Accessibility links

Бірінші Чат-Айтыс: Шыңғыс пен Олжас


Чат-Айтыстың алғашқы жұбы Олжас Құлымбай (сол жақта) пен Шыңғыс Маман. Суреттер жеке мұрағаттан алынған.

Чат-Айтыстың алғашқы жұбы Олжас Құлымбай (сол жақта) пен Шыңғыс Маман. Суреттер жеке мұрағаттан алынған.

Чат-Айтыстың 1/8 финалының бірінші жұбы - Шыңғыс Маман пен Олжас Құлымбай қыркүйектің 18-і Астана уақыты бойынша 14.00-де онлайн платформада, чат арқылы қайым айтыс жанрымен айтысты. Оқырмандар үш күн бойы сайтқа тіркеліп сөз сайыстырғандарға дауыс берді. 40-19 есебі бойынша Шыңғыс Маман жеңіске жетіп, 1/4 финалға өтті.

Шыңғыс Маман 1993 жылы дүниеге келген. Тоғыз жылдық білімді Алматы облысы Күрметі ауылынан алған Шыңғыс Алматы қаласындағы №13 кәсіптік лицейден "электрик" мамандығын меңгеріпті.

- Негізгі арманым журналист болу еді. Бірақ оқуға түсе алмай бір жыл қара жұмыс істедім. Биыл тәуекелге барып Жүргенов атындағы Өнер академиясының "Кинотеледраматургия" мамандығы бойынша ақылы бөліміне оқуға түстім, - деді Шыңғыс Маман.

Ол енді ақындық талабын Азаттықтың жаңа жобасында сынап көрмек.

Шыңғысқа қарсылас болып отырған үміткердің есімі – Олжас Құлымбай. Ол 1990 жылы Қызылорда облысында туған. Жалағаш ауданындағы дарынды балаларға арналған 123-мектептің түлегі. Қазір Алматы қаласындағы Сүлеймен Демирел атындағы Қазақ-түрік университетінің студенті. Студенттіктің алғашқы жылында, яғни, 2008 жылы өткен "Алматы - менің сүйікті қалам" атты фестивальде "Айтыс" бөлімі бойынша жүлделі 3-орынға ие болған. 2010 жылы және 2012 жылы өз оқу орнында өткен "Тәуелсіздік көктемі" атты республикалық студенттер айтысында 2-орын иемденді. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 80 жылдығына орай өткен студенттер айтысында "Алғыс хатпен" марапатталыпты.

– Аудандық, облыстық, республикалық мүшәйраларда жүлдесіз қалып көрмедім. «Шалқар» радиосындағы Мұхтар Тұртайұлы жүргізетін «Аламан айтыс» хабарының айлық жеңімпазы атандым. Хабар арнасы мен «Заңғар» шығармашылық бірлестігі бірлесе ұйымдастырған «Жастар жырлайды» айтыс-тележобасында екінші айналымға шықтым, - деп таныстырады Олжас өзінің ақындығы жайлы Азаттыққа.

Құрметті оқырмандар, Чат-айтыстың қатысушылары қайым айтыс жасап жатқанда немесе айтыс біткен соң үш күннің ішінде Азаттық вебсайтына я тіке, я Facebook арқылы тіркеліп кіріп, коммент ретінде жарияланатын әрбір шумаққа жеке дауыс бере аласыздар. Дауыс беру үшін + (Ұнайды) деген белгіні басасыздар.

Чат-айтыстың ережесін мына жерден оқыңыздар.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG