Accessibility links

Квартиранттың талғамы


Саодат Урдашева, Азаттықтың блог байқауына қатысушы

Саодат Урдашева, Азаттықтың блог байқауына қатысушы

Біз - көшпенді жұртпыз. Бұл үрдіс отырықшылыққа ауысқан тұста да үзілген жоқ. Өйткені біз Көшпенділіктің қош жұпарын жұтып жүрген жауынгерлерміз.

Әуелі жалға алған үйдің ішін түгендейсің, сосын сыртын көзбен сүзесің. Сосын қожайынына зер саласың. Қалтаң мен үйіңді салғастырып, таңдауыңды жасап болғасын, енді үй қожайыны сені таңдайды.

«Балаң бар ма? Ішпейсің бе, шекпейсің бе? Тынымсыздар, жұмыссыздар, балалардың шуы, төбелесу-тебісу керек емес...»

Дұрыс, қол берісіп жаңа қонысқа көштік. Үй іші кең, екі бөлме. Бірақ ескілеу, төбесіне қолың жетеді. Төбенің әр бұрышы қылтиған жамау арсиып ашық қалған. Содан өрмекшінің тұп-тұқиянын да құрта алмадық. Бар мәселе - шұрық-тесік есікте. Өте көне, шиқылдап түсіп қалатын сияқты. Жапқанда да бар пәрменіңмен тарс еткізесің, түнде уілдеп аяз өңмеңдейді.

Соған көңілім бұзылып күз түспей кетіп қалайық десем, үйге дәуіт кіріп кетпей қойғаны. Өздері көп-ақ, үстіңе секіріп үркітіп жүргені. Жолдасым «дәуіт келсе береке бар» деген соң саябырсыдым. Бірақ, үйім зообақ емес қой, шыбын-шіркей, өрмекші мен дәуіт асырайтын. Жолдасым - бір шыбынды ренжітпейтін адам, үйдегі жәндік біткенді өлтіруге тыйым салды. Әй, оларды қойшы, ана маңғаз тышқандарды айтсайшы. Шүйіркелесіп түн жарымда шамыңа тиіп шаптығып жүретіндерін-ай.

Аузыңнан суың ағып ұйықтап жатсаң, олар беймарал баққа серуенге шыққандай аралап жүргені. Өздері бірнешеу. Қуып өлтіре алмадық. Қорқу дегенді білмейді, балалардың да еттері үйренді, үркімейді. Рахат өздеріне, сырласып, шай ішіп отырғандай әлденені асықпай мүжиді кеп. Анау күні ұйықтап жатып тышқандардың сөзін құлағым шалып қалды:

- Мә, мыналардың үйінде аштан қатамыз бір күні! Тоба, күйеуінің айлығы 45 мың теңге, 25 мың кварплат болса, екі бала, әйелі... Түһ, мына әйелі де мүсәпір екен шыдап жүрген, - дейді біреуі.

Мә, мыналардың үйінде аштан қатамыз бір күні! Тоба, күйеуінің айлығы 45 мың теңге, 25 мың кварплат болса, екі бала, әйелі... Түһ, мына әйелі де мүсәпір екен шыдап жүрген.

- Айтпа, елдің бәрі ақшаны күреп жатқанда, бұлардікі рахат-ей, а? "45 мың жетеді" деп қояды екеуі де. Өздері ғана тұрса екен үйде, анау өрмекші, қоңыз, шыбын-маса жолдастар ораза ұстап жүре бере ме екен? Соны айт, «ораза намаз тоқтықта» деп қазақ бекер айтпаған ғой, - дейді екіншісі.

Мен шыдамадым білем, қол телефонымды лақтырып кеп жібердім. Енем жоқ қоқайған басымды шауып түсер, абысын жоқ күншілдікпен күлетін, мыналарға не жорық? Күйіп кеттім, алайда ояна сала күйігім күл болғандай қуанышқа айналды, жүрегім жарыла күліп, бақытты ғұмырыма шүкіршілік айттым. Басқа не дейім?!

Саодат УРДАШЕВА

Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG