Accessibility links

Қазақстан мен Әзербайжан толқуды екі бөлек басты


Әзербайжандағы жаппай тәртіпсіздіктер. Құба, 1 наурыз 2012 жыл.

Әзербайжандағы жаппай тәртіпсіздіктер. Құба, 1 наурыз 2012 жыл.

Әзербайжан полициясы мен әскері кеше Құба ауданында болған шеруді басу үшін резеңке оқ пен газ қолданды. Бүгін әлеуметтік желілердегі қазақстандықтар Құбадағы ереуілді Жаңаөзен оқиғасымен салыстырып, қызу талқылап жатыр.


Кеше Әзербайжандағы Құба ауданының халқы әкімшілік басшысы Рауф Хабибовтың қызметтен кетуін талап етіп шеру өткізіп, оның соңы тәртіпсіздікке ұласқан еді.

Шеруге шыққан азаматтар Рауф Хабибовтың бірнеше күн бұрын аудан тұрғындары жайлы айтқан астам пікіріне наразы болған. Хабибов ол сөзінде Құба ауданы халқын «халқын, отанын, отбасын сатқандар» деп айыптап, «бұлар жерлерін 30-40 манаттан сатады» деген.

Қазақстанның оппозициялық саясаткерлері мен қоғам белсенділері Құбадағы толқуды Жаңаөзен оқиғасымен ұқсас деп бағалады. Бірақ соңғы сайлауда парламентке өткен Қазақстан коммунистік халық партиясының жетекшісі, мәжіліс депутаты Владислав Косаревтің ойынша, екі оқиғаны салыстыруға болмайды.

Олар екі елдегі халық толқуы мен «жаппай тәртіпсіздік» кезіндегі билік әрекетінің екі түрлі болуына қатысты түрліше пікір білдірді.

«ТМД ЕЛДЕРІНЕ ЖАҢАӨЗЕН САБАҚ БОЛДЫ»

Халық толқыған кезде тәртіпсіздікті басу үшін қолданылатын тәсілдер «мемлекеттің өркениет деңгейіне байланысты анықталатынын» айтқан «Азат» ЖСДП тең төрағасы Жармахан Тұяқбай Жаңаөзен оқиғасынан ТМД елдерінің өкіметтері сабақ алды деп ойлайды.
"Азат" ЖСДП тең төрағасы Жармахан Тұяқбай. Алматы, 8 қыркүйек 2011 жыл.

"Азат" ЖСДП тең төрағасы Жармахан Тұяқбай. Алматы, 8 қыркүйек 2011 жыл.


- Мен Әзербайжанда демократиялық билік жүйесі бар деп айта алмаймын. Бірақ сонда да халыққа қару қолдану мәселені шешудің жолы емес екеніне олардың көзі жетті, - деді Тұяқбай.

«Кенесары хан» қорының президенті, саясаткер Уәлихан Қайсар бұл пікірмен келіспейді.

- Осыдан бірнеше жыл бұрын Өзбекстанның Әндіжан провинциясындағы толқуда да (2005 жылы – ред.) халыққа қарсы оқ атылған. Бірақ ол оқиғадан ТМД елдерінің басшылары сабақ алған жоқ. Оқ ату Қазақстанда қайталанды. Кейбір сарапшылардың айтуынша, Әндіжанда 5 мыңға жуық адам қаза тапты. Ресми мәліметке сүйенсек, 170 адам. Бірақ ол басқа елдерге сабақ болған жоқ қой. Мысалы Қазақстанға сабақ болған жоқ, - деді Қайсар наурыздың 2-сі күні Азаттық тілшісіне.

«ЕЛ БАСҚАРЫП ОТЫРҒАН АДАМҒА БАЙЛАНЫСТЫ»

Уәлихан Қайсардың ойынша, халық толқуларын басу тәсілдері ең әуелі сол елді басқарып отырған адамға, оның жасы мен тәжірибесіне байланысты.

Жастық шағын Советтік кезеңде өткізген Әзербайжан президентінің жаңашыл екенін айтқан Уәлихан Қайсардың ойынша, «Қазақстан президенті «ескішілдіктен» арыла алмай отыр».
Саясаткер Уәлихан Қайсар. Астана 8 ақпан 2011 жыл.

Саясаткер Уәлихан Қайсар. Астана 8 ақпан 2011 жыл.


- Қазақстанды алатын болсақ, кеңес дәуіріндегі қағидалар ел басқарып отырған адамның қанына әбден сіңіп кеткен. Бұрынғы коммунистік заманда пайдаланылған саяси тәсілдерді әлі қолданып отыр. Менің ойымша, оны өзгертуге шамасы да жоқ, - дейді Уәлихан Қайсар.

Оның айтуынша, Әзербайжанның жас президенті Ильхам Әлиев өзінің саяси карьерасына да, биліктен кеткеннен кейінгі репутациясына да алаңдайды.

- Ильхам Әлиев әлі жас болғаннан кейін, алда әлі өмір сүру керек деп, елінің алдында жауапкершілікке тартылмайын деп, оқ пайдаланған жоқ, - деді Уәлихан Қайсар.

«ЖАҢАӨЗЕН МЕН ҚҰБАНЫ САЛЫСТЫРУҒА КЕЛМЕЙДІ»

Мәжіліс депутаты Владислав Косаревтің пікірінше, Жаңаөзен мен Құба ауданындағы жағдайды салыстыруға болмайды. Себебі, бұл екі толқу - бір-біріне ұқсамайтын, табиғаты бөлек толқулар.

- Өмірдің өзі сан қилы ғой. Ол (тәсіл – ред.) қай жерде қандай басшы екеніне, жағдайдың өзіне, оның өршу деңгейіне байланысты. Сондықтан әр жерде әр қалай. Төбелесте не болатынын болжау қиын ғой, - деді Владислав Косарев.
Қазақстан коммунистік халық партиясының жетекшісі Владислав Косарев. Алматы, 12 қаңтар 2012 жыл.

Қазақстан коммунистік халық партиясының жетекшісі Владислав Косарев. Алматы, 12 қаңтар 2012 жыл.


Ал саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, тәртіпсіздіктерді басудың тәсілі ел билігінің ұстанымына байланысты.

«Қазақстанда халықты қорқытып-үркітіп ұстау, басып-жаншып ұстау саясатының» жүргізіліп отырғанын айтқан ол «өркениетті елдерде ұстаным басқа» деді.

- Өркениетті елдерде де асыра сілтеушілік болатын шығар. Бірақ бұйрық берген адамдар да, соны жасаған адамдар да ертеңінде темір тордың ар жағынан бір-ақ шығады, - деді Дос Көшім.

ЗАҢДА БАР, БІРАҚ ОРЫНДАЛМАЙТЫН ӨРКЕНИЕТ ҚАҒИДАЛАРЫ

Дос Көшім Қазақстанның заңында өркениетті елдерде бар қағидалар жазылғанымен, іс жүзінде орындалмайтынын айтты.

- Жалпы Нюрнберг процесінен кейін, яғни фашистік Германия жеңілгеннен кейін бұйрықты берушілер ғана емес, бұйрықты орындаушылар да жазаланады деген халықаралық бір ұстаным пайда болды. Ал бізде әлі күнге дейін «ойбай бұйрық берді ғой, біз ат десе - атамыз, шап десе - шабамыз» дейді. Негізі, бұйрық бергенді де, орындаушыны да жазалау біздің де заңдарымызда қарастырылған. Егер берілген бұйрық адам құқығына қайшы, әділетсіз болса, оны орындамауға полицейлердің, тағы басқа шенеуніктердің құқықтары бар, - деді Көшім.
Дос Көшім, "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.

Дос Көшім, "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы. Алматы, 19 қазан 2011 жыл.


Оның айтуынша, «өкінішке қарай әлі күнге дейін Қазақстанда халықтың билікке қарсылығы мемлекетке қарсылық болып есептеліп келеді. Өркениетті елдерде олай емес».

Қазақстанның ұстанып отырған бұл бағыты қауіпті екенін айтқан Дос Көшім «Қазақстан билігінің Жаңаөзен оқиғасынан сабақ алмай отыр» деді.

- «Еш жерде ешқашан оқ атылмасын» деген сөзді Президенттің аузынан әлі күнге естіген жоқпыз. Керісінше бұлар «қару заңға сәйкес қолданылды» деп Жаңаөзендегі оқ ату мәселесін ақтауға тырысып отыр. Демек бұл қайталанады деген сөз, - деді Дос Көшім.

2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласында үкімет күштері мен ереуілшілер арасында қақтығыс болып, полицейлер атқан оқтан 16 адам қаза тапқан еді. Ертеңінде, желтоқсанның 17-сінде Шетпе тұрғындары "Алматы-Маңғыстау" пойызын тоқтатып тастап, полиция мен тұрғындар арасында болған қақтығыста полицейлер атқан оқтан бір адам қаза тапты. Қазір Жаңаөзеннің 29 азаматы, Шетпенің 11 азаматы қамауда отыр.

Әзербайжанның Құба ауданындағы халық толқуының бір сәтін мына видеодан көре аласыз:
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG