Accessibility links

Азаттықтың «жиһадшы қазақтар» туралы мақаласы ашылмай қалды


"Сирияда соғысып жүрген қазақстандық жиһадшылармыз" деген азаматтар. («ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот).
"Сирияда соғысып жүрген қазақстандық жиһадшылармыз" деген азаматтар. («ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот).

Оқырмандар 21 шілде күні таңертеңнен бері «Сириядағы жиһадшы қазақтар» видеосы туралы мақаланың орысша нұсқасын оқи алмай отыр.

Алматылық Ернар Тұрғанбаев шілденің 21-інде Азаттыққа хабарласып, сайтымызда кеше жарияланған «Сириядағы «жиһадшы қазақтар» туралы тағы бір видео тарады» деген мақаланың орысша нұсқасын аша алмай отырғанын айтты.

– Мақала интернетте ашылмай тұр. Ал ұялы байланыспен, арнайы анонимайзермен еркін ашылады, – дейді ол.

IT-маманы Ернар Тұрғанбаев «сайттың ішінде қателік болса, бәрінде бірдей ашылмай қалар еді, сондықтан бұл мақала бұғатталған» деп болжайды.

Азаттыққа Астана, Шымкент, Көкшетау сияқты ірі қалалардан хабарласқан оқырмандар да ол мақаланы ашып оқи алмағандарын айтып шағымданды.

«...МҮМКІН»

Азаттық тілшісі мұның себебін білмекке елдегі ірі интернет провайдерінің бірі «Қазақтелеком» компаниясына хабарласқан еді. Компания жеке мақаланың ашылмай қалуына жауапты емес екендерін айтады.

– Сайт қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Біз сот шешімі болған жағдайда ғана бүкіл сайтты өшіріп тастаймыз. Ал жеке мақаланың ашылмай қалуы сайттың ішкі қателігінен болады. Немесе сайт жұмысын

Азаттықтың ашылмай тұрған мақаласының скриншоты. 21 шілде 2014 жыл.
Азаттықтың ашылмай тұрған мақаласының скриншоты. 21 шілде 2014 жыл.

өте жақсы білетін белгілі бір адамдардың тарапынан жасалған әрекет болуы мүмкін, – дейді «Қазақтелеком» компаниясының аты-жөнін айтпаған өкілі.

Сайттағы «жиһадшы қазақтар» туралы мақаланың ашылмай тұрған себебін байланыс және ақпарат агенттігінен де сұрап көрдік.

– Сайт жұмысын жабу туралы сот шешімі шыққан жағдайда ғана прокуратурамен бірігіп сайттардың жұмысын тоқтатуға әрекет жасаймыз. Ал сіздердің сайттарыңыздың бір материал ашылмаса, ол сайттың ішкі ақауынан болуы мүмкін, – деп жауап берді агенттіктің баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне.

Өздерін «Сирияда жүрген жиһадшылар» деп таныстырған азаматтардың видеосы жайлы шілденің 20-сында жарияланған мақала Азаттықтың Алматы бюросында да ашылмағанымен, шетелдерде еш кедергісіз оқылып тұр.

Мұндай оқиға жуықта, мамырдың 29-ы күні Астанада Еуразия экономикалық одағын (ЕАЭО) құру келісімге қол қойған күні де болған. Сол күні Азаттықтың ЕАЭО-ға қатысты бірнеше мақаласы Қазақстанның бірқатар аймағында ашылмай қалған.

XS
SM
MD
LG