Accessibility links

Жеті баламмен тар бөлмеде түрегеп ұйықтаймыз. Аяғымызды созайық десек, қабырғаға тіземіз тіреледі.

Құдай кезексіз бере салған жеті балам бар. Бәрі ұл бала! Үйде менімен сегіз еркекпіз. Астанада бір кемпірдің қуықтай тауық­ханасында тұрамыз. Үстіңгі қабатта тауықтар, астында - біз... Шіркін, өз үйім болса ғой... Сыртқы есігінің өзін бесеу етер едім. Мына шетінен кіріп, ана шетінен шығып, бір рахаттанатын! Кейде шалқамнан түсіп ойланамын: «Неге осы қазақтар ғана пәтер жалдап жүреді? Неге өз жеріміз өзімізге бұйырмайды?»

Жеті баламмен тар бөлмеде түрегеп ұйықтаймыз. Аяғымызды созайық десек, қабырғаға тіземіз тіреледі. Сосын «жүк сияқты» жиналып, түнімен қиналып ұйықтайтын болдық... Әйелім үш баланы ішіне, мен төрт баланы үстіме бірінің үстіне бірін жатқызып қойып, ұйқыға басамыз. Қорамызда дәретхана жоқ болған соң, кішкентайларым күзгі суықта кіші дәретке далаға шыға алмайды.

Бір күні «Ойхой» телеарнасының тілшілері келіп, «ойбайлатып» түсіріп кетті. Сол екен, әкімшіліктен көкелер келіп, балаларымызға бір–бірден пряник беріп, әйелім екеумізге «Қазақ осылай қиналса, өлер кезінде бақыты–ы–ы күй кешеді, нешауа, бақытты боласыңдар әлі!» деп арқамыздан қағып кетті. Соның өзіне мәз болып, қожайын кемпірге бір бөтелке арақ сатып әпердім. Кемпір кеңкілдеп күліп, арқама ырғып мініп алғаны. «Сынок, уәдемде тұрамын!» дей береді. Жаман ойлап қалмаңыздар, осы үйде тұрып жатқанымызға он екі жыл болыпты! Бірінші балам бір жасқа келгенде тапқан «кібәртирамыз» еді. Сол кезден кемпір құлағыма құйған: «Осыдан өлетін болсам, осы үйімді сендерге «завещание» етіп жазып беріп кетемін. Менің туыстарым да, балаларым да жоқ!»

Біреуге өлім тілегенше, өзіңе пәтер тіле!

Кемпір сол кезде сексенінде селкілдеп билеп жүрген. Қазір тоқсан төртте! Өлетін түрі жоқ. Қайта күнде таңертең жаттығу жасап, көшеде жүгіріп, самогонын ішіп, жасарып келеді... Қой, өлмей–ақ қойсын! Біреуге өлім тілегенше, өзіңе пәтер тіле!

Шіркін–ай, шіркін, алты сотық жеріміз болса! Шағын үй салып, төбесін шифермен жауып... Қойшы, шифер ұят. Несие алсам да профнастилмен жабамын... Ой, ол да болмайды, жағдайым келіп жатса, темір черепицамен жабамын! Шетелдіктерге ойланбай беріліп жатқан гектар–гектар жерлердің бір бұрышы маған, мен сияқты қазақтарға неге бұйырмайды екен-ей?

Шіркін-ай, шіркін, қаладан мынау деген пәтер берілсе! Бес бөлмелі! Қойшы, төрт... Жарайды, үш бөлмелі. Мейлі екі... Жоқ бір бөлмелі... Нөл бөлмелі болса да, пәтер берілсе ғой! Балконнан қара-ап тұрсам, төменде жеті балам ойнап жүр. Әйелім подьезд алдында семішке шағып...

Бір күні тілшілер келіп, «Қазақ қайыршылары» газетіне «Қазаққа қашан пәтер бұйырады?» деген мақала жазды. Сол екен, әкімшіліктен кісілер келіп, маңдайымыздан сүйіп... Бір ай ішінде үй беретін болды. Әйелім екеуміз қарсы болдық. Он қабатты үйдің төбесіне киіз үй тігіп қойыпты. «Қалай шықсаңдар да өз еріктеріңде, бірақ балаларың төменге құлап кетіп жүр­месін..» деп қойысады...

– Кезекте тұрғанымызға он бес жыл, жер берсеңіздер де алмаймын! –деймін мен.

– Қой, жер беріліп жатса, алыңыздар...

– Алмаймыз!

– Неге?

– Әкімдер Қояндыдағы оралмандарды аямағанда... Үйлерін сырып, өздерін қырып кете жаздап...

Шіркін-ай, шіркін, адамдар аспанда да үй салатын болса... Әне, үйлер салбырап, тіпті қалқып барады! Әне, ана-ау менің үйім! Үйлеріне арқанмен өрмелеп бара жатқан қазақтар... Қайтсін енді, қазақ жерінен жер жетпесе... Шіркін-ай, шіркін.. У–ух...

Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG