Accessibility links

«Азат» қозғалысының орындалмаған мұраты


Жасарал Қуанышәлин - "Азат" азаматтық қозғалысы төрағасының бұрынғы орынбасары, қоғам қайраткері. Алматы, 30 маусым 2016 жыл.

Жасарал Қуанышәлин - "Азат" азаматтық қозғалысы төрағасының бұрынғы орынбасары, қоғам қайраткері. Алматы, 30 маусым 2016 жыл.

«Азат» азаматтық қозғалысының құрылғанына 26 жыл толды. Тәуелсіз демократиялық мемлекет құруды көздеген қозғалысты құруға септескен билік авторитарлық жүйе орныққан соң оны жоюға бар күшін салды дейді «Азаттың» бұрынғы жетекшісі Жасарал Қуанышәлин.

Қазақстанның «Азат» азаматтық қозғалысының құрылтайы 1990 жылы маусымның 30-ы күні Алматыдағы Жазушылар одағы үйінде ашылған еді. Екі күнге жалғасқан жиын барысында қозғалыстың жеті адамнан тұратын басқару органы, ақсақалдар алқасы мен 33 адам енген үйлестіру кеңесі сайланды.

1991 жылы қазанда Алматыда өткен «Азат» қозғалысының бірінші съезінде қозғалыс төрағасының бірінші орынбасары болып Жасарал Қуанышәлин сайланған. Ал кейін қозғалыстың негізін қалаушылардың бірі әрі төрағасы Михаил Исиналиев денсаулығына байланысты қызметтен кеткеннен кейін Жасарал Қуанышәлин 1994 жылы Қазақстан парламенті депутаты болып сайланғанға дейін қозғалыс жетекшісі міндетін атқарған.

Азаттық: – Жасарал мырза, қозғалыстың дүниеге келуіне не себеп болды? Сол кездегі коммунистік партия басқаруындағы биліктің оған көзқарасы қандай еді?

Жасарал Қуанышәлин: – Өткен ғасырдың 90-жылдарының соңында Совет одағы құрамындағы республикаларда тәуелсіздік – күн тәртібінде тұрған мәселе еді. Қайта құру, жариялылық, пікір алуандығы тәрізді жаңа өзгерістер бір партия билеп-төстеген алып мемлекет құрамындағы республикаларда ұлттық сана-сезімнің оянуына, рухтың қайта түлеуіне түрткі болып, қоғамдық-саяси белсенділікті жандандырды. Социалистік лагерьдегі көшбасшысы болып келген Совет Одағынан жүзін батысқа бұрып, өз даму жолын дербес айқындауға кіріскен Шығыс Еуропадағы елдердің ізімен Балтық бойындағы үш республика да толыққанды тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылды.

Әр ұлттың өзін-өзі басқаруы, өз жеріндегі байлығына өзі иелік етуі, ана тілі, төл тарихы, ділі, діні тәрізді осыған дейін жабық болып келген тақырыптар ашық талқыға түсіп жатқан өзгерістер кезінде «Азат» азаматтық қозғалысының құрылуы заңды еді. Өзгерістер лебі тәуелсіздік жолындағы сан күресте жеңіліс тауып, ғасырлар бойы империяның отарында болған, жері мен халқы түрлі экологиялық алапат апаттың зардабын тартқан, өзі игілігі өзіне бұйырмай, тарихы бұрмаланып, тілі құрып кетуге шақ қалған қазақтардың да үмітін оятты. «Азат» қозғалысы осы аталған ұлт құндылықтарымен бірге шынайы тәуелсіздікке қол жеткізуді мұрат етті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік инаугурациясы. Алматы, желтоқсан, 1991 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік инаугурациясы. Алматы, желтоқсан, 1991 жыл.

Ал билікке келсек, қозғалыстың Қазақстанның Мәскеуден дербес болу туралы идеясы бастапқыда олардың да мүддесіне сай келді. Республикалық компартия билігі экономиканы басқару тетіктері орталықта емес, түпкілікті өзінде болуын қалады. Сондықтан билік жаңа қозғалыстың құрылуына бөгет жасамады, тіпті кей жағдайда қолдау білдіріп, ниеттес сыңай да танытты. Бірақ, әрине, олардың ұлттың саяси тәуелсіздігі, өркениетті елдердегідей шынайы демократиялық даму жолын емес, мүлде басқаны көздеген пиғылы Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін көп ұзамай айқын болды.

