Accessibility links

«Квартиранттың арманы» жеңімпаздары марапатталды


Азаттық радиосы Алматы бюросының жетекшісі Қуанышбек Қари (оң жақ шетте) "Квартиранттың арманы" байқауының жеңімпаздарын марапаттап тұр. Алматы, 26 желтоқсан 2014 жыл.

Азаттық радиосы Алматы бюросының жетекшісі Қуанышбек Қари (оң жақ шетте) "Квартиранттың арманы" байқауының жеңімпаздарын марапаттап тұр. Алматы, 26 желтоқсан 2014 жыл.

Азаттық оқырмандар арасында өткен блог байқауының үздіктеріне жүлделерін тапсырды.

Желтоқсанның 26-сы күні Азаттықтың Алматыдағы бюросына «Квартиранттың арманы» блог байқауының жеңімпаздары жиналды.

Азаттық байқауда «Көшпенді көшкен түн» блогымен бірінші орын Қолғанат Мұратқа – Apple iPad планшетін, «Жатақхана – өз үйім» блогымен екінші орын Баубек Жаппасұлына – Samsung Galaxy S5 смартфонын, «Пәтер іздеу» блог-өлеңімен үшінші орын иеленген Есей Жеңісұлына Nano шағын планшетін табыс етті.

«КВАРТИРАНТ БОЛУ ДӘСТҮРІ»

Блог байқаудың бас жүлдесіне ие болған Қолғанат Мұрат Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында драматургия мамандығы бойынша төртінші курста оқиды.

– Мен блогымда қаладағы үйі барлармен үйі жоқтардың арасындағы әлеуметтік теңсіздікті сөз еттім. Көп адам мән бере бермейді – шындығында басында баспанасы бар қаланың тұрақты тұрғынын пәтерде жүргендер жек көре бастады. Бұл күндердің күнінде үлкен мәселеге айналып кетуі мүмкін, – дейді Қолғанат Мұрат.

Байқауда екінші орын алған оқырман Баубек Жаппасұлы – Қарағанды облысы Сәтпаев қаласының тұрғыны. Ол – экономика мен қаржы саласының маманы.

– 1997 жылдан бері жатақханада тұрып келемін. Университетте оқып жүргенімізде сабақ беретін ұстаздарымыздың бірі 50 жасында жеке баспаналы болғанын айтқанда таң қалған едім. Қазір сол ағамыздың күйін өзім кешіп жүрмін. Бірақ болашақта бір пәтерге қол жеткізетінімнен үміт үзбеймін, – дейді Баубек Жаппасұлы.

Үшінші орын иегері, алматылық ақын әрі журналист Есей Жеңісұлы «өмір бойы өлең ғана жазып келе жатқандықтан» өзін толғантқан пәтер мәселесін де блог-өлең арқылы жеткізуді жөн көргенін айтады.

– Квартирант болу тек менің ғана басымдағы мәселе емес, көп адамның соңғы үшінші-төртінші ұрпағынан жалғасып келе жатқан дәстүр, – дейді ол.

Сайттың қазақша бетінде қазанның 21-і мен қарашаның 30-ы аралығында өткен байқауға 34 автор қатысып, олардың қайсысы үздік екенін оқырмандардың өздері Азаттық сайтының байқау парақшасындағы сауалнама арқылы дауыс беріп анықтаған. Бұл дауыс қорытындысына Facebook, Google+, Twitter мен МойМирдегі ұнату және бөлісу саны да қосылған.

Азаттық сайтының орысша бетіндегі «Мечта квартиранта» байқауы желтоқсанның 15-іне дейін созылып, жеңімпаздар жоғарыдағыдай тәртіппен анықталған. Орыс тілінде жазылған 10 блог авторлары арасынан бірінші орынды – Ольга Светлова («Секрет»), екінші орынды – Алия Токтар («В роли и арендатора и съемщика квартиры»), үшінші орынды – Абылайхан Сматуллаұлы («На пути к мечте») иеленген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG