Accessibility links

Басқа балалар секілді «аю келді», «қасқыр жейді» дегенге емес, «хозяин келді» десе, қатты қорқатын. Ол уақыт өте әдетке айналып кетті.

Досым Жеңісбектің тұңғышы Айбар Қалқамандағы жалдамалы аядай ғана бір бөлмелі пәтерде жөргекке оранып, бесікке салынды. Екпіндеп екі аттасаң, есікке жететін кішкентай үйге қонақ боп біз де жиі бас сұғатынбыз, шілдеханасын сонда өткіздік. Еркін еңбектеуге келмейтін пәтерден бала да жалықса керек, кейде мазасызданып жылай беретін...

Кейін олар "Думан" ықшамауданына көшті. Ондағы бөлмені алдыңғысынан сәл үлкендеу дегеніңіз болмаса, өзіндік шектеулері жетерлік еді. Ол кезде Айбар ес біліп жүгіріп жүрген. Мұндағы пәтер иесі қаталдау адам болып шықты. Ойын баласының үй айнала жүгіруін, тепкен добының қабырғаға тиіп кетуін қаламай қатты жек көретін, ренжіп ұрса жөнелетін, содан да болар пәтер ақыны алар кезде жан алғыштай қабағын түйе келетін. Айбар қорқып әкесінің етегіне тығылып, қожайын үйден кеткенше үнсіз қалатын. Басқа балалар секілді «аю келді», «қасқыр жейді» дегенге емес, «хозяин келді» десе, қатты қорқатын. Ол уақыт өте әдетке айналып кетті...

Арада бірер жыл өтті. Жекең Бесағаш ауылынан жекеменшік жер алып үй салды, сонда көшті. Ал Айбардың көкейіндегі өзекті сауал сол күйі біраз уақыт сақталды. Ол өздерінің меншігіндегі жерге қорғана басып баратын, жалтақтап айналасына қарағыштай беретін, сыртқа көп шыға алмай айналсоқтап үйде жүретін. Әкесі оған «балам, бұл арада хозяин жоқ, үй мен жердің иесі біз боламыз» деп күніне әлденеше рет түсіндірді. Бірнеше айдан кейін ғана "хозяиннің" шын келмесін білген Айбарға батылдық біте бастады.

Бір күні Айбардың айғайға ұласқан бала дауысы қатттырақ естілді. Жекең аулаға жүгіріп шығып құлақ түрді.

– Ағай, бұл арадан жүрмеңіз, бұл деген біздің жер ғой, жүрмеңіз деймін, жүрмеңіз...

Шынында, бұл жердің ендігі иесі Жеңісбек пен Айбар еді...

Ал біз болсақ, әлі күнге тар пәтерде қорғаншақ, жасқаншақ болып өскен ұрпақтан батылдық пен құлдық санадан тыс еркіндікті күтумен жүрміз...

Жарқын СӘЛЕНҰЛЫ

Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG