамызда басталды.

Аустриялық «Ди Пресс» газетінің хабарлауынша, комиссиядағы Бостандық партиясының өкілдерін басқаратын Мартин Граф социалистердің белсенділерін қазақстандық агенттермен ақша үшін ынтымақтасқан деп ашық түрде айыптады. Тіпті тергеу комиссиясының төрағасы Мартин Бартенштайннің өзіне сыни ескертпелер жасалып, оның төрағалығының заңдылығына күмән келтірілді.

Бартенштайнның қарсыластарының пікірінше, төрағаның фирмасының Қазақстанда көздеген мүдделері бар. Жасылдар мен "Аустрияның болашағы одағы" фракциясының мүшелері комиссия заңгері Клаус Гоффман төраға Бартенштайнның сенімді өкілі болғандығын алға тартып, оны орнынан алуды талап етті.

Бірқатар деректерге қарағанда, парламенттік комиссияның жұмысы жылдың аяғына дейін созылады, әуелі олар тыңдаулардың тәртібімен келісіп алуы керек. Зерттеу барысында куәлік етушілердің тізімі де фракциялардың келісімімен ғана бекітіледі.

Аустриялық «Қазақгейттің» басталуыныңсебепкері – Рахат Әлиев. Күні кеше ол президент Назарбаевтың күйеу баласы, Аустриядағы елші еді, енді ол бүгінгі күні қазақ жүйесінің қатаң сыншысына айналды. Азаттық радиосының тілшісімен сұхбатта Рахат Әлиев Аустрия парламенті комиссиясының мүшелері алдында жауап беруге дайын екендігін айтқан.

АУСТРИЯ ПАРЛАМЕНТІНТҢ МАҚСАТЫ


Рахат Әлиев басты дәлел-айғақтар бомбасы сәл кейінірек жарылады деп болжайды. Өйткені аустриялық Конституцияны қорғау жөніндегі арнайы қызметтің осы тыңдаулар үшін жинастырған мәліметтерін білетіндер санаулы ғана.

Шілденің аяғы мен тамыздың басында-ақ бірқатар жайттар жария болып, бұл құжат құпиялылық кілті бұзылған еді. Ішкі істер министрі Мария Фектердің аустриялық парламентарилерді сатып алушылардың қазақ арнайы қызметтері екендігі туралы ашық мәлімдемесі бірден жергілікті газеттердің назарына іліккен-тін.

Сол кезде-ақ аустриялық парламенттің қандай мақсатты көздейтіндігі сөз болған еді. Аустрия үшін жергілікті саясаткерлер мен журналистерге төленген шетелдік қаржының көлемін, сондай-ақ аустриялық танымал қайраткерлердің Қазақстанның құпия қызметіне несімен жарағандығын анықтау маңызды болды.

«Остеррайх» газеті қазақ агенттерінің басты мақсаттарын былайша сипаттайды: «Қазақтар бұрынғы елші Әлиевті қайтарғысы келді. Аустрия оны бермей қойды. Қаржы ағыны содан кейін басталған».

МҰСАЕВ БАСҚА ЖОЛДЫ ТАҢДАДЫ

Әлиевтің Венада тұратын серіктесі, ҰҚК бұрынғы басшысы Әлнұр Мұсаевты ұрлап әкету – шұғыл тапсырмалардың бірі еді. Өткен жылдың қыркүйегіндегі осындай әрекеті жүзеге аспай қалды. Мұның бүге-шүгесін аустриялық баспасөз әлі күнге дейін жазып та жатыр.

Өткен сенбі, 22 тамыз күні Әлнұр Мұсаев Рахат Әлиевті айыптай отырып, одан іргесін алшақ сала бастады. Сөйтіп Мұсаев Нұрбанктің екі менеджерінің жоғалуына Әлиевті айыптайтындардың қатарын толықтырды. Бұл ойын Мұсаев «Кроне цайтунг» газетіне берген сұхбатында айтқан.

Бұл сұхбатта Мұсаевқа қастандық ұйымдастырған да Әлиев екендігін көрсеткісі келгендей ой айтылады. Тікелей айылмаса да, мағынасы соны меңзейді. Осылай ұғынған Қазақстан баспасөзі мұны солай деп таратты да.

Артынша-ақ Әлнұр Мұсаев Азаттық радиосына берген сұхбатында аустриялық газеттегі сұхбатымда ондай ой болмаған еді деді. Алайда бұған дейінгі пайым Қазақстанға жылдам тарап үлгерген еді.

Келесі күні Азаттық радиосына Рахат Әлиевтің өзі сұхбат берді. Ол Астана Қазақстан басшылығына жағылған күйеден тазару үшін өзін (Рахатты) жаманатты етуге барынша тырысып бағуда деген болжамын айтты.

Ресми Астана болса Рахат Әлиевтің, Әлнұр Мұсаевтың және соларға қатысы бар көптеген кісілердің қылмыстық қудалауға ұшырауының саяси астары жоқ деп отыр.

(Журналист Александр Народецкий мақалада өз көзарасы мен пікірін білдіреді. Ол Азаттықтың ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG