Accessibility links

Шерлі оралманның шыдамды ұл-қызы


Жеңісгүл Ермұхаметтің балалары. Астана, 29 шілде 2015 жыл.

Жеңісгүл Ермұхаметтің балалары. Астана, 29 шілде 2015 жыл.

Көп балалы оралман әйелдің баспанасыздыққа налып, президент резиденциясы алдында наразылық акциясын өткізуі туралы хабар дайындаған Азаттық тілшісінің өзін полиция күшпен көлікке тықты.

Сол қолым артқа қалай қайырылып кеткенін байқамай да қалдым. Оң қолымдағы камера-телефонды жұлып алды. «Полицияға қарсылық көрсеткенің бе?!» деп жатыр жұлқылай жөнелгендер. «Қолды қайырма!» дегенім қарсылық па? Шағын автобусқа күштеп итеріп бір-ақ тықты. Аң-таңмын. Қаңбақ секілді қаңбалақтап қалғаныма. Жеңісгүл Ермұқаметқызы жеті баласымен (бір баласы сол сәтте кетіп қалған екен) автобусқа кіріп үлгеріпті. Әп-сәтте олардың мұнда қалай кіргенін байқамадым. Әйтпесе бір сағатқа жуық Ақорда алдындағы кіре берісте полицияның да, тілшіге аты-жөнін атағасы келмеген мемлекеттік қызметкерлердің де "үйіңізге қайтыңыз" деген үгіттеріне көнбеген еді.

Жеңісгүл президент Нұрсұлтан Назарбаевпен немесе "үлкен билігі бар біреумен" сөйлеспек болған. Полиция оған азаматтарды қабылдау тәртібін айтып әлек. Негізі президент әкімшілігіне хат тапсыратын, жеке азаматтарды қабылдайтын орын Ақордада емес, Үкімет және Министрлік үйінің ғимаратында. Бірақ бұл сөзге Жеңісгүлдің иланғысы жоқ. «Үкімет пен әкімдікке барып жалыққан». Ал оқиға орнына шайқала басып жетіп, оралман қазақ әйелге қолдарын кеудесіне айқастыра қойып тұрып орысша сөйлеген мемлекеттік қызметкерлердің тілегі жалғыз – президентпен резиденция алдында кездеспек болған көп балалы ананы жылдамырақ Ақорда алдынан алып кету.

Жеңісгүл Ермұхамет сегіз баласын ертіп Ақорданың алдына келді. Астана, 29 шілде 2015 жыл.

Жеңісгүл Ермұхамет сегіз баласын ертіп Ақорданың алдына келді. Астана, 29 шілде 2015 жыл.

Ақыры автобус келді. Ешкімге бөгет жасамай, 25-30 метр қашықтықта оқиға желісін видеоға түсіріп тұрғам. Оған дейін полиция 4 рет құжатымды тексеріп, ешқайсысы түсіруге тыйым салмаған еді. Енді, міне, күтпеген жерден еріксіз автобустың ішінде кетіп барам. «Есіл аудандық ішкі істер басқармасына» деген дауыс естілді автобус ішіндегі рациядан. Ішімнен «сонда барып, арыз және полиция сындырған штатив-моноподтың сынғанын жазып кетермін» дедім. Жарты жолға жетпей жатып, рациядан «Есіл емес, Алматы аудандық ішкі істер басқармасына барыңдар» деген дауыс естілді. Автобус кері бұрылды. Ақбұлақтың көпірінен түсе бергенде рация қайтадан «тірілді». «Ана журналисті түсіріп кетіңдер!» Шағын автобус кілт тоқтады. Алдында отырған бес тәртіп сақшысы маған қарап, «түс» деп бұйырды.

– Түспеймін!

– Неге?

– Басқармаға барып, арыз жазуым керек. Штатив жұмыстікі. Сынған мүлікке ақы төлер жайым жоқ.

– Жаяу барып жаз. Сені біз емес қой автобусқа отырғызған.

– Мен өзім отырдым ба, сонда?

– Білмейміз. Біз емес.

– Енді кім?

– Білмейміз. Полиция шығар, әлде, күзет шығар.

– Ал, сіздердің қызметтеріңіз қалай аталады?

– ... Осы жерден түсіп қал!

– Күштеп отырғызасыңдар. Штативті сындырасыңдар. Енді жарты жолдан түсіріп кетпексіңдер ме? Жоқ бірге барып, арыз жазам.

Шұбар киімдегі тәртіп сақшыларының жасы үлкендеуі рациядан менің түспей қойғаным жайында есеп беріп жатыр. Сәлден кейін рациядан «РОВД-ға емес, Алматы ауданы әкімдігіне барыңдар» деген сөз естілді.

Сонымен Астанадағы Алматы ауданы әкімдігінің алдына келіп тоқтадық. Төрт тәртіп сақшысы «келдік, түсіңдер енді» деп артқы жаққа бет алған еді, менен кейін отырған Жеңісгүл апай баж ете қалды. Шошып кетіп, артыма жалт қарадым. Соңғы қатарға қысыла тұрып, жыланнан балапанын қорғаған күрке тауықтай балаларын бауырына басып алыпты. «Жоламаңдар! Түспеймін! Әкімдіктің алдына тастап кетіп, ақымақ жасамақсың ба?! Апарсаң, Ақордаға қайтадан апар! Болмаса түрмеңе қама! Жақындасаң өлесің» деп айғайлай жөнелді. Тәртіп сақшылары тосылып қалды.

– Атың кім?

– Дауылпаз,– деп ұяла жауап берді 4-5 жас шамасындағы ер бала.

– Мұқағалидің туған күні дүниеге келген. Дауылпаз ақындай болсын деген ырыммен қойдық,– деп сөзге араласты артқы жақта отырған Жеңісгүл.

– Ал сенің атың кім?

– Оның аты Байтайлақ. Кенжеміз. Екі жаста. Байтайлақ Жәнібек батырдың белгілі қолбасшыларының бірі болған. Атамыз. Текті жердің ұрпағы бұлар, – деп сөзге және араласты Жеңісгүл.

– Мына бала екіде ме? Тфә-тфә, нағыз «Қазақстан барысы» болатын жігіт қой мынау, – деп автобус ішіндегі тәртіп сақшылары әңгімеге қосылды. Көп ұзамай жасы кіші балалар олармен ойнап кетті.

Жеңісгүл қызы Айдидар мен ұлы Ұлағатын Қытайда босанған екен. 2004 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданына көшіп келіп, азаматтық алған. Қазақстанда алғаш босанған ұлын "ұлылыққа балап" Мұхаммет, оның інісін "сайын даланың сарбазы болсын" деп Сайыпқыран атапты. Қытайда 20 жыл геолог болып, меруерт, алмас тас іздеген отағасы Мұхамеди «нағыз меруерт пен алмасты Қазақстанға келгенде таптым» деп келесі қызын Меруерт, ұлын Алмас атапты.

Жеңісгүл Ермұхаметтің кенже ұлымен ойнап отырған автобус жүргізушісі. Астана, 29 шілде 2015 жыл.

Жеңісгүл Ермұхаметтің кенже ұлымен ойнап отырған автобус жүргізушісі. Астана, 29 шілде 2015 жыл.

Шағын автобустағы полицейі бар, бала-шағасы бар, барлығы 14 жан осылай таныса бастадық. Бірақ, кезек тәртіп сақшыларына келгенде жігіттер аты-жөндерін атауға құлықты болмай шықты. Қызметтері нақты қалай аталатынын, тіпті қай өңірдің тумасы екендерін де айтқысы келмеді. Суретке түсуге де қашқақтады. Есесіне күйеуін «үлкен кісі», «батыр азамат» деп жиі-жиі мақтаған Жеңісгүлдің сөзін түсіністікпен тыңдағандай сыңай танытты. 67 жастағы отағасы Мұхамеди он шақты күн бұрын ауруханаға түсіпті. Жеңісгүлдің айтуынша, Астана шетінде жалдап тұрып келе жатқан саяжайдағы баспанасы сүрілген соң қатты уайым кешкен.