Азаттық: – Бастапқы кезеңде «Азат» қозғалысы да коммунистік билікпен қатты тартысқа барған жоқ. Мәселен, егемендік декларациясына қатысты ұстанымы ұқсас болды. Жұрт қозғалысты қалай қабылдады? Қандай істерімен танылды?

Жасарал Қуанышәлин: – «Азат» құрылған сәтінен бастап қазақ ауылдарының жағдайы, елдегі демографиялық ахуал, қазақ тілінің мүшкіл халі мен қазақ тілінде оқытатын мектептер тапшылығы, экология проблемасы, жер және оның қойнауындағы қазба байлықтар игілігі республика халқына тиесілі болуы тәрізді қоғамда қордаланған өзекті мәселелерді көтерді. Жасыратыны жоқ, қозғалыс құрылған алғашқы жылы жоғарғы жақтың өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істегені шындық. Егемендік туралы декларация жобасын әзірлеп, Қазақстанның жаңартылған одақ құрамында қалуды жақтағаны да рас.

Алайда 1991 жылғы ГКЧП оқиғасынан соң қазан айында өткен бірінші съезінен кейін «Азат» қозғалысы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын билікке оппозициялық бағытқа көшіп, Қазақстанның толық тәуелсіздігіне қол жеткізу мақсатын қойды. Сол жылдары «Азаттың» Алматыдағы наразылық акцияларына халық көп жиналатын. Бейресми («неформалы» - ред.) ұйымдар өкілдерімен толыққан «Азат» қозғалысы ұсынған мемлекеттік тәуелсіздік туралы идеяны қабылдағысы келмеген билік жұрттың ең соңында жалғыз қалып, тәуелсіздік декларациясын лажсыз жариялағаны да мәлім.

Орал казактарының Ресей патшасына қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтуіне қарсылық акциясында тұрған «Азат» қозғалысы жетекшілері Орал Сәулебай, Айсұлу Қадырбаева және Жасарал Қуанышәлин. Орал, 15 қыркүйек 1991 жыл. YouTube сайтындағы видеодан скриншот.

Орал казактарының Ресей патшасына қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтуіне қарсылық акциясында тұрған «Азат» қозғалысы жетекшілері Орал Сәулебай, Айсұлу Қадырбаева және Жасарал Қуанышәлин. Орал, 15 қыркүйек 1991 жыл. YouTube сайтындағы видеодан скриншот.

Сосын «Азатты» дүйім жұртқа танытқан – 1991 жылғы қыркүйектегі Батыс Қазақстан облысындағы оқиға болды. Сол жылы көрші Ресейден қолтыққа су бүркігендердің айдап салумен сепаратистік мазмұндағы ұрандар айтылып, Қазақстанның тәуелсіздік алуына ашық қарсылық білдіріп жатқан Оралда жергілікті казактар мен қазақтар арасындағы шиеленісті жағдай күзде шырқау шегіне жеткен еді. Оралда Ресей патшасына қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтпек болған казактардың шарасын «Азат» бастаған қазақ ұлтшылдары өткіздірмеді. Және, ең бастысы, олар ширығып тұрған жағдайда қақтығысқа жол бермей, мәселені бейбіт түрде шешуге атсалысты. Мыңдаған адам қатысқан сол оқиға қазақ жерінің біртұтастығы, ел тәуелсіздігі үшін табандылық танытқан «Азат» қозғалысы күресінің жарқын мысалы болды.

Оқи отырыңыз: 1991 жылғы Орал оқиғасы

«Азат» қозғалысы көтерген тағы бір маңызды мәселе – шекараны белгілеп, бекіту туралы талап болатын. Оған президент Назарбаев: «онда Қазақстан халқын бүкіл шекара бойына қаз-қатар тізіп қоюға тура келер еді» деген уәж айтқанымен, кейін өмірдің өзі «Азат» көтерген мәселенің дұрыстығын көрсетті, Қазақстан да әлемдегі кез-келген мемлекет тәрізді өз шекарасын белгіледі.

Азаттық: – «Азаттың» бағдарламасындағы мәселелер арасында 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына әділ баға беру, жазықсыз азаматтарды жазалағандарды жауапқа тарту туралы болған еді.

Жасарал Қуанышәлин: – Желтоқсан оқиғасынан кейін қызмет өкілетін асыра пайдаланғаны және өзге де заңсыздықтары үшін кінәлі лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік құрылымдарды заң алдында жауапқа тарту туралы шешім «Азаттың» екінші съезінде қабылданып, 1992 жылы Конституциялық сотқа жүгінгенбіз. Сотқа арызды қабылдатқызу үшін жеті ай бойы күрестік. 1993 жылы қаңтарда ақыры сот тергеу процесін бастады, бірақ, екі жылдан соң Конституциялық сот тергеу ісін тоқтатып тастады.

1986 жылы желтоқсанның 17-18 күндері КПСС орталық комитетінің шешіміне наразы қазақ жастарының Алматының орталық алаңындағы шеруі кезінде түсірілген сурет.

1986 жылы желтоқсанның 17-18 күндері КПСС орталық комитетінің шешіміне наразы қазақ жастарының Алматының орталық алаңындағы шеруі кезінде түсірілген сурет.

1994 жылы парламентке сайланғаннан соң Желтоқсан оқиғасына қатысты мәселені қайта көтердім, тағы да күрестік. Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың бір тобы арнайы комиссия құрылуын талап етіп, Алматыдағы «Демократия үйі» алдында бір жарым ай бойы аштық жариялап жатты. Ақыры күресіміз жеңіске ұласып, Желтоқсан оқиғасын зерттеу үшін парламенттік комиссия құрылды. Бірақ 1995 жылы Конституциялық сот шешімі негізінде парламент таратылып, ол комиссияның жұмысы аяқсыз қалды.

Қазіргі билік өзінің араласы болғандықтан Желтоқсан оқиғасының шындығын жабулы қазан күйінде қалдыруға мүдделі. Бірақ түбінде шындық жарыққа шығарына кәміл сенемін.

Азаттық: – «Азат» қозғалысы өзі мұрат еткендей Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде неге белсенділігін жоғалтты?

Жасарал Қуанышәлин: – Жалпы, Қазақстанның жаңа тарихында «Азат» қозғалысы елдің әр аймағында бөлімшелері құрылып, белсенді іс-әрекет еткен бүкілқазақстандық қозғалыс ретінде таныла білді. 1990-жылдардың басында жергілікті жерде «Азат» қозғалысымен билік санасатын, ол ықпалды күш болды. Бірақ сонысымен де ол билік үшін қауіпті еді. «Азаттың» ықпалын әлсіретіп, қозғалысты тарату үшін билік қолдан келгеннің бәрін жасады: кейбіреуге қызмет беріп, билік адамына айналдырды, қозғалыс ішінен іріткі де салды. Биліктің «Азатқа» қарсы мақсатты жұмыс жүргізгенін кейін оппозиция қатарына қосылған марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы да айтқан еді.

Саясаткер Жасарал Қуанышалин оппозиция шеруіне тосқауыл қойған полициядан жолды ашуды талап етіп тұр. Алматы, 1 мамыр 2010 жыл.

Саясаткер Жасарал Қуанышалин оппозиция шеруіне тосқауыл қойған полициядан жолды ашуды талап етіп тұр. Алматы, 1 мамыр 2010 жыл.

Бұл дүниеде бәрі салыстырмалы түрде айқындалады ғой. Егер солай салыстырмалы түрде сипаттар болсақ, Қазақстан тарихында, қоғам өмірінде, жалпы саясаттағы іс-әрекетіне қарап «Азат» азаматтық қозғалысының 20-ғасырдың басындағы «Алаш» қозғалысына ұқсастығын байқауға болады. Әрине, екеуі екі түрлі заманда өмір сүрді, оларда қызмет атқарған тұлғалар да бөлек болды. Бірақ екеуін тоғыстыратын ортақ мақсат – Қазақстанда ұлттық демократиялық бағыттағы мемлекет орнату болатын.

Азаттық: – Әңгімеңізге рақмет.

XS
SM
MD
LG