Accessibility links

Аласарған армандар


Риза Исаева, Азаттықтың блог байқауына қатысушы
Риза Исаева, Азаттықтың блог байқауына қатысушы

"Алматыда қанша базар бар? Соның бәрінде қаншама жігіт жаншыла арба сүйреп жүр. Үй туралы армандарын баяғыда жүкке бастырып тастаған, шырағым!"

"Квартиранттың арманы деймісің?"

Автобуста жанымда отырған бейтаныс егде адам бетіме одырая қарады. Сол сәтте оған мен де оған дәл өзі секілді одырая қараған болармын. Ол бірден қабағын түйіп:

- Не күбірлеп отырсың? - деді.

Ой, Құдай-ай, ойымдағы сөзді дауыстап айтқан екенмін ғой.

- Жәй, квартиранттың арманы туралы ойланып отырмын.

- Ал олардың арманын орындап берейін деп пе едің?!

- Жоға, менде ондай құдырет қайдан болсын!

- Сен тұрмақ, Қонаевта да болмаған!

Кекесінмен қабағын түйді де, салонды бір шолып өтті.

- Сен одан да автобустағы жұрттан сұрасаңшы, бұлардың не арманы бар екен?! Осылардың да тең жарымы квартирант болмаса мұрнымды кесіп берейін.

- Тіпті, шофердің өзі пәтер жалдайтын шығар, иә?!

- Әй, айналайын, өзіңнің үйің бар ма?

- Иә, қала сыртында кішігірім үйім бар, - деп міңгірледім,

- Ә-ә-ә, ойланып отырғаныңа қарағанда, пәтер жалдайтын танысы жоқ бақытты қазақ болдың ғой?!

Кекесінмен мырс етті. Мен де күлдім.

- Сіз де пәтер жалдаған боларсыз?

- Алматының тұрғылықты халқы білмейтін қуысы мен қалтарысын пәтер жалдаушы ауылдан келгендер біледі. Тауық күркесіндей қаншама қуыста, қаншама жалынды жырлар жазылғанын, сен білесің бе?

- Хабарым бар...

- Квартирант атаулының анау айтқандай асқақ арманы болмайды, қарағым.

- Неге, адам болған соң, оларда үй алуды, үй салуды...

- Алу-салу, оп-оңай екен-ә?!

Ол кісінің дауысы зілді әрі қатты шығып кетті. Автобустағы жұрттың бәрі бізге жалт қарады. Оған мән берген серігім жоқ, терезеден сыртты нұсқап, сөзін жалғады.

Олар бір күндік нанын тапса, бала-шағасының керек-жарағын шамасы жеткенше түгендеп, пәтерінің ақысын уақтылы төлесе, соның өзі оларға шала баюмен бірдей.

- Анау арба итерген жігіт, жүгін көрдің бе? Ол дәл қазір осы жүкті тез арада жетер жеріне жеткізіп, ақшасын алсам деп армандайды. Одан кейін, жүк тасытатын адам көбірек болса екен, үйіне бүгіндікке жететін шай-пұл апарсам екен деп армандайды. Алматыда қанша базар бар? Соның бәрінде қаншама жігіт жаншыла арба сүйреп жүр. Солардың барлығы үй салып алды деймісің? Әлде, пәтер сатып алған шығар, қаланың қақ ортасынан... Ж-о-о-оқ қарағым, олар бір күндік нанын тапса, бала-шағасының керек-жарағын шамасы жеткенше түгендеп, пәтерінің ақысын уақтылы төлесе, соның өзі оларға шала баюмен бірдей. Ал үй туралы армандарын баяғыда арбаның үстіндегі жүкке бастырып тастаған, солай шырағым!

Баяу болса да батпан зілмен сөйлеген ол кісінің осы сәттегі ашулы жүзін, сөзбен сипаттау мүмкін емес еді. Көзіне көзім түскенде төбе құйқам шымырлап кетті.

Көп ұзамай серігім түсіп қалды.Ал, мен үй туралы армандауға шамалары да келмей жүрген жандарды ойлап біразға дейін еңсеп езіліп отырып қалдым.

Риза ИСАЕВА

Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.

XS
SM
MD
LG