Accessibility links

«Аяғынан неге атпады?»


Желтоқсанның 17-і Шетпедегі толқу кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші Төребек Төлегеновтың құжатқа түскен суреті.

Желтоқсанның 17-і Шетпедегі толқу кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші Төребек Төлегеновтың құжатқа түскен суреті.

Азаттық тілшісі Шетпе станциясында болған толқу кезінде полиция қолынан оққа ұшқан Төребек Төлегеновтың Маңғыстау облысы Жармыш ауылындағы үйінде болған еді. Марқұмның әкесі ұлының басын сүйеп отырғанда өзіне де оқ атылғанын айтады.


Маңғыстау облысындағы толқу кезінде қаза болғандардың бірі – 30 жастағы төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт сөндіру қызметінің сержанты Төребек Төлегенов. Желтоқсанның 22-сі күні Азаттық тілшісімен тілдескен туыстарының айтуынша, ол қызметін атқару кезінде қаза болды.

ҚАРАЛЫ ҮЙДЕ

Төребек Төлегеновтар отбасының тұңғышы екен. Ата-анасы келін түсіруге дайындалып жүргендігін айтады. Оның әкесі 55 жастағы Жәнібек қазір жұмыссыз. «Қаражанбасмұнай» компаниясының құрамындағы «Арғымақ сервис» компаниясы оны жұмыстан босатқан. Себебі белгісіз. Баласы жайлы айтқанда әкенің көзінен аққан жас тарамдап бетін жуды.

- Кезекті ауысымнан келген баламды сол күні қосымша күш керек деп жұмысқа кері шақырды. Арнайы киімін киіп кеткен еді. Қызметтік арнаулы көлігі болмаған соң такси жалдап барған. Кетіп бара жатқанда басынан тиген оқтан қаза болды, - деді Жәнібек Төлегенов Азаттық тілшісіне.
Шетпеге кіріп келгенімізде ештемеге түсінбей қалдық. Ешқандай ескерту болған жоқ. Бізге оқ жаудыра бастады. Біреуі машинаны тесіп өтті. Біз жеткенде Төребек жүріп кетіпті.

Баласына оқ тигені туралы хабарды естіген соң ата-анасы бірден Шетпеге қарай жол тартқан. Оларды Жәнібектің інісі Мейірбек Көпбаев көлігімен апарған екен.

- Шетпеге кіріп келгенімізде ештемеге түсінбей қалдық. Ешқандай ескерту болған жоқ. Бізге оқ жаудыра бастады. Біреуі машинаны тесіп өтті. Біз жеткенде Төребек жүріп кетіпті, - деді Мейірбек Көпбаев.

Жәнібектің айтуынша, оқ тиіп жатқан баласының басын сүйеп отырғанда оның өзін аяғынан атқан екен.

- Маған атылған оқ балағымды тесіп өтті, - деп ол шалбарын көрсетті. - Ал мынау баланы атқан гильза. Аудан әкімі келіп кетті, қасына ертіп алған ауылдың бетке ұстарлары бар. «Менің қой деп айтуға құқым жоқ еді» деді.

Ішіне шері сыймаған анасы Зерік Тауасарова еңіреп баласына жоқтау айтты.

«Бармағы кетті-ау тісінде,
Арманы кетті-ау ішінде.
Аяғынан неге атпады?
Қолынан неге атпады?»

- Баламның қазасы ел президентінен бастап аудан, ауыл әкімдерінің мойнында деп санаймын, - деді зарлаған ана.
Зерік Тауасарова (сол жақта), Шетпе станциясында желтоқсанның 17-і күнгі полициямен қақтығыс кезінде қаза тапқан Төребек Төлегеновтың анасы жоқтау айтып отыр. Шетпе, Маңғыстау облысы, 22 желтоқсан 2011 жыл

Зерік Тауасарова (сол жақта), Шетпе станциясында желтоқсанның 17-і күнгі полициямен қақтығыс кезінде қаза тапқан Төребек Төлегеновтың анасы жоқтау айтып отыр. Шетпе, Маңғыстау облысы, 22 желтоқсан 2011 жыл


Жәнібек Төлегеновтың айтуынша, сол күні жаралы адамдарды таситын жедел жәрдем көлігі де бензині болмағандықтан шықпай қалған.

- Жігіттер жараланғандарды арқалап тасып жатты ауруханаға. Жиналғандар жолаушылар пойызына шабуыл жасамаған. Бірақ полицейлер көрінгеннің бәрін ата берген. Неге? - деді ол.

Үйдегі жылау толастаған жоқ. Төребектің жеңгесімін деген Зәуре есімді келіншек ауруханада иығынан жараланған он жасар баланы көргенін айтты. Оны анасы дүкенге жұмсаған екен.

- Қайным текке өлді, оқ қақ маңдайынан тиген, - деді Зәуре марқұм Төребек Төлегенов туралы.

«ОЛ АР ЖАҚТАН БОЛДЫ»

Шетпедегі жағдайға түсініктеме берген жол полициясының подполковнигі Серік Қожаев бір топ жас жігіт темір жолды бөгеп, бұзақылық жасады деп санайды. Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары полковник Хайдар Сарин жиналған жұртқа оқ жаудырғанын Азаттық тілшісіне ашық айтты.

- Шетпеде өлген жігіттің аты-жөні құпия емес - Төребек Төлегенов. Ол - өрт сөндіру қызметінің сержанты. Бірақ, ол ар жақтан болды, - деп ерекше ескертті Хайдар Сарин. -Өмірімізге қауіп төнгенде тізімдік қаруды қолдануға құқымыз бар.

Серік Қожаевтың айтуынша, оқ ату туралы желтоқсанның 16-сы күні берілген орталықтандырылған бұйрық бар. «Бірақ, алдымен аспанға атып, ескерту жасалды» деді ол.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG