Accessibility links

Армандар орындалады


Ақбота Мұсабекқызы жіберген көрнекі сурет

Ақбота Мұсабекқызы жіберген көрнекі сурет

Анамның "айналайын-ау, қыз баланың бар-жоғы да білінбейді ғой" деп талай пәтер иелеріне жалынғанын көзімізбен көріп өстік.

Біз туған қалада күнкөріс болмай кетті. Бәріміз бала едік қой. Анам жалғыз қиналды. Біраз қарызға да баттық. Әке, сіздің туған бауырларыңыз болмағандықтан (алыс ағайыннан қайран жоқ) анам сіздің жылдық асыңыз өткенше қарызданып жүріп бәрін жасады. Сосын аяқ алып жүре алмай қалды-ау шамасы. Біздерге бір нәрсе айтушы ма еді, ештеңе білдірмейді ғой асыл жан. Сосын біз тұрған үйді сатты да, бар қарызды жауып, Алматыға келді.

Білесіз бе, қиын күндер тағы да басталды. Пәтерден пәтерге көштік. XXI ғасырда "көшпелі қазақ" болдық. Алматыда біз тұрмаған аудан қалмаған шығар...

Есімде, мен мектеп оқып жүргенде біз тұратын пәтер сатылып кетті. Сосын сандалып пәтер іздедік. Алматыда бәрі жақсы. "Жетімбұрыш" ешкімді жетімсіретпейді. Қалаған ауданыңыздан, қалаған пәтеріңізді тауып береді, тек ақшасын төлесеңіз болғаны. Білесіз бе, сіз бізді, төрт қызыңызды бақ көруші едіңіз ғой. Ал жұртшылық шиеттей бала-шағаны қор көреді екен. Анам сөйлескен пәтер иелерінің бәрі де бізді алғылары келмейді. Себебі анамның бала-шағасы "көп" екен. Анамның "айналайын-ау, қыз баланың бар-жоғы да білінбейді ғой" деп талай пәтер иелеріне жалынғанын көзімізбен көріп өстік. Тағы бір пәтер іздеген кезіміздегі мына бір көрініс көз алдымнан кетпейді.

- Тате, сыз ренжыменыз, коп екенсиздер гой, сыздерды ала алмаймын.

- Біз көп емеспіз, мен сосын төрт қызым ғана ғой.

- Иа, корип турмын, сол ушын айтам. Бызге баласыз отбасы ынгайлы еды да.

- Қызықсыз, баласыз үй болушы меді? Қазақтың қызығы мен бақыты балада ғой.

- Тате, ондай асерли сөздерынызды театр сахнасында айтасыз. Сау болыныз.

Әке, мен осыны көріп тұрдым. Анамның көзі жасқа толып, ашуға булыққанын да байқадым. Бірақ маған өзінше білдірткісі келмеді. Жымиды да "ештеңе етпейді қызым, бұл болмаса, басқасы болады" деп мені де, өзін де жұбатқан болды.

Әке, елдің мендей қызы "бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді" тербеп отырған шығар. Ал мен күнде жатарда шағын ғана сүп-сүйкімді үйдің суретін салып, анамның төсегінің бір бұрышына қисая кетіп, көз ілем.

Мен білем, армандар орындалады…

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.

XS
SM
MD
LG