– 2008 жылы дәрігерлердің қателігінен мүгедек болып қалды. Әйтпесе, бұрынғының батырына бергісіз кісі ол. Сөйлей алмай қалды. Ол кісі аман болса, кісіге күнім түспес еді, сегіз бала емес, бір ауылды Қытайда еркін баққан азамат, – деп күрсіне сөз сабақтады.

Жеңісгүлдің өзі сегіз баладан кейін басына 12 сағаттық ота жасатыпты. Бұрын зергерлікпен айналысқан екен, оған қазір денсаулығы, көзі жарамай қалыпты. 3-топтағы мүгедек. Ауылда жұмыс жоқтықтан жан бағу үшін Астанаға амалсыз келген. Көп балалы ана мен мүгедек жандарға жеңілдікпен берілетін пәтер кезегіне тұрғысы келген екен, әкімдіктер заңдағы 3 жылдық мерзімді айтып кезекке алмапты. Әр баласына берілетін жәрдемақы, мүгедектікке және «Алтын алқасына» берілетін ақшаны қосқанда 60 мың теңгеге жетпейді екен. Бұл ақшаның тең жартысы пәтер жалдауға кетіпті.

Ақорда алдындағы наразылыққа шыққан отбасыны ұстаған полицейлер. Астана, 29 шілде, 2015 жыл.

Ақорда алдындағы наразылыққа шыққан отбасыны ұстаған полицейлер. Астана, 29 шілде, 2015 жыл.

Осылайша автобус ішінде екі жарым сағат өткен соң Жеңісгүлді Алматы ауданы әкімнің орынбасары Әлихан Қуатбеков қабылдап, сыпайы сөйлесіп, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына баруға ақыл айтып шығарып салды. Бұл мекеменің жетекшісі «күтіп отыр» десе де, Ләззат Абуеваны бір сағаттан астам Жеңісгүлдің күтуіне тура келді. Таңертең президентпен жолықпақ болған Жеңісгүл түнге қарай әуежай жақтағы жатақхананың бір бөлмесіне уақытша орналасты. Кейіннен екі бөлмелі пәтерге (уақытша) ауысатындарына уәде берілді.

Тілшілік қызметтегі бір күнім осылайша өте шықты. Полицейдің күшпен автобусқа отырғызуы, одан жалынып түсіруге әлек болғаны, штатив-моноподтың сынғаны, арыз жазам деген ниет бәрі шайылып кеткендей. Перзенттерінің қамы үшін шырылдаған ананың зары, мемлекеттік қызметкерлердің біріне-бірі сілтеген әуресі бұрыннан көріп жүрген таныс іс. Бірақ, осы күні Жеңісгүлдің 16 мен 2 жас аралығындағы 8 баласының шыдамдылығы мені таң қалдырды. Таңғы сағат 10-нан кешкі 5-ке дейін бұл балалар бір ауыз су ішпеді, бір тілім нан жемеді. Және бала болып біреуі де жыламады. Кішкентай балалардың халін сұрауға билік өкілдері де ынта білдірмеді.

Қай бір жылы Астана-Бішкек арасына қатынайтын шағын автобусқа отырғам. Қасымдағы жолаушы Қазақстан, Қырғызстан арқылы 7 жыл аяқ баспаған отаны Өзбекстанға Ресейден келе жатқан беті екен. Жолаушының 3 және 5 жастағы Әмір мен Тимур атты балалары жол бойы (20 сағат) тапжылмай, жыламай, қозғалмай, ойнамай, тамақ, су сұрамай тып-тыныш отырған еді. Бөтен мемлекет жерінде әке-шешесімен бірге құжатсыз кетіп бара жатқан Әмір мен Тимур секілді өз отанының төрінде жүрген Айдидар, Ұлағат, Мұхаммет, Дауылпаз, Меруерт, Алмас, Сайыпқыран, Байтайлақтардың кісі жүзіне қарап шаттанып күле алмауы, бала болып еркелеп жылай алмауы көңіліме ауыр тиді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG