Accessibility links

Елім жатыр Астана сап, Есіл бойын жағалаған. Қазақ саны бастан асад, жатақхана сағалаған.

Студент кезімде факультет деканы Орынбасар Тілемісұлы ағайдың айтқан мына сөзі жатталып қалыпты: "Жатақхана - өз үйлерің, күтіп ұстаңдар, өмір бойы осы жатақханада тұрып келдім, елу жасымда ғана Алматыдан пәтерге қол жеткіздім" деген. Сол кезде Орекеңнің сөзіне бәріміз таң қалғанбыз. Қазір таңданыстан гөрі, өз-өзіме деген аяушылық сезімі басым. Сол ағайдың күйін кешіп жүргендіктен.

Бес баласы бар бір туыс ағамның қолы пәтерге жасы қырыққа келгенде әзер жетті. Оған дейін танысының бір бөлмелі пәтерін алты жыл жалдап тұрыпты. Айына алпыс мыңнан. "Санап тұрсам, төрт миллионым біреудің қалтасына кетіпті" деп күңкілдейді әлгі ағам.

Астана қаласында 2008 жылы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысқам, ол кезде кезегім 13000 еді. Жақында бір тексеріп көрсем, 3000-ға түсіпті! Пәтердің кілті қолыма тигендей, жүрегім мұны көргенде аттай тулап қоя берді! Ішкі есебім бойынша, құдай қаласа, алдағы бір-екі жылда алып қалармын деп күтіп жүрмін!

Алла тағала өмірде барлық нәрсені өзінің ғаламат есебімен құрып қойған. Жақсылық пен жамандық, қараңғылық пен жарық тепе-тең. Әр қайғы, мұңның артында қуаныш пен шаттық тұр. Бұл - аксиома.

Алланың айрықша мейірімі түскен екі ұлт болса, біреуі сөзсіз қазақ екеніне сенем, қаншама қиындықты, ашаршылық, зорлық-зомбылықты, аштық пен соғысты көрген қазағымның ендігі сүретін өмірі тек бақыт пен байлықпен байланысты болу керек.

Осыдан сегіз жыл бұрын жазылған мына өлең жолдарының күші әлі де жойылмағандықтан, жіберіп отырмын:

Елім жатыр Астана сап,

Есіл бойын жағалаған.

Қазақ саны бастан асад,

Жатақхана сағалаған.

Қазақ неткен керемет ел,

Бар қайғыға төзе білген.

Қазаққа Алла берекет бер,

Үйлі болсын өз елінен!

Баубек ЖАППАСҰЛЫ

Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG